Mazir
03 фев 11:03korilim:457 Sayasat

Абзал ҚҰСПАН, заңгер: ӘР ІСКЕ ӘДІЛ ҚҰҚЫҚТЫҚ БАҒА КЕРЕК

Бір жыл өтті дегенімізбен, қаңтардың жарасы жүректерде әлі де жазылып бітпеді. Қаңтарда алған тән жарақаты емделер, қираған ғимараттар қайта бой көтерер, өлілер тіріле ме, күллі ұлттың жан жарақаты жазылар ма? Қаңтар деген айыңыз қазақ үшін Желтоқсандай қасіретті, Желтоқсандай қайғылы айға айналып барады. Желтоқсандай қастерлі һәм рухты айға айналып келеді. Қаңтар келген сайын әр қазақ «Неге?» деген сауалды қоятыны анық. Ол сауал бүгін қойылып, жауабы бүгін берілсе дейміз. Тарих үшін де сол әділ болар еді дейміз ойымызды нықтап. «Тарих – тәуелсіздігі бар елде ғана тарих. Тәуелсіздігі жоқ елде тарих та болмайды» деді адвокат...   
 
Иә, қаңтар оқиғасына әлі де саяси, құқықтық бағасы толық беріліп біткен жоқ. Себебі сот процестері әлі де жалғасып жатыр. Бірі құпия, келесісі жария түрде өтіп жатқан ол процестерге деген халық көзқарасы да әртүрлі. Осы орайда қаңтарда сотталғандардың бір бөлігінің ісімен айналысып жүрген адвокат Абзал Құспанды әңгімеге тартып, негізінен қаңтар мен қаңтар арасындағы сот пен сотталғандар және соттағандар жайлы сауал қойып едік...   

АРАНДАП ҚАЛҒАНДАР МЕН АРАНДАТУШЫЛАРДЫҢ  САНАТЫ ӘР БӨЛЕК

– Қаңтарда істі болып айыпталған­дар­дың дені бізге кінәсіз болып көрінеді...

– Көрінеді дегенде... Біз құқықтық мемлекетпіз ғой. Оның құқықтық негізіне қарап алайық. Менің бұл істі қолға алуымның себебінің бірі де – сол, азаматтарды құқықтық негізде қорғағым, ақтап алғым келді. Кез келген заңсыздығы бар түйіннің түбі жақсылыққа апармайды, өйткені.

Қаңтарға қатысты істі болғандарды шартты түрде ұйымдастырушылар, арандатушылар, арандап қалғандар деп үш санатқа бөліп қарастырдық. Ең көбі – осы арандап қалғандар. Біздің комиссияның айналысқан жұмысы, сол арандап қалушыларды босату. Өзім де қаңтарда Оралда алаңға шықтым. Мені де қамады. Заңгер, білімді, осы салада сауаты бар деген мені қандай заңсыздықтармен ұстаса, қарапайым халық, елдің өзгерісі үшін алаңға шыққан қатардағы азамат, құқықтық сауаты да аз болуы мүмкін жеке тұлғаны қалай ұстауы мүмкін екенін елестете беріңіз. Сол үшін осы істі қолға алдым. Олардың ішінен заңсыз қамауға алынғандарды анықтап, босатуды мақсат тұттық.

– Сіздер рақымшылыққа ілінеді деп таныған, бірақ прокуратура рақымшылыққа ілінбейді деп таныған жағдайлар болды ма?

– Әрине. Қамауға алынғандар ішінде арандатушы, тіпті мемлекеттік маңызды нысандарға шабуыл жасаған, басып алған деген айыппен отырғандар да бар. Біз осы бапты қайта қарап, ол мемлекеттік нысандарға шабуылды мақсатты түрде жасады ма, ғимаратты басып алғанды жымысқа ойды көздеді ме, соның ара-жігін ажыратып жатырмыз.

– Ал прокуратура арандатушы деп таныған, айыпталушының өзі ол айыппен келіспеймін деген тұлғалар ше?

