Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров онлайн-форматта коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі қалалық штабтың жиналысын өткізді.
Мониторингтік топтардың жұмыс барысы талқыланып, нәтижелер талқыға түсті. Алматыда күн сайын адам көп жиналатын жерлерде мониторингтік топтар жұмыс істейді. Жыл басынан бері 23 мыңнан астам нысанға тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеріс барысында екі мыңнан астам құқық бұзушылық фактілері анықталған. Оның ішінде өрескел тәртіп бұзған 74 нысанның ісі сотқа жолданған, оның ішінде 53 нысанның жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданыпты.
Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін Ashyq қосымшасы арқылы жұмыс істеп отырған 17 шағын және орта бизнес өкілдерінің шектеу тәртібін бұзғаны белгілі болған.
Ержан Бабақұмаров бақылауды күшейтуді, әсіресе Ashyq қосымшасы арқылы жұмыс істейтін нысандарды қатаң қадағалауды тапсырды. Бүгінде осы қосымша негізінде Алматы қаласында 1 500 кәсіпкер жұмыс істеп отыр.
Ashyq қосымшасының қатысушылары санитарлық талаптарды бұзған жағдайда мониторингтік топ түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, істі қарауға жібереді. Осы тәртіп бұзушылық қайталанса, нысанның жұмыс істеуіне екі аптадан екі айға дейін шектеу қойылады.
Бүгінде мониторинггтік топ келесі талаптардың сақталуын бақылайды:
- жұмыс режимі;
- адам көп жиналатын жиындардың өткізілмеуі;
- әлеуметтік арақашықтық;
- маска режимі;
- ғимаратқа кіретін адамдардың лимитінің сақталуы.
Басып шығару