КӨКШЕТАУ. Көкшетауда қаланың 195 жылдық мерейтойына тарту ретінде 280 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілді, деп хабарлайды
ҚазАқпарат тілшісі. Жаңадан салынған №20-шы «Zerek» балабақшасының пайдалануға берілуіне байланысты ұйымдастырылған ашық есік күніне аймақ басшысы Ермек Маржықпаев пен қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген Ермек Маржықпаев бұл жақсылықтың «Балапан» мемлекеттік бағдарламалар шарапатының арқасында екендігін айта келе, алдағы оқу жылы осында баратын бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын қуаныштарымен құттықтады. Жиналған қауым ішке еніп, бүлдіршіндердің жатқа оқыған өлеңдері мен әсем әндеріне құлақ түрді. Өз кезегінде ата-аналар да облыс басшылығының атына осынау қамқорлықтары үшін шексіз ризашылық сезімін білдірді. Балабақша меңгерушісі Бану Нүпілованың айтуынша, 280 орынға шақталған мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 12 топ қарастырылған. Мұнда бүлдіршіндердің интеллектуалдық дамуына барлық жағдай жасалған. Балабақша ақпараттық-коммуникациялық технологиясы, денсаулықтық қорғау және сауықтыру технологиясы, үштілді, балалардың ғылыми-экспериментальды жұмысы, қосымша білім (бейнелеу өнері, хореография) сияқты бес бағытта жұмыс істейді. Заманауи кабинеттер, көркем әдістемелер, төсек-орындар мен асхана. Бұлардың барлығы балалардың жан-жақты қалыптасулары үшін арнайы есептелген. «Бүгінгі күні елімізде балалардың сапалы тәлім-тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Осы бағытта еліміздің әр өңірінде балбақшалар мен мектептер көптеп салынуда. Әсем қаламыз Көкшетаудың 195 жылдық мерейтойын мерекелеу шеңберінде бүгінгі есігін айқара ашып отырған балабақша соның бір айғағы іспеттес», дейді балабақша меңгерушісі Бану Нүпілова.
Басып шығару