– Ондай жағдайлар да бар. Бірақ біз өткен жылдың қаңтарында комиссия болып құрылған кезде-ақ, тек қана арандап қалған топпен, яғни қарапайым халықпен жұмыс жүргіземіз деп мәлімдегенбіз. Сосын Сіз айтқан санаттағы тұлғалардың материалдық жағдайлары жеткілікті, адвокат жалдауға мүмкіндіктері бар, оларға тағылған айыптың негізділігі сотта анықталады ғой. Сондықтан ол санаттағы істерді қарастырған емеспіз.

– Қандастардың тіл білмеуін пайдаланып, жалған айып тағып, айып қа­ғазына қол қойғызып, түрмеге отыр­ғызып жіберген жағдайлар болды ма?

– Тілге қатысты мәселе – кез келген істе мен ең алдымен назар аударатын тақырып. Сондықтан ондай істерді ең алдымен қарап, көмектестік.

– Қаңтарға қатысты қазір айыпты да, айыпты емес те айтатын сөз бар. «Мен халық жағында болдым» дейді. Кеше ғана бір азамат «Қаңтарда халыққа оқ атқым келмегендіктен, постымды тастап кеттім» деді...

– Қаңтарға қатысты әрбір іске әділ құқықтық баға берілуі керек дейтінім де сондықтан. Қазір жұртты манипуляциялаудан оңай дүние жоқ.

– Ал өзін ақтап алу үшін елге өтірік айтқан жауапты тұлғаларға жаза қарас­тырыла ма?

– Қылмыстық іс шеңберінде айыпталушы, сотталушыға өтірік айтқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Ол қорғану тәсілі деп бағаланады.


АҚТАУ МА, РАҚЫМШЫЛЫҚ ПА?

– Неге Заң рақымшылық деп аталды, неге ақтау емес? Кінәсі бар адамдарға ғана рақымшылық жасалмайтын ба еді?

– Себебі, сот айыптау немесе ақтау туралы үкім шығарады, сон­дық­тан ақтау туралы арнайы заң қабылданбайды. Былтыр Президент тап­сырмасымен қаңтар оқиғасына байланысты істі болғандарға қатысты рақымшылық жариялау туралы заң шықты. Комиссия басынан бастап, осы шаруаға тікелей атсалысты. Заңды бірінші кезекте арандап қалғандардың пайдасына жаратуға тырыстық.

– Желтоқсан оқиғасына қатыс­қан­дарды ақтау туралы заң бар ғой?

– Жоқ, нақты қылмыстық істер бойынша істі болғандарға ондай заң шыққан жоқ. Болашақта желтоқсандықтарға да, қаңтар оқиғасы бойынша да шыға жатар, ал дәл қазір біз үшін арандап қалған азаматтарды қамаудан шығарып алу маңызды. Жалпы Сіз айтып отырған заңды қабылдау үшін оқиғаға саяси баға берілуі керек, екі оқиға бойынша да әзірге мемлекет тарапынан саяси баға берілмей отыр. Сосын тергеу изоляторын көрмей, ондағы ахуалды бастан өткермей, сырттан «рақымшылық емес, ақтау керек еді» деп отыра беруге болады. Ал тас түскен жеріне ауыр деген, қамауға алынған әр азамат, олардың отбасы үшін сол қапастан босап шығу маңызды. Мысалы, қоғамда ісі көп талқыланған азаматтардың бірі – Саят Әділбекұлы. Былтыр 24 қаңтарда ең алғашқылардың қатарында шығардық. Кейін әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деп ісін толығымен қысқартуға да тікелей атсалыстық. Тек олардың дерегін көпшілік айтқысы, білгісі келмейтіндей.

– Түсінікті болу үшін сөзімді не­гіздесем. БҰҰ болсын, Халықаралық адам құқығын қорғау, т.б. ұйымдарға Қазақстан есеп береді. Рақымшылық туралы заң, менің ойымда, үкіметке қолайлы секілді. Өйткені олар халық­аралық ұйымдарға есеп берген кезде, «Міне, қаңтарға қатысқан адамдардың мынаншасына рақымшылық жасадық, себебі олар кінәлі еді» деген билік тарапынан қолданылатын дәйекке айналып кететіндей болып көрінеді...

