Сенат Қазақстан Президентіне жаңа өкілеттік беретін «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» заңға түзетулерді қабылдады. Заң жобасында мынадай түзетулер ұсынылды:
- Қаладағы аудандарды елдімекендердің құрамдас бөліктеріне жатқызу;
- Халық саны 400 мыңнан асатын тұрғыны бар облыстық, республикалық маңызы бар қалада, астанада аудан құру;
- Аудандық маңызы бар қаланың, кенттің және ауылдың өлшемдерін нақтылау;
- Президентке Үкіметтің ұсынуы бойынша және жергілікті өкілді және атқарушы органдардың пікірін ескере отырып, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елдімекендерге қайта құру жөнінде шешім қабылдау жөнінде өкілеттік беру;
- Үкіметке республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елдімекендерге қайта құру туралы ұсыныс енгізу жөнінде жаңа құзырет беру;
- Облыстық өкілді және атқарушы органдарға Үкіметке облыстық және аудандық маңызы бар қалаларды өзге елдімекендерге қайта құру туралы ұсыныс енгізу жөнінде жаңа өкілеттік беру;
- Аудандық маңызы бар қала әкіміне аудандық маңызы бар қаланы кент, ауыл санатына жатқызу туралы ұсынысты аудандық өкілді және атқарушы органдарға енгізу бойынша өкілеттік беру.
Сенаттың тұрақты комитеттерінде осы заң жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар болған жоқ. Нәтижесінде Сенат депутаттары «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» заңға түзетулерді бірауыздан қабылдады.
Басып шығару