Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдан вакцина салдырған адамдардың санын екі компоненті егілген адамдар саны бойынша ғана санауды сұрады. Сондай-ақ, тұрғындар мен журналистердің вакцинация туралы сұрақтарына нақты жауап беруін ескертті.
"Журналистермен кездескенде халыққа нақты сандарды айтыңыз. Әйтпесе бұл эквилибристика бәрін шатастырды. Сіз 21 күн дедіңіз. Орынбасарларыңыздың бірі 90 күн дейді. Қазір 45 күнге дейін деп отырсыз. Бәрін шатастырдыңыз. Біз халықаралық стандарт аясында жылжып келеміз.
Сіздердің дипломдарыңызға қараса, барлығы денсаулық сақтау саласында ұйымдастырушы, тағы бір нәрсе. Ендеше вакцинацияны ұйымдастырыңыздар! Бір ақпарат шығады, кейін сіздің қызметкеріңіздің бірі басқаша айтады. Жұрттың басын ауыртпайық. Екі вакцинация болса, екеуінен өту керек. Осы жерден есеп жүргізіңіздер", - деді Нұрлан Нығматулин.
Сурет: inbusiness.kz
Басып шығару