ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы вакцина алған азаматтарға қайта екпе салу 22 қарашада басталатынын мәлімдеді.
Ревакцинация 22 қарашадан бастап екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезекте тәуекел тобындағы адамдарды вакцинациялау үшін биыл жыл соңына дейін алғашқы екпе алған мерзімін ескере отырып, медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, жабық балалар мекемелерінің қызметкерлері, әлеуетті құрылымдардың қызметкерлері қайта екпе алатындардың қатарына жатады, - деді Денсаулық сақтау министрі Үкімет отырысында.
Үкімет басшысы Мамин вакцина салу пункттерінің, медициналық ұйымдардың және медицина қызметкерлерінің дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Балалардың, жүкті және бала емізетін әйелдердің коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияға қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында 4 миллион 230 доза вакцина сатып алынды, бұл 2 миллион 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Вакцинациялауға 12-ден 17 жасқа дейінгі балалар, жүктіліктің 16-37 аптасы мерзіміндегі жүкті әйелдер және босанғаннан кейін 42 күннен кейін бала емізетін әйелдер жатады. Comirnaty Pfizer вакцинасын сақтау ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстанның 16 өңіріне жеткізілген 34 бірлік тоңазытқыш сатып алынды. Сонымен қатар, қосымша 51 тоңазытқыш сатып алынды, қарашаның соңына дейін өңірлерге жеткізу жоспарланып отыр, - деді Цой.
Басып шығару