– Рақымшылық заңы бойынша адам ақталмайтын негізде жауап­кершіліктен босатылады. Осыны ұмытпайық. Яғни кінәсі көрсетіліп, жазасы айқындалып, тек рақымшылыққа ілінгені негізінде адам босатылады. Ал ол шешіммен келіспесе, кез келген азамат кейін жоғары сот инстанцияларына шағымдана алады.

– Қазір қанша адам рақымшылыққа ілінді?

– Нақты сан ай сайын өзгереді. Ол туралы нақты мұнша адам рақым­шылыққа ілінді деп айта алмаймын.

– Шамамен есептеп көрсек...

– Шамамен 5300-ден аса қыл­мыстық іс қозғалды, соның 1600-інің жеке басы анықталып, қылмыстық жауап­кершілікке тартылды. Сол жеке басы анықталғандардың 1500-ден астамы рақымшылыққа ілінетіні белгілі болды. Бұл, тағы да қайталаймын, толық дерек емес. Сандар өзгеріп отырады.

– Демек, біз халықаралық ұйымдарға есеп берген кезде «Қаңтар оқиғасына қатысты шамамен 5300-ден аса қылмыстық іс қозғалды, соның 1600-інің жеке басы анықталып, қылмыстық жаза тағайындалды. Жеке басы анықталған сотталушылардың 1500-ден астамы рақымшылыққа ілінді» деп есеп беруіміз мүмкін ғой. Ол есепте 1500 адам өзіне ар­тылған айып­пен келісіп, қылмысын мойын­дағаны болып санала ма, саналмай ма?

– Жоқ, олай деп айтуға болмайды. Жоғарыда айтқанымдай, рақымшылық заңы ақталмайтын негізде қолданылады. Екінші, осы кезге дейін жасалып келген рақымшылық туралы заңнан бұл заңның ерекшелігі бар. Жалпы қылмыстың төрт категориясы болады. Онша ауыр емес қылмыс, орташа деңгейдегі қылмыс, ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс. Онша ауыр емес және орташа деңгейдегі қылмыстық істі бірден қысқартып, рақымшылық қолданылып, істері сол тергеу кезінде қысқартылып кетеді. Ауыр және аса ауыр қылмыс айыбы бар тұлғаны сотқа тартады. Онда ауыр қылмыстар бойынша жазаның төрттен үш бөлігі, аса ауыр санаттағы істер бойынша жазаның жартысы қысқартылады. Мәселен, ауыр іс бойынша айыпталушыға төрт жыл жаза тағайындады делік. Үкім шыққаннан кейінгі келесі пунктте төрт жылдың үш жылын рақымшылық заң негізінде алып тастайды. Тергеудегі бір күн қамауда болғаны, бір жарым күн болып есептеледі де, бір жылдық жаза өтелген болып есептеліп, қылмыс мерзімі аяқталған болып шығады. Үкімнің соңына «Үкіммен келіспесе 15 күн ішінде шағымдануға құқы бар» екені көрсетіледі. Яғни сот тарапынан рақымшылық заңын қолдану барысында оған тұлғаның келісімі керек емес. Егер ол азамат сот үкімімен келіспесе, өзін толық кінәсізбін деп есептесе, әрі қарай шағымдана алады.

– 15 күн емес, мәселен 3 жылдан кейін үкіммен келіспедім деп шағым жасай ала ма?

– Неге үш жылдан кейін?

– Мысалы, үш жылдан кейін дегенім ғой. Дәл қазіргі жағдайда өзіңіз айтқандай, ол тұлға да өзінің түрмеден босап шығуын маңызды санауы мүмкін. Алайда біраз уақыт өткен соң, өзіне тағылған айыппен келіскісі келмейтін шығар. Менің білуімде, Желтоқсанға қатысты әлі күнге дейін ақтау мәселесін көтеріп жүрген азаматтар бар.

– Желтоқсан туралы сөз қозғалған екен, оған қатысты өз ойымды да білдіре кетсем. Сіздің сұраққа келесі кезекте жауап қатайын. Желтоқсанға қатысқан бірнеше азаматпен сөйлестім. Ол басқа жағдай. Олардың ақталуы мерзімсіз. Жалпы 86-ның Желтоқсанына саяси баға әлі дұрыс берілген жоқ. Саяси баға берілсе, бәрін бір баппен ақтауға болады. Ал қаңтарға саяси реңк берілсе де, берілмесе де айып тағылған азамат Жоғарғы сотқа дейін шағынуына ешкім кедергі емес.

