Бұрынғы саясаткер Ғабидолла Әбдірахымов өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Шымкенттің бұрынғы әкімінің айтуынша, оған құқық қорғау органдарынан ешқандай хабарлама келмеген.
«Шынымды айтсам, ешқандай іс туралы хабарым жоқ. Ешкім ешқайда шақырған жоқ (жауап алуға – авт. еск.), маған ескертпеді. Әлеуметтік желіде жазылғандар бос сөз. Бұған менің еш қатысым жоқ. Бұл не үшін жасалғанын білмеймін.
Ол адам – қарапайым кәсіпкер, Қазақстанда ондайлар көп. Мен көп кәсіпкерді білемін. Бірақ ол адаммен ешқандай қатысым болған емес. Онымен мүлдем байланыста болған жоқпын. Әрине, өмір бойы, дәлірек айтсақ, 22 жыл мемлекеттік қызметте болдым. Мен де басқалар сияқты бұл бизнесмендерді мемлекеттік қызметкер ретінде ғана білуім мүмкін», – деді Әбдірахымов.
Сондай-ақ, ол ауыр қылмыс жасады деп айыптау «өз алдына қылмыс екенін» атап өтті.
«Неге адамдар мұндайға жол береді. Бұл ақпаратты жариялаған Козачков мырза маған хабарласпады. Кеше Бас прокуратура да ақпаратты теріске шығарды. Бірақ олар әлі тынышталмай отыр. Маған біреу «тапсырыс» берген сияқты. Бірақ мұның не үшін жасалып жатқанын білмеймін», – деп қосты экс-әкім.
Әбдірахымов қазір Нұр-Сұлтанда тұратынын, кәсіпкерлікпен және «кейбір жобаларымен» айналысып жатқанын айтты.
Басып шығару