Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер және актер Сатыбалды Нарымбетов 75 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ақпаратты мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі растады. Сатыбалды Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Түркістан облысы, Түркістан ауданы, Ащысай ауылында дүниеге келген.
Режиссер ҚазҰУ-дің филология факультетінде үш курс оқып, 1965 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының сценарий факультетіне оқуға түседі. Ал 1974 жылы қысқаметражды "Очарование" фильмін түсіріп, бірнеше жылдан кейін "Балалық шағымның Дон Кихоты" атты алғашқы толықметражды фильмін жарыққа шығарады. 1984 жылы жоғарғы режиссерлік курсты Георгий Данелияның шеберханасы бойынша тәмамдайды.
Сатыбалды Нарымбетов көптеген толықметражды көркем және деректі фильмдер түсірген, оннан астам фильмдерге сценарий жазған, бірнеше әңгімелер жинағының авторы.
Режиссердің "Жас аккордеоншының өмірбаяны" туындысы қазақ киносының алтын қорына еніп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы мен көптеген халықаралық фестивальде жүлде алған.
Одан бөлек, Сатыбалды Нарымбетов Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жорж Садуль атындағы сыйлықтың және тәуелсіз "Тарлан" жүлдесінің иегері.
Басып шығару