– Рақымшылыққа ілінгендер, негі­зінен, жазықсыз жапа шекті ғой. Оларға қандай да бір өтемақы беріле ме?

– Рақымшылыққа ілінгендерге өтемақы берілмейді. Ал әрекетінде қылмыс құрамы анықталмады деп істері қысқарған азаматтарға өтемақы беру заңмен көзделген. Ол үшін азамат сотқа жүгінуі керек, ол ұзақ процесс. Екіншіден, ол күрделі процесс. Себебі сотқа жүгінгенде жауапкер ретінде бір мекемені көрсетуі керек қой. Кімді жауапкер қылады? Осы мәселені көтеріп, қаңтарға қатысты қылмыстық ісі қысқартылған және сотпен ақталған жандарға Үкімет белгілі бір соманы белгілесе, сол соманы жаппай берсек деген едік. Ол мәселе де кезегімен шешіліп қалар. Ал жалпы қылмыстық іс орбитасына ілінген біраз азаматтың жеке өміріне қатысты, әлеуметтік, моральдық көмек беруге о бастан мүдделіміз. Балаларын балабақшаға орналастырудан бастап, барлық түйткілді жағдайлармен айналысып келеміз.

Жалпы АТО, яғни антитеррорлық операция бүкіл әлемде бірдей ережемен жұмыс істейді десе болады. Қарулы қақтығысқа ұласқан жаппай тәртіпсіздік орын алған жағдайды, әуелі оқиғаның эпицентрінде болғандарды жаппай қамайды, сосын іріктеу басталады. Қамалғандар арасынан арандап қалушы, арандатушы, ұйымдастырушыны табу үшін үлкен жұмыс жүргізілуі керек. Ешкім өз еркімен «мен арандатушымын, мен ұйымдастырушы едім» деп мойындай салмайды ғой.

Жалпы менің білуімде, АҚШ пен БҰҰ Қаңтар оқиғасындағы АТО-ға теріс баға берген жоқ.

Тағы бір мысал. Біздің жұмыс нәтижемізді көріп Қордай ісі бойынша сотталған азаматтардың жақындары келді. Елудің үстіндегі адам өтініш жасады. Қордай ісі бойынша 56 азамат сотталып кетіпті. Орташа жаза қатаң режимдегі колонияға 16-21 жыл аралығында тағайындалған екен. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, ол оқиға Қаңтармен салыстыруға да келмейді ғой. Бір ұйымдастырушысы жоқ. Саяси мақсат көздемеген. Ол істі де мойынымызға алып жатырмыз.

– Істі қарауды қашан бастайсыздар?

– Анализ жасап бастап кеттік.


КЕШІРУ... КЕШІРІМ

– Өзіңіз де қаңтарда алаңға шықтыңыз. Түрлі оқиғаның ортасында жүрдіңіз. Әділеттісі бар, әділетсізі бар, түрлі жағдайды көрдіңіз. Қаңтарға құқықтық баға берілуі керек дейміз ғой. Ал моральдық баға берілді ме?

– Оған уақыт керек. Қаңтар шындығы таяу арада ашылмайтынын кесіп айттым. АҚШ бола ма, дамыған Еуропа бола ма, биліктің аты – билік. Билік өзіне ыңғайлы шындықты айт­қысы келеді. Ол билік кеткен соң, шындықтың басқа тұсы ашылуы мүмкін. Қарапайым шындық ашылмаған соң ол оқиғаға моральдық тұрғыдан қалай баға береміз?

Қаңтарға қатысты кітап жаздырып жатырмын. Жақында шығады. Жеті адамның мысалын алып, Қаңтар ықпалын баяндаймын. Ол жетеуі де нақты өмірде бар адамдар. Жеті адамның үшеуі – қандастарымыз. Міне, осы кітапта шамамыз жеткенше моральдық баға берсек дейміз. Бағаны беретін біз емес, халық қой. Кітапты оқыған жұрт сол оқиғаның моральдік бағасын өзі оқып шығарса. Кітаптың кейіпкерлері қарапайым жеті адам. Жетеуінің өмірін қаңтар қалай өзгертті?

