Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ісі сотқа жіберілді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте айтылды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қызылорда облысының экс-әкіміне және облыс әкімдігінің басқа лауазымды адамдарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізді.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс тергеумен аяқталды. Іс №2 Қызылорда қалалық сотына жіберілді. Бүгінге бұл ең соңғы ақпарат», - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші бөлімінің аға тергеушісі Данияр Биғайдаров.
Бұған дейін желіде Қуанышбек Ысқақовтың ұсталғаны туралы қауесеттер тараған болатын. WhatsApp-та таратылған ақпарат бойынша оның көмекшісі, кәсіпкер туысы және тағы бір кәсіпкер бірге ұсталғандығы туралы хабарланды. Содан кейін ресми ақпарат болған жоқ.
2020 жылдың наурыз айында Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың үй қамауына алынғаны белгілі болды.
Қуанышбек Ысқақов 2019 жылдың маусым айында Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Оған дейін ол үш жарым жыл облыс әкімінің орынбасары болып жұмыс істеп, экономика, қаржы, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелеріне жетекшілік етті.
Басып шығару