Бүгін белгілі әнші Мейрамбек Беспаев әлеуметтік желідегі парақшасына жазба жариялап, өзіне жасалған қысым туралы айтты. Сондай-ақ, ол қысым жасаушылардан кереғар әрекетін тоқтатуды талап етті.
Беспаев өзінің Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланғанына кей адамдардың қарсы екенін, аяқтан тартып, іштен шалғысы келіп жүргенін көпшілікке жария етті.
«Құрметті Зағипа Яхияқызы!
Мен 2020 жылдың 15 қаңтар күні Қазақстан орындаушылар одағының басқарма төрағасы боп сайландым. Дауыс беруге ұйымның ең жоғарғы басқару органы - құрылтайшылардың жалпы жиыны жасақтаған басқарма мүшелерінің барлығы қатысты. Сайлау өткізуге қажетті кворум болды. Барлық регламент пен заңдылық толықтай сақталды. Хаттама толтырылып, мені бас директор қызметіне кірісуім туралы бұйрық та шығып қойды. Енді келіп, бұрынғы басшылық жаңа басшылыққа қарсы қоқаң-лоққы көрсетіп, әртүрлі жағымсыз әрекеттер арқылы қарсылық көрсетуде. Бұрынғы басшылықтың артында Сіздің ұлыңыз және өзіңіз тұр екенсіз. Сіз заңды түрде сайланған маған, басқарма мүшелеріне қысым көрсетіп, әртүрлі мемлекеттік және құқық қорғау органдарына телефон шалып жатыр екенсіз. Мұныңыз мүлде дұрыс емес деп білеміз! Неге сіз әншілердің шаруасына араласып, алашапқын боп жатырсыз?! Біз соны түсінбей отырмыз. Бұл әрекет-қылығыңыз сіздей үлкен мемлекет қайраткеріне жараспайтын шаруа. Әншілерге тиесілі ақшаға тек сіздің балаңыз иелік ету керек деген ой сізге қайдан келген?! Біз өз шаруамызды өзіміз шешуіміз керек, өзімізге тиесілі қаражатты өзіміз тиісінше жұмсауымыз қажет. Еңбектен түскен қаражат бір қалтаға, нақтырақ айтқанда сіздің балаңызға емес, мың қалтаға яғни маңдай терімен тауып жүрген әншілер мен ән өндеушілердің қалтасына түсу керек. Сізден осындай әрекеттеріңізді тоқтатуды талап етеміз!» - делінген жазбада.
Беспаевтың бұл талабын қазақ эстрадасының біршама жұлдыздары қолдауда. Олар Балиеваның әрекетін ұят деп, Беспаевқа осындай табандылығы үшін алғыс жаудыруда.
Басып шығару