Қазақстанда 11 қаңтардан бастап 9,11,12 сынып оқушылары аралас оқу форматына көшеді. Жоғары сыныптар пәндердің 70%-ін мектепте, қалған 30%-ін қашықтан оқиды.
Үшінші тоқсан 2021 жылдың 11 қаңтарында басталып, 19 наурызда аяқталады. Ата-аналардың пікірін ескере отырып, жаңа жылдан кейін 9,11,12 сынып оқушыларына мектепке оралуға рұқсат етілді.
«Мен мұны өте маңызды шешім деп санаймын. Бұл шешім, ең алдымен, бірнеше айдан кейін қорытынды аттестация, яғни мемлекеттік емтихан тапсыратын балаларға қатысты. Олар тоғызыншы және он бірінші сыныптар. Оқушылар бағдарламаның 70%-ін дәстүрлі режимде және қалған 30%-ін қашықтан оқиды. Аралас оқыту дегеніміз осы», - деген еді білім министрі Асхат Аймағамбетов.
Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы елордада аралас оқу форматы қалай жүзеге асатынын түсіндірді. Оффлайн өтетін сабақ кестесіне орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері кірген.
Қалған 30 пайызы, информатика, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, құқық негізі, алғашқы әскери технологиялық дайындық пәндері қашықтан оқытыла береді. Мектептерде сабақ арасындағы үзіліс әр сынып үшін әртүрлі уақытта белгіленеді. Сабақ ұзақтығы 30 минуттан аспайды және үзіліс уақыты – 5 минут.
Еске салайық, колледждер мен университеттердің 1-курс студенттері де II семестрден аралас оқу форматына көшеді.
Басып шығару