• USD/ KZT - 378.17
  • EUR/ KZT - 429.11
  • RUB/ KZT - 5.88
  • CNY/ KZT - 56.48
Мұханбет Мұратбайұлы: Он адамның тоғызын Тоғжанов сырттан әкелді
04.04.2018, 16:28

Мұханбет Мұратбайұлы: Он адамның тоғызын Тоғжанов сырттан әкелді

Редакциядан: Маңғыстау облысына Ералы Тоғжанов әкім болып барғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан, облыста бірқатар ауыс-түйіс жасалды. Және ол ауыс-түйістер жергілікті жұртшылықтың көңілінен шықпаған сыңайлы. Соңғы уақытта қалыптасқан жағдай соны көрсетеді.
Мұханбет Мұратбайұлы - Маңғыстау облысында ұзақ жылдар басшылық қызметте істеген адам. Жуырда әлеуметтік желідегі парақшасына облыстағы ауыс-түйіске және облыс әкімінің жүргізіп отырған кадрлық саясатына қатысты өз ойын жариялады. Біз осы мақаланы аз-кем ықшамдап жариялауды жөн көрдік. Егер облыстық әкімшілік бұған жауап береміз десе, Bairaq.kz мінберін оларға да ұсынуға дайынбыз. 
 
Мұханбет Мұратбайұлы: Он адамның тоғызын Тоғжанов сырттан әкелді
Түк түсінсем бұйырмасын? Сонда бұлар маған не үшін ренжиді? Менен не күткені? Мен бұлардың "ақсақалының" өз ұрпақтарының, маңғыстаулық жастардың, мамандарымыздың болашағына балта шауып, "Мейлі, шымкенттен алып келсін, Жамбылдан алып келсін, тіпті неге солтүстік Қазақстаннан алып келмейді кадрларды, осындай сөзді қою керек! Абайға қамшы сілтегендер де, Шәкәрімді өлтіргендер де осындай қазақтардың алауыздығынан болған" - деген әкімге жағынып, бірқатар азаматтарымыз жобалағанындай, 16 желтоқсан Тәуелсіздік қарсаңында иттің сүйектен дәмететініндей, өңіріне бір қарғыбау болып тағылатын "Құрмет" орденінен дәметіп, ұрпағының болашағына балта ұрған адамға рахмет айтып: "Сіздікі дұрыс, мен әкімге артық айтып қойыппын" деп кешірім сұрауым керек пе екен? 
Түсінсем бұйырмасын. Мінеки, қандай деңгейге дейін түсіп кеткенбіз. Бұрын, ашаршылық зұлмат заманда қу құлқынның, аштан өлместің қамымен қыз да болса бауырынан шыққан баласын бір қап ұнға айырбастап, байлығы бар шалға тоқалдыққа сатып жіберген болса, енді ешкімге де пайда әкеліп, қайыр тигізбейтін, биліктілердің сары темірін ұрпағының болашағына айырбастаған кісіге мен не деуім керек? Елі кім деп баға беруі керек? 
Иә, ол бүкіл елді былай қойғанда, өз баласы алдында, өз немересі мен шөбересі, бүкіл ұрпағы алдында кінә арқалағаны рас. Сиямен жазылғанды балталап өшіре алмайсың. Тарих деген қатыгез әрі киелі. Бір сәттік ләззаттан гөрі, абайлап сөйлеп, өзінің болашақ тағдырын ойлануы керек еді... Абайламай сөйлеген ауырмай өледі деген осы. 
Мен ешкімнен кешірім сұрамаймын. Себебі менің арым таза, бәрін де он ойланып, тоғыз толғанып, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің 2017 жылдың 14 науырызынан 2018 жылдың 20 ақпанына дейінгі 11 айлық кадрлардың қозғалысы жөніндегі ресми статистикалық есебіне сүйене отырып айтқан болатынмын. Мен үшін келген адам кім болмасын мейлі, ол бұрын маңғыстаудың түлегі болған ба, басқа жақтың туысы ма, ол маңызды емес, ең маңыздысы облыстың жаңадан болған әкімі кезінде сырттан импортталған кадрлар жөнінде болатын. 
Әкім Орал қаласынан алып келген жап-жас тәжірибесі шикі қызды Адай руынан шыққан, Маңғыстаудың тумасы дегенді уәж қылғысы келеді. Ал, мен болсам, 1994 жылы туған, бұдан екі жыл бұрын жоғары оқу орнын бітірген, екі-ақ жыл тәжірибесі бар қыз Маңғыстауда нені көктетпекші, оның үстіне ондай жоғары білімді және одан көбірек еңбек өтілі бар қыздар өзімізде де толып жатқанын, сонымен бірге конкурс деген заңдылықтың да барын, одан қалайша оп-оңай өте салғанын сұрағым келеді. Бірақ, сұрап не қыламын, бәрі түсінікті емес пе? 
Жоғарыда көрсетілген 11 ай ішінде 26 облыстық басқармалардың екеуі жаңа әкім келгенше вакансияда болса, қалған 24 басқарма басшысының 12-сінің немесе тең жартысының бірінші басшысын жұмыс жасай алмайсың, орныңды босат деген желеумен, бірақ әрине, ресми түрде, өз арыздарымен шығарыпты. 20 ақпанға дейін олардың 9-ын алмастырып үлгерсе, олардың 8-і сырттан алып келгендер болып шықты. Бұл ауыстырылған адамның 89%-ы, яғни 90%-ы немесе ауысқан 10 адамның 9-ы əкімнің сырттан əкелген адамы деген сөз. Сұмдық па? Əрине, Маңғыстау тарихындағы рекордтық сұмдық! 
