Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Азамат Айтхожин ұлттық құраманың 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу аясындағы соңғы ойында Франциядан жеңіліс тапқанына қатысты пікір білдіріп, федерацияға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы туралы, ұлттық құрамаға ойыншылар резервінің жоқтығы туралы және мемлекеттік қаржыландырудан бас тарту шешім туралы айтты.
Азамат Айтхожин футболдан Қазақстан құрамасының тарихтағы ең ірі жеңілісін көптеген жетекші ойыншылардың болмауымен және жалпы ұлттық құраманың резервінің жоқтығымен байланыстырды.
– Біріншіден, Франциямен ойындағы сәтсіздік үшін отандық жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Біз әрбір жеңілісті ауыр қабылдаймыз. Тағы бір айтарым, негізгі құрамдағы ойыншылардың көпшілігі жарақатына байланысты Парижде ойнай алмады. Бүгінгі таңда бізде ұлттық құраманың резерві жоқ екенін айта кеткен жөн. Команда көшбасшыларын ауыстырған ойыншылар халықаралық деңгейде ойнауға әлі дайын емес, – деді Айтхожин.
Азамат Айтхожин қоғамда айтылып жатқан сынға да ашық жауап бере алатынын айтты. Оның айтуынша, келесі жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттік құрылымдар тарапынан жасалатын қаржыландырудан бас тартады.
– Қоғамда айтылып жатқан сынға келетін болсақ, мен ашық айтайын. Биыл және өткен жылдары Қазақстан футбол федерациясына мемлекет бюджетінен 200 миллион теңге бөлініп, ол түрлі жастағы (U17, U19, U21), Blind-Football (зағип жандарға арналған футбол), әйелдер, жағажай және футзал командаларының оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға және жарысқа қатысуы үшін жұмсалды. Қандай миллиардтар туралы айтып отырғанын түсінбедім?
– Келесі жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттік құрылымдар тарапынан жасалатын қаржыландырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Ұйым УЕФА-дан түскен қаражат есебінен, сондай-ақ демеушілерден ақша тарту арқылы қаржыландырылады. Сондықтан ұлттық құраманың сәтсіздігінен кейін өзін жарнамалағысы келетін сыншыларға айтарым, тым болмаса мәселені тереңінен түсініп көріңіз, бос сөз айтпас бұрын материалды зерттеңіз. Біздің елде футбол әрқашан болған және әрі қарай да бола береді. Бұл миллиондаған адамдар қызығатын бірінші спорт түрі. Әрине, оны жаңа деңгейге көтеру үшін уақыт пен футболға бей-жай қарамайтындардың қолдауы қажет, – деді ол.
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Ұлттық құрамаға қолдау көрсетуді сұрап, алдағы уақытта бас бапкермен кездесу өткізетінін баса айтты.
– Ұлттық құрама жеңіске жеткенде, кешегі таққан айыптарыңды ұмытып, үнемі қолдадым дейсіздер. Сондықтан жеңілген күнде де, жеңіске жеткен кезде де әрқашан командамен бірге болу керек. Сондай-ақ алдағы уақытта ұлттық құраманың бас бапкерімен бірге қоғамды толғандырып жүрген сұрақтарға жауап беру мақсатында жетекші спорт журналистерімен кездесу өткізетінімізді айта кетейін, – деді Айтхожин.
Басып шығару