Зардап шеккені бар, қайтыс бол­ғаны бар, сотталғаны бар. Мораль­дік баға дегенде осы мәселе тұрғыдан келу керек шығар.

Мүмкін шындықты осы оқиғаның бел ортасында жүрген қарапайым азаматтарымыздың өмірі арқылы анықтаған дұрыс болар дедім. Оппозиция өз шындығын, билік өз шындығын айтады. «Тас түскен жеріне ауыр» деген қазақтың мақалы бар. Тас түскен жердің шындығы басқа. Сонда ғана мораль туралы айтуға болады. Әу бастағы мақсатым қарапайым адамдардың жүгін жеңілдету еді. Сол мақсатымнан айнымауға тырысып келемін. Халықтың әйтеуір бір қажетіне жарасақ деймін.

– Моральдық бағадан соң, кешірім деген саты тұр. Сол сатыға өту үшін, азаматтарды түрмеден босаттық, өтемақы берудің жолын қарастырып жатыр. Арандатқан адамдардың құқық­тық жазасын ашық көрсету де керек еді ғой.

– Оны айтудай-ақ айтып жүрмін. Қылмыстық жазаның кеңес ода­ғындағы мектебінен ажырамадық. Кеңестік жүйеден қалған қылмыстық процестік кодексте 201-бап бар. Қаңтар оқиғасын қоя тұрайықшы. Ауылда бір көршінің тауығын ұрлап кеткен іс бойынша учаскелік полицейге хабарлассаңыз қылмыстық кодекстің 201-бабындағы тергеу құпиясын желеу етіп, ақпарат беруден бас тартады. Ол жерде қандай құпия болуы мүмкін, қанша тауық, кім, қалай ұрлағанын күллі ауылы онсыз да біліп отыр.

2020 жылы АҚШ-та екі ақ нәсілді полицей қара нәсілді Флойд есімді азаматты ұстау барысында өлтіріп алады. Осыған байланысты үлкен шеру өтті. Бірінші минуттан бастап ФБР ақпаратты әлемге таратып отырды. Видеоны бірден шығарып тастады. Содан ФБР-дің тергеу қызметі зардап шекті ме? Шеккен жоқ.

Жарайды, менталитетіміз делік, кеңестік мектептің ықпалынан бірден ажырау мүмкін емес делік, 201-бапты толық алып тастамай-ақ қоялық. Қаңтардағы Мәсімов ісі құпия болсын, ал қалғандарында не құпия?

Белгілі бір категорияларды қалдыра отырып, жалпы осы 201-бапқа өзгеріс енгізу керек деп есептеймін.

Енді кешірім мәселесіне қатысты. Бізде билік басындағы көп азамат орыс тілінде сөйлегенді қош көреді. Тіл деген – дүниетаным. О баста қандай тілде сөйлейсің, сол дүниетанымда қалғаның. Жалпы қазақ деген елді басқару қиын емес. Оны кезінде бұрынғы билік қатты пайдаланды. Себебі ол қазақтың дүниетанымын білетін еді де, елді қалай жұбатуды әбден меңгеріп алған болатын.

Қазақ шынымен де сөзге тоқтайтын, өте кешірімшіл халық. Ер адамның көзінен жас шықса, қандай үкімін де, ашу-ызасын да тоқтатады. Бұрынғы билік мұны білді. Қазіргі биліктің кемшілігі де, бәлкім артықшылығы да сол – елдің ондай эмоциясымен ойнамайды.

Жалпы билік қазақы дүниетанымды білгені дұрыс.

Екінші, қателігін мойындау – демократиялық елдерге тән, Кеңес шекпенінен шыққандарға тән емес. Иә, қаңтарда мемлекет тарапынан да қате кетті. Жеке басшылық тарапынан емес, тұтас жүйеден қате кетті. Оны айтудың еш қиындығы жоқ. Айту керек еді. Сіресіп қалған жүйе осыны айтқызбады. Бұл жағдай оны халықтан ажыратып тастады. Сондықтан қазақ халқының өкпесі – орынды өкпе.

