ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында АӨК дамытудың және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі бағыттары қаралды.
АӨК дамытудың жаңа тәсілдері туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өңірлерде ауыл шаруашылығын дамыту туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов баяндады.
«АӨК дамыту, оның ішінде ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру – Үкіметтің стратегиялық міндеті. БҰҰ жанындағы Азық-түлік ұйымының болжамы бойынша, еліміздің әлемдік азық-түлік хабтарының біріне айналуға нақты мүмкіндігі бар», – деді А.Мамин.
Аталған шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай АӨК-те еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру және өнім экспортын екі есе ұлғайту жоспарланып отыр, оның 70%-і қайта өңделуі тиіс.
«Әкімдер азық-түліктің негізгі түрлеріне бағаны тұрақтандыруға бақылауды күшейтіп, өңірлерде тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тәсілдерін қайта қарауы, азық-түлікті форвардтық сатып алу тетіктерін неғұрлым кеңінен пайдалануға назар аударуы қажет. Мәселен, мұндай жұмыстар Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстарында жақсы жолға қойылған. Бұл өңірлерде бағалардың ең төменгі өсуі байқалады. Біздің негізгі мақсатымыз – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жалпы агроөнеркәсіптік кешеннің даму әлеуеті өте жоғары», – деді А.Мамин.
Алға қойылған ауқымды міндеттерді іске асыру үшін кезең-кезеңімен жалпы сомасы 4 трлн теңгеден асатын 400-ге жуық инвестициялық жобаны (жыл сайын 70-80 жоба) іске асыру жоспарланып отыр, бұл АӨК салаларындағы еңбек өнімділігін арттыруға және ауылда 500 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Дереккөз: primeminister.kz
Басып шығару