ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Ресей темір жолдары» ААҚ бас директоры – басқарма төрағасы Олег Белозеровпен кездесу өткізді. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады. Тараптар теміржол көлігі және логистика саласындағы ынтымақтастықты екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде де нығайту мәселелерін талқылады.
«Бірлескен көліктік-логистикалық компания – Еуразиялық теміржол альянсы» АҚ («БКЛК ЕРА») одан әрі дамыту перспективалары қаралды. Аталған интеграциялық жоба Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағы арқылы «Қытай – Еуропа» бағыты бойынша тұрақты пойыздар құрамында транзиттік контейнерлік тасымалдау қызметтерін қамтамасыз етуге бағытталған. «Қазақстан өзінің көліктік-логистикалық әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Темір жолдарды одан әрі дамыту, аймақтағы сауда мен транзит көлемдерін арттыру – біз үшін өте маңызды және басым міндеттер», — деді А. Мамин.