Үшінші, қазір халықта тұлға азайды. Себебі манипуляция көп. Бұрын манипуляция аз да, тұлға көп еді. Әлихан туралы заманында қып-қызыл коммунистердің өзі ештеңе айта қоймаған. Себебі тұлғаны қадірлеген, қадірін білген. Тұлғасыздықтың қауіп екенін білген. Әлихан – көп мойындаған көшбасшы болды. Ахаң ұлт ұстазы еді. Қазақ тұлғалары осыны қатаң сақтады. Осы принципті ұстанды. Қазір сондай тұлғалар жоқ болып тұр ғой.

Тарихта бір азаматтарымыз коммунист болды, біреуі Алаш­ордашыл болды, енді бірі эсерлерді қолады. Бірақ бір ұстанымға бірікті. Ол ұстаным: қазаққа деген адалдық еді.

Қазір кейбір тарихшыла­рымыздың өзі «анау сатқын, мынау сатқын» дейді. Мысалы, қып-қызыл коммунист деп С.Сейфуллинді даттайтындар бар. Ол да қазаққа шын жаны ашыған, қазаққа қайырлы іс қылған тұлға. Басқасын айтпай-ақ қояйын, бір ғана мысал. Мен өзім Орал қаласында 1927 жылы ашылып, 1993 жылға дейін жалғыз қазақ мектебі болған (қазір енді басқа қазақ мектептер ашылды ғой), әлі күнге қызметі тоқтамаған мектептің түлегімін. С.Сейфуллин атындағы №11 дарынды балалар мектебі. С.Сейфуллин үш-ақ күндік сапармен 1927 жылы Оралға келеді. «Қаншама тұлға шыққан Орал сияқты қалада қалайша қазақ мектебі жоқ?» деп қазақ мектебін ашып кетеді. Сол қазақ мектебінен Қадыр Мырза Әлі, Айсұлу Қадырбаева сияқты т.б. көптеген мықты азаматтар шықты. Ұлтшыл мектеп болды. Мұндай мысалды әр тұлғаның өмірінен іздесеңіз, табасыз.

Жалпы адамдар тұлғаларға бағынбау керек, идеяға топтасу керек дейміз. Бірақ біз Шығыс мента­ли­тетіндегі халықпыз. Шығыста тұл­ғалық қасиет деген үлкен рөл атқарады.

Сондықтан, осы кезге дейін бір тұлға ұлтқа қызмет ету ұстанымын айтса, сол тұлғаның аясында топтасайық. Тіптен өз пікірімізде ондай қызмет қылған ешкім жоқ деп есептесек, өзіміз іс қылайық. Үлкендерге өкпелемейік.

– Билік қаңтар оқиғасына қатысты жазықсыз ұсталған азаматтарға рақым­шылық жариялады. Жалпақ тілмен айтсақ, алаңға шыққандарды кешірдік деді. Ал халық кешірді ме? Өзара түсінісбеушілік табы қалған жоқ па? Бұл оқиғаның тари­хымыздағы орны қандай болады?

– Сөзімді арыдан бастайын. Бұл біз үшін үлкен сынақ болды. «Ғасырдан да ұзақ күн» деуші ме еді? Қаңтардың алғашқы әр күні ғасырлық мұңды жүрекке байлады. Шынымен ғасырдан да ұзақ күндер өтті бастан. Ал одан кейінгі жүгіріс, жұмыс көзді-ашып жұмғандай-ақ зырылдады. Осы іске кіріскен қаңтардың орта тұсынан бас­тап бір жылдың қалай өте шыққанын білмеймін. 25 желтоқсанында ұшақта кетіп бара жатып, 11-айдың қалай зыр ете қалғанына таңғалдым. Иә, мән бергің келмесе де, түрлі пікір жазушылар жүрекке салмақ түсіретін кездер болады. «Сын айтып отырғанша, кел де көмектес. Ең болмаса түрмеде жатқандарға бір пайдаңды тигіз» дегің келеді. Жазып отыруға қол да тие бермейді бірақ.

Өз болжауымша, жазға дейін жағдай бір қалпында қалатын шығар. Жаздан кейін ең еңсесі көтеріле бастауы керек. Мемлекетіміз өсіп-өніп, өркендеудің жолына түседі деп есептеймін. Сол кезде елдің билікке деген өкпесі толық болмаса да, жазылар, кегі қайтар.

