ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқыту мәселесі бойынша ата-аналарға жағдайды түсіндірді.
«Біз қашықтан оқытуға көшкен кезде ата-ана мен мектеп арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге шыққанын байқадық. Осы кезеңде екі тарап бір-біріне жақындай түсті. Ата-аналар білім беру процесін мүлде басқа қырынан көрді.
Біздің бағдарламаны көріп, көпшілігі қиындықтар жайлы айта бастады. Кейбіреулері оқулықтар сапасы жөнінде де мәселе көтерді. Меніңше, қашықтан оқытудың пайдасы көп. Біз дұрыс жағын көруіміз керек, өйткені, бұл – мәжбүрліктен жасалған шара. Солай болған соң, барлығын пайдаға шешуге тырысу керек.
Біздің мемлекетіміз шектеу шараларын өз уақытында қабылдады. Меніңше, қазір бір-бірімізге кінә артып, сүрінгенді тепкілеп, шу іздейтін уақыт емес. Біз бірігіп, жалпы мүдде жолында еңбек етуіміз керек», - деді министр.
Білім және ғылым министрі мұғалімдерге алғысын білдіріп, олардың еңбегін атап өтті.
«Мен өз әріптестеріме – мұғалімдерге еңбегі үшін, кәсібіне адалдығы үшін алғыс айтамын. Министрлік тарапынан жасалынуы керек игіліктің барлығы жасалады», - деді ол.