Биыл Нұр-Сұлтанда Астана күніне орай отшашу болмайды. Бірақ қаланың 24 жылдығына орай концерттерден бастап спорттық фестивальдерге дейін ондаған түрлі іс-шаралар өткізіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана күнінде қалада бірқатар әлеуметтік нысандардың (кезекте тұрғандарға пәтер кілттерін тапсыру), зауыттың, скверлердің, қоғамдық кеңістіктердің, 80-нен астам аула аумақтарының және т. б. ашылуы өтеді.
1-6 шілде аралығында «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде «Елорда пейзаждары» атты арт-көрме жұмыс істейді. Біріккен музейлер дирекциясы мерекеге орай бірден бірнеше экспозиция ұйымдастырады:
1-8 шілде аралығында «Ел тірегі – Елорда» көрмесі, 1-5 шілде аралығында «Киелі менің Елордам» фотокөрмесі, 5 шілде күні «Әлем картасындағы жаңа елорда» ашық есік күні өтеді.
4-6 шілде аралығында Орталық саябақта «Mereke Street» қалалық мәдениет фестивалі өтеді.
5 шілде күні сағат 19:00-де филармонияның концерт залында «Әзіл әлемі» әзіл кеші ұйымдастырылады. Осы уақытта «Астана Опера» опера және балет театры «Шопениана» және «Шехрезада» күміс дәуірінің балеттерін ұсынады.
Мерекеге арналған бұдан басқа көптеген шаралар ұйымдастырылады. Ал Астана күні, 6 шілдеде сағат 11:00-де Триатлон паркте «Elorda Tolqyny» спорттық жарысы басталады. Осы уақытта «Қазанат» ипподромында шабандоздар «Елорда кубогы» үшін бәйге түрлерінен бақ сынайды. Кешке, сағат 21:00-де Амфитеатр сахнасында Ұлықпан Жолдасов «Ақ қанат-ақ құсым» бағдарламасымен өнер көрсетеді. Сағат 18:00-ден 22: 00-ге дейін «Астана-Арена» стадионының тұрағында дәстүрлі Open air «Халықпен бірге» өтеді. Сол күні кешке «Қазақстан» ОКЗ «Дос-Мұқасан» ансамблінің шығармашылығына арналған «Далам менің» концерті ұйымдастырылады.
Басып шығару