Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Алғыс айту күнінің белгіленгеніне 5 жыл толуына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының дөңгелек үстелі өтті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Іс-шараға ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары М.Бекбаева мен З.Кузиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктері мен жастар қанатының өкілдері және т.б. қатысты. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы белгілеген Алғыс айту күнінің 5 жылдығының біріктіруші маңызын, қазақстандық құндылықтар – ұлттық бірлік пен келісімді, қоғамдық ынтымақтастық пен өзара қолдауды, достық дәстүрлерін жаңа ұрпаққа жеткізуді бейнелейтінін талқылады.
Іс-шараны аша отырып, Мемлекеттік хатшы биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өте отырып, Алғыс айту күніне ерекше мән-мағына беріліп отырғанын баса айтты. Біз тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуының бастауларында болған адамдарға айрықша алғысымызды білдіргіміз келеді.
Ең алдымен, біз ата-бабаларымыздың азаттық пен егемендік туралы ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырғаны үшін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа терең алғысымызды білдіруіміз керек. Қырымбек Көшербаев заманауи сын-қатерлерге бейімделген сапалы жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың қазіргі заманғы жағдайында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформалармен қатар қоғамдық сананы жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Мысалы, біздің қоғамды рухани жаңғыртудың маңызды бағыты саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі ауқымды жұмыстарды аяқтау болуы керек. Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген халықтар үшін қазақ жері нағыз баспанаға айналды. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, әділетсіз сотталғандардың адал есімін қайтару – міне, біз өзімізге ризашылық білдіретін ұрпақтардың жадында осыны қалдыруымыз керек.
Бұл сондай-ақ ашаршылықтың қайғылы салдарына, «Алаш» қозғалысының жетекшілерін жоюға, көптеген шынайы патриоттардың тағдырына, халқымыздың тарихын бұрмалау әрекеттеріне де қатысты. Сөз соңында Мемлекеттік хатшы қазақстандықтарға әрқайсының игілігі мен еліміздің өркендеуі жолында күнделікті еңбектері үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ «Тұңғыш Президент жолымен – бейбітшілік пен келісімге 30 жыл» халық экспедициясы» ҚХА жобасының және «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық марафонының тұсаукесері өтіп, білім және денсаулық, азаматтық қоғам саласының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен студенттер сөз сөйледі.
Дереккөз: 24.kz