13-мамыр күні Түркістан облысында ондаған тұрғын үй су астында қалды. Оған себеп – нөсер жаңбырдан кейін су деңгейінің шамадан тыс көтеріліп кетуі. Бұл туралы ІІМ ТЖК өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов мәлімдеді. Төле би ауданына қарасты Екпінді ауылында Қасқасу өзені арнасынан асып, төрт тұрғын үй мен 15 ауланы басып қалған. Ал Жоғарғы ауылында су төрт бірдей көпірді бұзып кеткен.
Еңбекші ауданының Елтай шағын ауданындағы 60 ауланы су басып қалған. Қазір Тоғыс ауылындағы №120 және №119 орта мектептерде пункттер құрылып, зардап шеккендерді эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде.
Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен суды тарту және арықтардың арнасын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмысты жедел штаб ұйымдастырып отыр.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, Елтай ауылынан 150 адам эвакуацияланған. Тағы 150 адам өз туыстарының үйіне кетіпті.
«Үйлер мен ауладағы сдың тереңдігі 20-50 сантиметр шамасында. Қазір судың ағысы секундына 3-5 куб метрді құрайды», - делінген ресми мәлімдемеде.
Басып шығару