Бұл бізге үлкен сабақ. Өзіміз ғана емес, бізден тараған ұрпақ та қаңтардан сабақ алса, қаңтардағы қырғынды болдыртпаудың жолын білсе. Дұрыс айтасыз, бұл оқиға тарихымызда қалары анық. Қандай елдің тарихы бар? Тәуелсіз елдің тарихы бар. Қандай ел тарихын өзі жаза алмайды? Тәуелсіздігі жоқ ел өз тарихына ие емес, сондықтан өз тарихын жаза алмайды. Сондықтан жақсы болсын, жаман болсын, тарихымыз жоғалмаса деп тілеймін. Бүкіл кемшілігімен, артықшылығымен Қазақстан деген ел дүние тұрғанша тұрса деп тілеп жүрміз. Осы жолда қолы­мыздан келетін қандай іс бар, соны жасауға ұмтыламыз. Біреу сынар, біреу қолдар, мәселе онда емес. Мәселе ұлттық, мемлекеттілік жолдың ұзақ болуында.

Жақсылықтан үміт үзбейікші...

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ

«Ана тілі»газеті


Басып шығару
purchase lasuna online - how to get himcolin without a prescription himcolin order

besivance for sale online - besivance online order where can i buy sildamax

probalan generic - buy probenecid 500 mg online cheap buy tegretol 400mg pills

brand mebeverine - brand mebeverine 135 mg how to buy pletal

cheap voltaren 50mg - buy voltaren 100mg sale aspirin 75 mg drug

rumalaya brand - shallaki drug amitriptyline 10mg generic

how to buy mestinon - buy imuran 50mg online cheap oral azathioprine 25mg

Пікір қосу
Janalyqtar toptamasy
"Қорғансыздың күні"11:42«Кітап-Amanat» орталығы ашылды10:55«Кітап-Аманат» орталығы ашылды.10:45АТЫРАУДА «КІТАП-AMANAT» МӘДЕНИ-АҒАРТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ10:21«КІТАП-AMANAT» партиялық жоба аясында кітап орталығы ашылды10:14ШҚО-да алғаш рет бірегей кітап орталығы ашылды09:57«Кітап-Аманат» жобасы Шымкентте жалғасты09:52"Мемлекеттік тіл және БАҚ - 2023" байқауының жеңімпаздары анықталды11:55БОЛАТ НАЗАРБАЕВ ҚАЙТЫС БОЛДЫ11:19«ҚАЗАҚША МӘЗІР» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСЫ ӨТТІ11:52Көк Туға – Құрмет!15:37«Кітап-Аманат» дүкенінде белгілі ақын, Алмас Ахметбекұлы кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.13:19Халықаралық семинар16:39Кеше, Жамбыл атындағы кітапханада белгілі қаламгер, күйші Таласбек Әсемқұловтың 8 томдық жинағының кезекті 6-8 томдарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.20:35қателік10:23"Бір тойым..."10:17Абзал Құспан тик ток паракшасынан алынды16:31ТІЛДЕР МЕРЕКЕСІНІҢ МЕРЕЙІ АСҚАҚ19:24ҚҰДІЕТТІ ОТ МАҒЖАН ЖЫРЛАРЫ «МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН» АКЦИЯСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ18:44«Анасының артынан баласы мен қыздары секіре берген»: Сырдария өзеніндегі қайғылы оқиға туралы куәгерлер айтып берді09:10Қырғызстанда 2027 жылдан бастап пластик пакетке тыйым салынады12:41«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел...»12:311 440 000 ТЕҢГЕ16:48«Азия Дауысы» арма екен?!16:38ТОҒЖАНОВ деген КІМ?15:45Нағыз қазақ – Домбыра!22:30Биыл «Динамо» спорт қоғамына 100 жыл17:36Жаңажол кен орнындағы өрт 14 сағатта сөндірілді10:06Проблемалық несиесі бар адамдарға жаңа кредит берілмейді11:13Ірі мұнай-газ компаниясы арзан бағада жекеменшікке сатылып кеткен11:15