Президент Сауд Арабиясы Корольдігі консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла Әл аш-Шейхті қабылдап, Сауд Арабиясын ислам әлеміндегі сенімді серіктес әрі Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған алғашқы араб мемлекеттерінің бірі екенін атап өтті. Бұл туралы Ақордаға хабарлайды.
– Сауд басшылығымен әрдайым байланыстамыз. Тамызда Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудмен телефон арқылы әңгімелескен кезде бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді. Ал қыркүйек айында Инвестиция министрі Халид әл-Фалихпен кездестім. Бұл байланыстар екі ел арасындағы ынтымақтастыққа серпін береді деп есептеймін, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев сауд компанияларының әлемдік нарықтағы мүмкіндіктері мен тәжірибесін ескере отырып, Қазақстандағы жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
– Мен бауырлас, достас Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Біз парламенттік деңгейде бірқатар жемісті кездесу өткіздік. Мұндай жүздесулер елдерімізді жақындастыра түседі. Мемлекеттеріміздің басшылары деңгейінде қабылданған шешімдерді жүзеге асыруда осындай сапарлардың мәні зор деп есептеймін, – деді Сауд Арабиясы Корольдігі консультативтік кеңесінің төрағасы.