Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Бұл туралы
primeminister.kz сайты хабарлады.
Қазіргі жағдай, халықты вакцинациялау барысы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин баяндады.
Республика бойынша вирустың репродуктивтілік көрсеткіші 1,16 құрайды. Инфекциялық төсек-орындар жүктемесі – 36%, реанимациялық төсек-орындар жүктемесі – 22%. Қазіргі уақытта COVID-19 таралу қарқыны бойынша «қызыл аймақта» – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары, «сары аймақта» – Шымкент қаласы және Қарағанды облысы. Барлық қалған өңірлер – «жасыл аймақта».
Премьер-Министр Үкіметтің сырқаттанушылық деңгейін төмендету мен вакцина алғандардың санын арттыру жөнінде жедел шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.
«Қыркүйек айында вакцинациялауға жататын 10 млн адамға вакцина салуды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін ұжымдық иммунитеттің жинақтаушы әсері күтіледі.
Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың барлық тапсырмаларын орындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде», — деді А. Мамин.
Басып шығару