Отпантаудың отын жүрегімізде жақтық.
Бүгін Отпантауда от жанар еді - жыл сайын осы күні БІРЛІК ОТЫ жанатын; Ірілік оты, Рухы Тірілік оты жанатын.
Байтақ Еліміздің батысына бір жұма бұрын келетін Наурыз көктемді "КӨРІСУ" мерекесімен Отпантау жотасына от жағып бастайтын ұлы Маңғыстау жұртын Ұлыс күнімен құттықтаймын!
Мемлекеттікті бәрінен биік қоятын бауырларымыз бұл жолы Ел басшысының "жиын - тойды жиыстыра тұру" жөніндегі кешегі жарлығына бойсынды. Мыңдаған кісіні қабылдауға арналған "дастарханымыз далада қалды" деген жоқ. Шашпай-төкпей жиып алып, мұқтаж жандарға тарата бастады.
Жалпақ Елімізге от-жалын шашып тұратын жаның жасымасын, Маңғыстау!
Бұл жолы жотада жаға алмаған отты жүрегімізде жақтық.
Ақыны "ӘР ҚАЗАҚ МЕНІҢ ЖАЛҒЫЗЫМ" дейтін Адай ата ұрпағы сен жаққан оттың сәлесі сол сен сүйген ӘР ҚАЗАҚТЫҢ жанында - жанарында!
Ойдағыдай болғанда дәл осы сәтте мен де Отпантауда өр рухпен өлең оқып тұрар ма едім... Амал күнгі online көрісуімді Қабыл алғайсың, ағайын!
Алақанға жел тигендей жеп-жеңіл.
Шумақ-шумақ жыр желпінді менде бір.
Байтақ Елдің батысында мереке -
Батысында мейрам көңіл - кең көңіл.
Хазар теңіз күнгейінен жел есіп,
Жылы маусым, баяу жылжып келесің.
Мерекенің бөгенайы бөлекше -
Еске салар ескіліктің елесін.
Маңғыстауда
Амал - Көтем - КӨРІСУ.
Сақтағанын - ас - тағамын бөлісу.
Қымбатының көз алдынан табылу.
Реніштен - араздықтан арылу.
Жөн - жосынмен есік ашу сабылу.
Алыстағы ағайынды сағыну.
Азаматы аңыз тыңдап атадан.
Ұл - қыздары үміт алып батадан.
Қазақтығын - азаттығын ұлықтап,
Абыздарын "ӘУЛИЕ" деп атаған.
Келін біткен ханышайымдай киініп,
тізіліп кеп сәлем салар иіліп.
Ақын отыр жарасымға сүйініп,
Абыз отыр Жаратқанға сиынып.
Күй естілер Шерқаладан шерменде.
Сабылдырған сергелдең бе, серуен бе!
Жүрегіңде "Отан" деген от лаулар,
Оттың тауын -Отпан тауды көргенде.
"Мәңгі сенің мекенің" деп тас шауып,
Мәгі белгі қалдыратын өлгенге.
Мың жылдығын танытады даласы.
Майлы қиян - Маңғыстауға келгенге.
Тамашалап су бетінен жел ізін,
Ұрттап - сүйіп аққу қонған теңізін.
Маңғыстауға жеткізе көр, ӨЛЕҢІМ"
ШЫҒЫСТАҒЫ БІР АҚЫННЫҢ ЛЕБІЗІН!
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫНЫҢ әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.