Алматы қаласында кәсіпкер, өндіруші Мұрат Төлегеннің «Қарапайым миллиардер» атты кітабының таныстырылымы өтті. Оқырманға жол тартқан кітаптың тұсаукесірі «КІТ» бизнес қауымдастығы (KIT Business Association) Алматы филиалының ашылу салтанаты аясында ұйымдастырылды.
«Қарапайым миллиардер» кітабының таныстырылымында белгілі психолог, «Biim PRODUCTION» продюсері Дәулет Биімов сөз сөйлеп, кітаптың лентасын қиды. Сондай-ақ, тұсаукесерге «Қарапайым миллиардер» кітабы жарық көрген «ALQA publishing» баспасының өкілдері қатысып: «Жеке тұлғаның қалыптасуы, адам қалай жетістікке жетеді, бизнесте биік шыңды қалай бағындыруға болады деген мәселелер қамтылған және қаза тілінде жазылған кітаптар жоққа тән. Біз осыған дейін ондай кітаптарды шет тілінен аударуға мәжбүр болдық. Бірақ, ол кітаптар өте өзекті тақырыптарды қозғағанымен ұлттық құндылықтарымыз ескерілмейтін. Олардың психологиясы, дүниетанымы басқа. Ал бұл кітапты оқып отырып сол олқылықтың орны толғанына қуандық», - деп атап өтті.
Тұсаукесерде сөз алған автор Мұрат Төлеген «Қарапайым миллиардер» кітабын жазу мақсатына, жалпы ұлттық құндылық пен бизнес әлемінің нәзік иірімдеріне тоқталды.
Аты да, заты да бөлек «Қарапайым миллардер» кітабы бес тараудан тұрады. «Әке мейірім», «Әке арманы», «Өмірмен бетпе-бет», «Миллиардтың дәмі немесе қарапайым кәсіпкер» және «Санадағы төңкеріс» тарауларын оқи отырып, бизнес әлемінің көзге көріне бермейтін нәзік қырларын аңғарып, өз бетіңізше саралауға мүмкіндік аласыз. Бұл кітапта кәсіпкерлік салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар автор 50 мың теңгеден қалай 5 миллиард теңгелік капитал жинағанын жан-жақты баяндайды. Автор құр ғана баяндап қоймай, өмірлік тәжірибелерін мысалға келтіріп, кітаптың өн бойына арқау етіп отырады. Сол арқылы оқырманға өзгеше ой тастауға тырысады. «Қанша жерден мол қаражат тауып, байлыққа кенелсеңіз де өзегіңіз ұлттық құндылықтан нәр алмаса бәрі бекер» деген ой тастайтын автор, дүниеге құнығып кетпеуді сөз етеді. Осы ретте Мұрат Төлеген: «Өмірде бизнес пен ақшадан да жоғары құндылық барын айтпаққа ниеттендім. Ол дегеніміз – ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ, ТӘРБИЕ, МЕЙІРІМ және ӘДЕП», - дейді. Сондай-ақ, кітаптың Кіріспесінде: «Неліктен кітаптың атын «ҚАРАПАЙЫМ МИЛЛИАРДЕР» деп қойдым?» деген сұраққа жауап беріп көрелік. Қарапайым миллиардер – жай ғана образ. Елдің бәрі миллиардер емес, миллиардер атануы шарт емес. Бір қызығы, қоғамда «миллиардер» деген сөз шықса, көз алдымызға ас та төк, қисапсыз байлық елестейді. Тікұшақ, қымбат вилла, яхта, сәнді көлік, бренд киім деген тізім бірінен соң бірі кете береді. Біле білсеңіз, көк қағазы көп демесеңіз, миллиардер де – қарапайым адам. Шын мәнінде, оның сізден түк айырмасы жоқ. Бәрі бірдей ет пен сүйектен жаралды. Сонда біз неге МИЛИАРДЕРЛЕРДІ өзімізден алшақтатамыз? Олар да – адам баласы. Олардың да сіз секілді сезімі, қуанышы, қайғысы бар. Олар да сіз секілді күле алады, сіз секілді жылай алады. Сіз секілді қуана алады. Ендеше неге біздің қоғамда қалталы азаматтар мен қарапайым жандар арасы қатты алшақтап кетті? Екеуінің ортасында алынбас қамал орнаған. Құндылықтары мүлде бір-бірімен қабыспайды. Мен осы олқылықтардың орнын толтырсам деймін. Мейлі бай бол, мейлі қарапайым адам бол, ең бастысы ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАН ажырамасаңыз, маңайыңызға МЕЙІРІМ төгіп, ӘДЕП сақтап жүрсеңіз, ондай ойлардан аулақ боласыз», - деп, кітаптың өзгешелігін өзінше сипаттайды.
«Қарапайым миллиардер» кітабын оқи отырып адамның қалыптасу жолында отбасылық құндылықтың маңызын, оның ішінде әке тәрбиесінің ерекше орын алатынын білесіз. Баланың қалыптасу жолында оны өзгелермен салыстырмау, баланы бетінен қақпай өз мүмкіндігін ашуға көмектесу секілді тәрбиенің өзгеше түрін бағамдайсыз. Ал ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген азамат бизнесті қалай басқаруы тиіс? Компанияны қалай алға жылжытып, оның дамуын жеделдете аласыз? Санаңызда төңкеріс жасау үшін өз-өзіңізді қала жетілдіруге болады? Мінекей, осындай сұрақтарға жауап іздеген кітап кез келген оқырманды бей-жай қалдырмасы анық.
Кітап адам баласы бай немесе кедей болсын, қайткен күнде де қарапайым болуға үндейді. Бұл жөнінде кітап авторы: «Иә, өмірлік мәні бар сұрақтарға бірден жауап таптым деп айта алмаймын. Әуелі өзімді іздедім, санамдағы кедергілердің сырын ұқтым. Бизнестің соңына түсемін деп, кейбір керек қасиеттердің кері шегініп бара жатқанын көрдім. Рас, бала кезімнен әкемнің әдебі мен тәрбиесін бойыма сіңірдім. Өмір жолым әкем нұсқаған бақытқа бұрылды. Одан кенде, кедей болған жоқпын. Бірақ өмірдің әр кезеңіне аяқ артқан сайын өз-өзіңнің рухани әлеміңді толтырып отырмасаң, іші қуыс кеуекке айналасың. Мен осыдан қатты қорықтым. Сол сәтте отбасымның маңызын сезіндім. Әйеліме қарапайым күйеу, балаларыма қарапайым әке керек екен. Біз көбіне ана шындық пен мына ақиқатты шатастырып аламыз. Сыртқа тәуекелшіл, жалындап жүрген, командасына мотивация беретін Мұрат керек болса, үйге мүлде басқа Мұрат керек. Отбасында әйелін жекіп жөндеуге тырыспайтын, айтқанын істеп, көмектесіп жүретін Мұраттың мәртебесі жоғары. Сондықтан әрқашан өзіміздің рөлімізді білген дұрыс», - деп, сөзін түйіндейді.
Басып шығару