Ақтөбе облысындағы тас жолда автобус аударылып қалды. Ақтөбе облысының полиция департаменті мәліметінше, апат 27 маусым күні Самара-Шымкент тас жолының 916 шақырымында, Бөгетсай ауылының маңында болған.
«Паз-32054» автобусының жүргізушісі жол жүрісі ережесін бұзып, қозғалысқа кедергі мен қауіп туындаған уақытта көлік құралы тоқтағанға дейін жылдамдықты төмендетпей, көлікті басқара алмай, жүріп бара жатып оң жаққа аударылып түсті, – деп хабарлады ПД өкілдері.
Айта кетейік, автобус Ақтөбенің Ырғыз ауданы, Калинин ауылынан отбасылық іс-шарадан қайтып келе жатқан. Үш адам «Қарабұтақ» трассалық медициналық-құтқару пунктіне көмекке жүгінді. Зардап шеккендер арасында жарақат алған екі адам және сүйегі сынған бір жолаушы бар. Олардың үшеуі де Ақтөбе жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді.