Атыраудағы қуаңшылық: Мал мен балық жаппай қырылып жатыр
Атырау облысының Исатай ауданындағы каналдарға екі-үш жылдан бері жарытып су келмеген. Соңғы жылдары қар мен жауын-шашынның түсуі де сиреген. Аймақ тұрғындары мал мен балықтың қырылып жатқанын айтып дабыл қаққанымен, аудан басшылығы ешқандай шара қолданбай отырғанын алға тартады. Тұрғындар облыс әкімі М. Досмұхамбетовтың жағдайды тікелей өз бақылауына алып, ахуалды өз көзімен көруін талап етіп отыр.
«Былтырдан бері менің 17 бас малым өлді. Судың жоқтығы, қардың жоқтығы, канал табанындағы балшық себеп осының бәріне», - дейді аудан тұрғыны Құрманғали Мұхтаров.
«Бұл мәселені шешетін бір ғана жол бар: екі каналды мемлекеттік деңгейде қаражат бөліп, тереңдету және тазарту жұмыстарын жүргізу керек», - дейді аудан тұрғыны Талғатбек Тастанбеков.
Нарын каналын тазартып, тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін 1 миллиард 100 мың теңге қаражат қажет екен. Кейінгі он жылдықта аудан төңірегіндегі екі каналға мүлде көңіл бөлінбеген. Дереккөз: Atameken Business