Стамбулда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған естелік монетаның тұсаукесері өтті.
Шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Стамбулдағы бас консулы Алим Байел, түрік сарайының директоры Абдулла Ясир Шахин, ғылыми орта өкілдері мен журналистер қатысты.
Өз кезегінде Абдулла Ясир Шахин Түркияның теңге сарайының тарихы 1467 жылдан бастау алатынын атап өтіп, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына осындай сыйлық жасау Түркия үшін үлкен бақыт екенін айтты.
Монетаның бет жағында Қазақстанның мемлекеттік туы мен түрік тілінде «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» деген жазу бейнеленген. Артқы жағында Қазақстан картасы орналасқан. Картаның ішінде «Qazaqstan» деп латын әріптерімен жазылған. Картада сақтар, ғұндар, Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы бейнеленген. Төменгі бөлігінде «Қошқармүйіз» ою-өрнегі бар.
Естелік монета ресми сатылымға шығады. Таралымы 3000 дана. Абзал Сапарбекұлы мен Алим Байел монетаны отандық, түрік және халықаралық коллекционерлер үлкен қызығушылықпен күтетініне сенім білдірді.
Басып шығару