Қазақстан Республикасы президентінің штаттан тыс кеңесшісі, экономист Олжас Құдайбергенов зейнетақы қорындағы салым жинағына баспана алу туралы үкіметтің ұсынысымен келіспеді. Оның айтуынша, бұл бастама Қазақстан халқының 1 пайызын ғана қанағаттандырады екен.
«Өткен жылдың қыркүйек айында президент 2020 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта 5 пайыздық зейнетақы салымын алып тастайтынын айтты. Сондай-ақ, зейнетақы қорындағы ақшасына баспана алу мүмкіндігін қарастыруды бұйырды. Ал енді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мүмкіндік тек қорында 10-12 миллион теңгесі бар азаматтарға жасалатынын айтады. Қорында мұндай ақшасы барлардың саны 102 мың екен. Және олардың баспанасы жоқ деп айту қиын-ақ», - деді Олжас Құдайбергенов.
«Нақты айтсақ, бұйрық орындалмады. Жұмыс тобының мүшесі ретінде айтайын, бұл біздің емес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шешімі. Мен мұндай шешімге 100 пайыз қарсымын. Президентке халықтың 1 пайызын емес, 99 пайызын қанағаттандыратын шешім керек еді», - деді сарапшы.
Еске сала кетейік, біршама уақыт бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұл мүмкіндікті қорында кем дегенде 10 миллион теңгесі бар ер адамдар мен 12 миллион теңгесі бар әйел адамдар ғана қолдана алады. Тағы бір айта кетерлік жайт, олар 10-12 миллионды емес, осы сумманың үстіндегі ақшаны ғана пайдалануға рұқсат етілген. Бұл ретте зейнет жасына жетуі міндетті емес.
Басып шығару