Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Қазақ әдебиеті» газетіне сұхбат беріп, жеке басына, жұмысына қатысты біршама жақсы сөздер айтыпты. Газеттің бас редакторымен Дәурен Қуаттың сөз бостандығы жайлы сұрағына министр ханымның берген жауабын ұсынуды жөн көрдік.
«Сұрағыңыздың астарын түсініп отырмын. Бүгінгі күні, өкінішке орай, сөз бостандығын ұран қылып, ұпай жинауды әдетке айналдыру белең алды. Жалпы сөз бостандығы ұғымын – түрлі деңгейде түсінуге және түсіндіруге болады. Ең бастысы Ата Заңымызда – азаматтарға сөз бостандығына кепілдік берілген. Әркім заң аясында өзінің ойын, пікірін еркін айтуға құқылы. Қазіргідей интернет заманында тіпті мәселе жоқ деп ойлаймын. Ал енді өзіңізге сұрақ қояйыншы. Мысалы осыдан 30 жыл бұрын қоғам, саяси режим қандай еді? Әрбір азаматтың еркін отырып, мемлекетті, Үкіметті, Президентті сынауға мүмкіндігі болды ма? Сын айтпақ түгілі, оны ойлаудың өзі қылмыс болып саналатын. Қазір бізде әркім өз пікірін әлеуметтік желіде, интернетте ашық айта алады. Сондықтан интернеттің игілігін пайдаланып отырған мемлекеттер қатарында біздің елді сөз бостандығы шектеліп, күшпен жаншылып отыр деу – шындыққа жанаспайды деп санаймын. Жалпы қазір бізде қоғамды демократияландыру процесі қарқынды жүріп жатқаны саяси сауаты бар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға айқын білінеді деп ойлаймын. Мемлекет Басшысының тікелей бастамасымен құрылған бір ғана «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» шеңберінде қаншама жаңашыл бастамалар іске асып үлгерді. Қоғамды ашық демократияға бастайтын Президенттің саяси реформалар топтамасы сәтті іске асуда. Олардың қатарында «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы», «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Заңдарды айтуға болады. Мұның барлығы қоғам тарапынан ең жиі айтылған саяси ұсыныстар болатын. Мемлекет Басшысының саяси ерік-жігерінің нәтижесінде ұсыныстар – нақты нәтижеге айналды. Сіз сұрағыңызда бұқараның баспасөзден көргісі келетіні – ашықтық, батылдық, ащы айтып, анық жазу дедіңіз. Осы жерде мәселенің екінші жағы шығады. Осы айтылған ұғымдар – әдеп, этика, жеке мәдениет сынды адами құндылықтармен үнемі ұштасып жата ма?! Сөз бостандығы – көрінеу жалған ақпарат тарату емес қой. «Ащы шындық» деген – қаңқу сөз шығарып, байбалам салып, аттандап, қоғамда дүрбелең туғызу емес. «Батылдық» – әлеуметтік желіде біреудің жеке басына тіл тигізіп, отбасының намысына тию емес. Әрине, сын әрқашан болуы керек және мемлекеттік органдар оған қашанда дайын, әрі ашық болуға міндеті. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Бірақ сынның – қисынға сыятын орынды болғаны, пікірдің – ой елегінен өткен пайымды болғаны дұрыс», - дейді ол.
Басып шығару