Әлемде алты мыңнан астам адамның өмірін жалмап, ғалам жұртшылығының көңіліне үрей ұялатқан коронавирус дерті қаншама маңызды үдерістерді шегеріп қойды. Өкінішке орай, індет елімізді айналып өтпеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеу жолдап, азаматтарға, қызметкерлерге, кәсіпкерлерге түрлі жеңілдіктер жасалатынын, адам шығынын болдырмау үшін жұмыс күшейтілетінін жеткізген.
Елде төтенше жағдай жарияланып, сәйкесінше, түрлі саладағы қыруар жұмыс кейінге шегерілді, мүмкіндігі бар қызметтер онлайн режимге көшті. Осы ретте ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы да қызметкерлердің басым бөлігін ақылы демалысқа жіберіп, бірқатар маңызды жұмыстар онлайн режимге ауысты.
Мәселен, авторлар мен баспаларға ISBN номер онлайн түрде тегін беріле береді. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ресми сайты жұмыс жасайды.
Кітап палатасының әкімшілік бөлімі штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Штаттық режимде жұмыс жасайтын барлық қызметкерлерге коронавирустың қаупі туралы, денсаулықты күту шаралары жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кеңседе инфекция жұғуының алдын алуға көмектесетін арнайы сұйықтықтар қойылды.
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына жеткізілуі тиіс міндетті даналарды қабылдау бөлімі де жұмысын штаттық режимде жалғастырмақ. Сонымен қатар, ай сайын, тоқсан сайын, жыл сайын шығатын «Газет мақалаларының шежіресі», «Журнал мақалаларының шежіресі», «Кітап шежіресі» сияқты кітапшалар да уақытылы жарық көре бермек.
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының қызметіне жүгінгісі келген кез келген азамат ресми сайтта көрсетілген телефондарға қоңырау шалып ақпарат ала алады.
Басып шығару