Айдос Сарым алдағы сайлауда билік партиясына дауыс берудің үш себебін атады. Назарбаев мен Қосановтың тарихтағы орнына тоқталып, Тоқаевтың тұлғалық қырына баға берді. Биліктің бірден-бір оппоненті Жанболат Мамайға ағалық ақылын айтты.
Неге “Нұр Отан”? Айталық “Ақ жол” немесе күні кеше атауын өзгерткен “Адал” партиясының қатарына қосылуға болмады ма? Бүгінгі жағдайды тұтастай алғанда спектакль деп қарастырсақ, сіз сол спектальдің тілінде сөйлеуге мәжбүр боп отырған жоқсыз ба?
Айдос Сарым – «биліктің агенті» деген әңгімелер әбден шаршатты, сондықтан да осы тақырыпты біржола жабайын деген ниет еді.
Жай ғана агент емеспін, билік партиясының мүшесімін, билік ұсынып отырған күн тәртібі мен реформалық бағыттың белсенді қолдаушысымын. Бұл тақырып енді үзілді-кесілді жабылған шығар деп ойлаймын.
Дегенмен билік партиясына мүше болып, соның сойылын соғуыңызға не себеп болды? Интернетте, әлеуметтік желілерде сан-алуан әңгіме айтылып жатыр. Сол әңгімелерге жауап бере аласыз ба?
Өз басым интернет пен әлеуметтік желідегі сөздерге желікпеймін, өмірі мен өзегін интернетке тапсырып, әлеуметтік желілерге желікке замандастарымды түсінемін, бірақ онысын мүлдем құптамаймын.
Жұрттың бәріне бірдей жақсы болу мүмкін емес, оған ұмтылу өзіндік ой, мақсат пен мінездің жоқтығы деп санаймын.
Біріншіден, ел мен мемлекеттің жағдайы. Қазақстан үлкен сынақ пен реформалардың алдында тұрған мемлекет. Қазіргі кезең, алдағы сайлау – аса маңызды тарихи кезең болмақ, сынақ пен серпіліс кезеңі болады.
Бұндай шақта «Мен, мен, мен едім» деп жүре бермей, саяси үдерістерге белсене араласу, сол үдерістердің бір бөлігі болғым келеді.
Екіншіден, геосаяси жағдай. Қазақстан өз тәуелсіздігінің ең күрделі бір кезеңіне келді. Күн тәртібінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып қала ма әлде қала алмай ма деген нақты, өте ауыр мәселе тұр.
Үшіншіден, білетін де боларсыз, бүгінгі мемлекет пен ішкі саясат тізгінін ұстап отырған азаматтардың біразы менің достарым, жолдастарым, әріптестерім.
«Нұр Отанның» электораты кім?
Дәл қазір бір-екі оппозициялық газетті немесе сайтты ашып оқысақ, билік бүгін, бүгін болмаса ертең құлайтын сияқты болып тұрады. Сол газеттер мен сайттарды оқып жүргендер «Нұр-Отанға» ешкім дауыс бермейді, ертең-ақ тарап кететін партия дегенге саятын әңгімелерді көріп қаламыз.
“Нұр Отанның” болашағы бар ма? Назарбаевсыз «Нұр Отанды» қалай елестетесіз?
«Нұр-Отанның» болашағы ең алдымен оған мүше болған азаматтарға қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде биліктен кетті. Оның саяси және қоғамдық өмірде орны бар, оның саяси және тарихи мұрасы зерделеніп, рухани ой елегінен өтіп жатыр. Сондықтан бүгінгі күні партия да, Қазақстан мемлекеті де жаңа кезеңде өмір сүріп келеді.
Біреуге ұнасын-ұнамасын, соңғы отыз жылымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Оның атын қазақ, Қазақстан тарихынан ешкім де өшіре алмайды.
Тоқаев популист пе?
Тоқаев популист емес, керісінше, жауапкершілігін айқын сезінетін мемлекетшіл, өз дәрежесі мен түсінігіндегі ұлтшыл саясаткер. Табиғаты, тұла-бойы саясаткер, мемлекеттік қайраткер адам дер едім.
Оны әлсіз, құлықсыз деп кекетіп-мұқатып жүргендердің бұған талай көзі жететін болады. Ал әлсіз екен деп қарсы шапқандар оңбай жеңіледі. Осы қызметке лайықты, қажетті парасаты, қаталдығы мен принципшіл мінезі де жетеді.
Дереккөз: Dalanews.kz
Басып шығару