Polisia.kz хабарлауынша, алматылық полицейлер «L-Капитал» компаниясының негізін қалаушыны ұстады.
Алматы қаласының ПД Тергеу басқармасының мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 1962 жылы туған азаматша ұсталды. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Аталған компания салымшыларының ұжымдық мәлімдемелеріне сәйкес, ҚР ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігі (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын бұрын хабарлаған едік. Ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылды. Компания кеңселерінде санкцияланған тінтулер жүргізілді. Толықтық, объективтілік және жан-жақтылық принциптерін қатаң сақтай отырып жүргізілген тергеу әрекеттерінің кешені барысында мән-жайлар анықталып, процессуалдық шешім қабылданады», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Абдрахманов.