Бүгін Қазақстанда алғашқылардың бірі болып вакцина еккізген ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов екпеден кейін өзін қалай сезінетіні туралы пікір білдірді.
«Ешқандай кері әсер байқаған жоқпын. Екпе салардан бұрын азаматты толық тексереді: анемнез алынады, температура тексеріледі, қан қысымы өлшенеді. Осыдан кейін ғана екпе салынады. Екпе салдыратын азаматқа жан-жақты ақпарат беріліп, соның нәтижесінде «ерікті түрде екпе салдырғаны туралы» құжатқа қол қояды. Егер ол барлық шарттарға келіссе, екінші рет келуге міндеттеледі. Өйткені, екпе екі сатыдан тұрады. Екінші дозасы бірінші екпеден кейін 21 күннен соң салынады», - деді Қиясов.
Оның айтуынша, вакцина кері әсер еткен жағдайда өндіруші мен оны еккен медициналық мекеме жауапты болады.
«Жауапкершілікті сезіну керек. Әрине, министрлік те әрбір жағдайға зерттеу жасап отырады. арнайы комиссия құрылып, әрбір аймақтағы осындай жағдайлар бойынша жұмыс істейді», - деді ол.
Басып шығару