2021 жылдың 7-8 шілдесінде Нұр-Сұлтан қаласында Астана процесінің аясында Сирия мәселесі бойынша 16-шы Халықаралық кездесу өтеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлаған.
Кездесуге Иран, Ресей, Түркия сияқты гарант-мемлекеттер, Сирия Үкіметі мен сириялық қарулы оппозиция өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр. Ал бақылаушы ретінде БҰҰ ұйымының жоғары дәрежелі өкілдері, Иордания, Ливан, Ирак мемлекеттерінің өкілдері қатысады.
Кездесудің күн тәртібінде Сирия жеріндегі ахуал, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық, санитарлық-эпидемиологиялық, халықаралық қатынастар , Женевадағы сириялық Конституциялық комитеттің жұмысын қайта жандандыру, сенімді арттыру, тұтқындарды ауыстыру, кепілдікке алынған азаматтарды босату және хабар-ошарсыз жоғалған адамдарды іздеу мәселелері болмақ.
Кездесудің алғашқы күнінде гарант-мемлекеттердің екі жақты немесе үш жақты кеңестері, сириялық тараптармен келіссөздері, бақылаушы мемлекеттердің өкілдерімен кездесулер жоспарланған. Екінші күні кеңес беру отырыстары мен Пленарлық отырыс өтеді.
Басып шығару