Жылдың орта шенінде Канададан жоғары сұрыпты бидай тұқымын әкелген кәсіпкердің әрекеті ақпарат интернет-басылымдарда, әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Оны қолдағандар да, халықаралық дау туғызуы мүмкін әрекетке барғаны үшін сынағандар да табылды.
Кеше YouTube видеохостингіндегі Бейбіт Әлібековке тиесілі ALIBEKOVKZ арнасына Канададан жоғары сұрыпты бидай тұқымын әкелген кәсіпкер Марат Әбиевтің сұхбаты жарық көрді. Тақырыбы: «Министрдің отставкасы, жемқорлар және бизнес».
Сіздердің назарларыңызға сұхбат барысында айтылған тосын пікірлерді ұсынуды жөн көрдік.
Марат Әбиев Канадамен серіктестік жасауға екі жыл бойы ұмтылған. Дегенмен, канадалықтар оның бұл ұсынысын елемепті. Содан кейін кәсіпкер түрлі жолдармен Канададан бидай тұқымын алып, кеденде мәселелерге тап болады. Кеденнен өтуге БҰҰ-дан бастап, Қазақстанның Канададағы елшісі Ақылбек Камалдинов сеп болған. Үлкен суммадағы қаражат тасымалдауға жұмсалады. Содан кейін кәсіпкер алғашқы жылы әр гектардан 30-35 центнер өнім алып, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне жобамен жүгінген.
Кәсіпкердің айтуынша, Ауыл шаруашылық министрі және оның бірінші орынбасары қабылдау кезінде Әбиевтің командасына:
«Сендерде өнім көрсеткіші төмен, гектарына 30-35 центнер емес, 8 центнер ғана. Жерді жалға ала алмайсыңдар, бәрі таратылып қойған», - деп жауап береді.
Марат Әбиев министрдің қолындағы құжатта көрсетілген өнім көрсеткіштеріне сене алмай дал болғанын айтады. Кейіннен анықталғандай, бұл көрсеткіштерді министрлікке өткізген агрокомпанияға құзырлы орган тарапынан «шантаж» болған екен. Қоқан-лоққы жасап, оларға егіндік өнімділігін осылай көрсетуді міндеттеген.
«Қазақстан 2012-2018 жылдар аралығында ауыл шаруашылығына 4,3 трлн теңге қаражат бөлген. Біздегі ауыл шаруашылық саласының жылдық бюджеті (субсидияларды қоса есептегенде) – 500 млрд теңге. Ал салық есебінен бюджетке қайтатын қаражат көлемі – 45 млрд теңге. Көрдіңіз бе, біз идея таптық, тұқым әкелдік, Канадамен келісім жасадық, инвестиция таптық, бірақ министрлік те, Президент әкімшілігі де бізді қолдамады. Ал біз халықтан үлкен қолдау сезіндік. Жас буын өкілдерінен бес мыңға жуық хат келді. Олар жұмыс істегісі келеді, өз елінде мүмкіндіктер болғанын, дамығанын қалайды», - деді Әбиев.
Бейбіт Әлібеков Марат Әбиевтің «Архитекторы будущего» атты осы жағдайдың барлығы баяндалатын фильміне қатысты «Сіздің туындыңыз фантастика емес пе?» деген сұрағына спикер былай жауап берді:
«Білесіз бе, бұл сізге және сіз сияқты көп адамға утопия болып көрінеді. Неге? Өйткені, Қазақстанда институттар жұмыс істемейді. Сыбайлас жемқорлық барлық саланы жаулаған. Бізде қоғамдық түсінік басқаша, жемқорлық жүйенің ішін шіріткен. Біз тұқымды алып келіп, министрліктің субсидиясынан, мемлекеттің қаражатынан бас тартып тұрып қолдау таба алмадық. Аустралияда, Канадада, АҚШ-та мұндай жобалар қоғамдық деңгейде талқыланбайды, тек өз ретімен шешіле береді. Олар үшін бұл – қалыпты жағдай. Ал бізде – утопия».
Басып шығару