Бақытжан Сағынтаев коронавирусқа қарсы вакцина алуды өте маңызды деп санайды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы онлайн брифингте айтты.
Баспасөз мәслихатында журналистер мегаполис басшысына вакцинация туралы түрлі қауесеттердің болуы және оның жағымсыз салдары туралы айтты. Қала әкімі қандай вакцина салдыратынын халық өзі таңдайтынын мәлімдеді.
«Вакцинация тегін болады, мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінеді. Қазір біздің қолымызда ресейлік Sputnik V вакцинасы бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, біз әлі қытайлық SinoVac вакцинасын күтеміз. Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсан айында екі мыңнан астам ерікті отандық QazVac вакцинасын салдырды. Сәуір айының аяғында тағы да алты мың доза вакцина жеткізіледі деп күтеміз. Содан кейін халық қандай вакцина салдыратынын өзі таңдайды», - деді Сағынтаев.
Алматы қаласының әкімі вакцинацияға қатысты қауесеттер туралы да айтты.
«Әрине, адамдар арасында түрлі қорқынышты қауесеттер тарап жатыр. Бірақ бәріміз көріп отырмыз: бір жыл өтті, бірақ коронавирусқа қатысты мәселенің шешімі жоқ. Біз бірнеше рет локдаун мен карантин енгіздік, сонымен қатар қаланы жауып тастадық. Бәрін бастан өткердік, бірақ вирус әлі де жойылған жоқ. Қазір британдық және оңтүстік африкалық штамдар пайда болды. Мутация жалғасады. Мүмкін, келесі жылы және болашақта басқа мутациялар анықталуы мүмкін. Олар коронавирус жұқтыру статистикасын одан әрі жоғарылатады.
Бұл бізден ешқайда қашпайтын вирус. Менің түсінігімде ол өмір бойы бізбен бірге болады. Сондықтан одан қорғану үшін бізге вакцина керек. Біз бүгінде басқа шешімін көріп тұрған жоқпыз. Мұны барлық мамандар айтады. Үлкен державалар да бұл мәселені вакцинамен шешіп жатыр. Егер біз бұрынғы өмірімізге оралғымыз келсе, онда қорықпай, вакцина салдырайық», - деп түйіндеді Бақытжан Сағынтаев.
Фото: azattyq-ruhy.kz
Басып шығару