1969 жылы Д.Қонаевтың тікелей араласуымен ашылған Кино үйі көптеген жылдар бойы кинематография және драматургия саласындағы өнер иелеренің игілігіне қызмет еткен. Мұнда жаңа сценарийлер, жаңа жобалар туып, бас қосқан киногерлердің өзара тәжірибе алмасатын алаңы болған. Дәстүрлі үрдісті бұзған кім?
Нарықтық заман Кино үйінің шырқын бұзды. Тоқсаныншы жылдары мемлекеттің қамқорлығынан қағылған шығармашылық үйлерін жаппай жекешелендіру жүргізілген еді. Сол кезде кәсіпкерлердің бірі бұл ғимараттың 60 пайызын сатып алып, қоғамдық тамақтандыру орнына, сосын түнгі клубқа айналдырған. Қазір бұл жерде «Gan Bei» деген атпен жастар арасында аса танымал көңіл көтеру кешені жұмыс істейді. Ал ғимараттың негізгі бөлігі, яғни көлемі 900 шаршы метр болатын аумағы киногерлер иелігінде қалған. Екі мыңыншы жылдардың соңына дейін мұнда «Еуразия» кинофестивалі, шетел киноларының апталығы, киногерлердің «Құлагер» тәуелсіз сыйлығы салтанатты түрде табысталатын.
2016 жылы Қазақстан кинематографистер одағы 31 жастағы Ахат Ыбыраевтың қолына өтеді. Көпке беймәлім жас режиссер Кино үйінің одаққа қарасты бөлігін жалға беріп, ол жерді коммерциялық мақсатқа пайдалана бастайды. Көп ұзамай түнгі клуб ашылып, шығармашалық адамдарына оның есігі жабылған.
Осы саланың ақсақалдары 2018 жылы кезектен тыс съезд өткізіп, белгілі режиссер Ермек Тұрсыновты Киногерлер Одағының басшысы етіп сайлайды. Сонда дәл осы Кино үйін қайтаруды жаңа басшыға абыз-аңыз Асанәлі Әшімов міндеттеп еді. Міне араға 3 жылға жуық уақыт салып, Ермек Тұрсынов осы міндетті атқарып, нәтиже көрсетіп отыр.
«Бұл осыдан 60 жыл бұрын Шәкен Айманов пен Қонаев екеуінің жасаған кино үйі, киногерлерге берген сыйлығы, біз оны көп уақыт пайдаландық, осында отырып әңгімелесуші едік. Ал соңғы бірнеше жылда кино қайраткерлерінің бас қосып, бір шыны шай ішетін орны болмай қалды. Шығармашылық адамдарына мұндай орталық керек. Сценарий талқылау үшін, ойларын айту үшін, сол жұмыстардың сапалы шығуының өзіне де осындай кездесулердің әсері болды.
Бұрын біз әңгімелесу үшін осы жерге ғана келуші едік. Осында кино көрдік. Қонақтарды осы жерде қарсы алып, шығарып салатынбыз. Қазір келіп отырмыз, жарық жоқ, жылу жоқ, талқанын шығарып, бәрін бұзып кеткен. Енді жөндейміз деп жатыр, қала әкімдігіне айта ма, қалталы азаматтарды тарта ма? Тіпті киноны көрсететін жер қалмады. Премьераларды осы жерде жасап, артынан талқылап отыратын жер осы болады енді деп үміттенемін», - дейді Асанәлі Әшімов.
Қазақстан кинематографистер одағының қазіргі төрағасы Ермек Тұрсынов алға қойылған миссияға жету үшін екі жарым жыл текетірес болғанын айтады. Бірақ заң орындары коммерциялық мақсатта жасалған келісімдердің заңсыздығын әшкерелепті.
«Сот басталмай тұрып, оның жалға берілгенінен хабарсыз едік. Мен одан бұрын киностудияның архивіне кіріп, кейбір кинодеректерді қарап шықтым. Сол үзінділерде осы ғимараттың ашылуында Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Шәкен Аймановтар болыпты. Олар үлкен мереке деп қуанғанын көрдім. Камералар арттарынан жүреді де, олардың екінші қабатқа көтерілгенін көрсетеді.
Біздің өзіміз студент кезде Жазушылар одағына барып, «Қарлығаш» деген кафеге аялдап, сосын осы жерге арнайы келетін едік. Сонда осы екінші этажда барлық зиялы қауым өкілдерін кездестіруге болатын-ды. Ақылдасатын, араласатын, жылы қарым-қатынас болғанда, сол жерде небір идеялар туатын. Бәріміз кітап оқимыз, музыка тыңдаймыз, кино көреміз. Жай ғана «шәй ішу» емес, бұл жерде адамдық қарым-қатынас болатын. Шығармашылық адамдар осы жерге келіп қарым-қатынас жасайтын. Театр, кино, муызка дүниеге келетін.
Шығармашылық одақтардың жағдайын білесіздер, біз бәріміз «мәдениетті қайыршымыз». Егер шындықты айтар болсам, бізде қаражат жоқ. Бірақ осы сот басталғанда өзімнің қалталы достарымды ертіп әкеліп, осында жөндеу жұмысына көмектесуді сұраған едім. Бұрынғы қалпына келтіріп, өзімізге жағымды келбетіне сай жасап берсе дейміз. Ары қарай коммуналдық төлемдерді өзіміз көтеріп, ұстап тұра аламыз», - дейді Ермек Тұрсынов.
Басып шығару