Алматы қаласының Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Almaty.tv арнасының тікелей эфирінде коронавирустың «үндістандық» штаммының Алматы қаласына келу ықтималдылығы туралы сұраққа жауап берді.
«Біздің Ресей Федерациясымен шекарамыздың ұзын екенін ескерсек, «үдістандық» штаммның келуі ғажап емес. Сондықтан, бірқатар шараларды қолға алуымыз керек», - деді ол.
Оның айтуынша, бүгіннен бастап алматылық темір жол вокзалдарында Ashyq қосымшасы іске қосылған. Біршама уақыт бұрын Бекшин Алматы қаласында коронавирустың штаммдарын анықтайтын ПТР-скринингтің жаңа тәсілі жұмыс істей бастағанын айтқан.
«Біздің елімізде штаммдарды анықтайтын жүйе жұмыс істеп тұр. Наурыз айының аяғында Алматы қаласында анықталған науқастардың 77 пайызынан «британдық» штаммы шықса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 84 пайызға дейін өсті. Осы аптадан бастап біз «британдық», «үндістандық», «бразилиялық», «даниялық», «вьетнамдық» штаммдарды да бақылауға алып отырмыз», - деді ол.
Еске сала кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жүргізілген ПТР-скрининг кезінде «дельта» штаммға ұқсас мутацияның пайда бола бастағанын айтқан.
Басып шығару