Сонда, мен осы жағадайды айтқан болсам, əкім не үшін өкпелейді, халқым неге, "осындай əңгіменің не қажеті бар" - деп, данышпансиды? Міне, менің түсінбейтінім осы. Жоғарыдағы қызметінен босатылған 12 азаматтың жанұясы бар, бұрынғы Айдарбаевтың уақытында тым жақсы жұмыстарын атқарып отырғандар, енді жұмыссыздар қатарын толықтырды. Олардың бала-шағасын, отбасын кім асырайды?
Осыдан барып, кімнің кім екенін, осындай азаматтармен ың-шыңсыз облыс мәселелерін дөңгелентіп келген Айдарбаев менеджер ме, әлде, оның үстінен кір іздегендей болған Тоқжанов менеджер ме деген біздің жергілікті азаматтық қоғам өкілдерінен, қарапайым, көзі қарақты адамдарымыздың тарапынан орынды сұрақтар туындағаны рас. Қалайша біз осындай жағдайда көрсоқыр, таскерең мәңгүрттердей болып, қарап отыра беруіміз керек? 
Оның үстіне жұртшылық та шыдататын болмады, "осы жайларды облыс әкіміне жеткізіңдер, болмаса, біздерге қабылдауында болуға мүмкіндік жасаңдар, біз сіздерді қоғамдық кеңеске сайлағанда ел ісіне белсене араласу үшін сайлағанбыз" деп үзілді-кесілді талап қоя бастады. Бұл мәселені ары қарай зерделеп қарасақ, "Ақтау теңіз порты" еркін экономикалық аймағының жұмысын жыл сайын жоғары пайдамен ұйымдастырып отырған басшысын да "жұмыстан кетуін" талап етіп, айқайлай берген соң, ол да "өз еркімен" қызметін тастап кеткен. Дәл осындай оқиға "Каспий" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында да болып, олардың екеуіне де басқа жақтан басшылар әкелінген. Олар өздері келгенімен тұрмай, өздерінен кейінгілердің көпшілігін жұмыстарынан қуып, өз командаларын алып келген. 
Қысқасы, облыстағы белді-белді орындарға кадр орналастыруда Елбасы қойған талаптар орындалмастан, жергілікті жердің экономикалық-географиялық жағдайын білу, салт-дәстүрлік, біліктілік, меритократия деген принциптер аяқ асты етілді. Резервтен адам іздеу деген қағидат тіпті ұмыт қалдырылды. Осындай жағдайларды біле тұра, қоғам өкілдерінің ескертпелеріне елең етпестен таскереңдік танытып отыра беруге бір топ аймақтың зиялы азаматтары көнгісі келмей, әкімге ескертуді шешкені рас. Оған біз кінәлі емеспіз. Бізді ит құрлы көрмеген ахуал итермеледі. 
Біз кім келіп, кім кетсе де, өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселесі шешілмей қалады деп қорықпаймыз. Олар Елбасы тапсырмасы тұрғанда орындалмай қайда барады. Бір басшы ілгері, екінші басшы кейінірек дегендей, бәрібір іске асырылады. Тоқжановтың қазіргі жасап жатырмын деп жүрген тіршілігі, бұдан екі-үш жыл бұрын мемлекеттік жоспарға енгізіліп, мемлекет бюджетімен бекітіліп қойған нәрселер. Олар Айдарбаевтың басшылығымен жасалған шаруалар екенін ұмытпауымыз керек. Ал кадр мәселесі, ол аса жауапты мәселе, сондықтан да оған бей-жай қарай алмаймыз. Маңғыстаулықтарға басшылыққа жергілікті кадрлардан, оның ішінде адайлардан адам қойылмасын деген баяғы кеңестік заманның бишікештерінің пәрмені енді жүрмейді. Біз басқа жақтан адам әкелінбесін дегенді еш уақытта да айтып көргеніміз жоқ, бірақ ара салмақ сақталмаса алаңдайтынымыз рас. Неге бізден басқа облыстарға, орталық Астанаға басшылыққа кадрлар тартылмайды? Шынымен Елбасы айтқандай, қазақ барлық жерде де қазақ болса, маңғыстаулықтарға да басқалармен бірдей мүмкіндіктер неге жасалмайды, әлде біздер қазақ емеспіз бе дейтін сұрақтар да туындайды. 
Міне, осы жайларға байланысты әкімнің облыстық кеңестегі жылдық есебі кезінде бар болғаны, басшы кадрларды сырттан алып келумен бірге, жергілікті мамандар арасынан іздестіру мәселесіне де басымдық беруді сұрап едік, жалған әрі нанымсыз комментарийді шұбыртып, сүттен ақ, судан таза адам болғысы келді. Біреуіне де ол жерде қарсы уәж айтпадық. Себебі, ол бізге ешқандай да дивиденд әкелмейтін еді. Бар болғаны "қатын керіс" сияқты болып бағаланып, бәсімізді түсірер-ді. Оны біз түсіндік, бірақ әкім керісуге де әзір тұрғандай көрінді.
Біріншіден, орынбасарларды жұмысқа қабылдауға менің ешқандай құқым жоқ, оларды Президент әкімшілігі (ПӘ) шешеді деп, барлығына ПӘ-ні кінәлі қыла салды. Бұл жалған ақпарат екенін залдағылардың бәрі білетін-ді. Әкім өз орынбасарларына кандидаттарды әрине, ПӘ-мен келісе отырып ұсынады, майлап-сайлап тұрып мінездеп, ұсыныс жолдайды. Оны ПӘ-де қараған болады, кандидаттармен әңгімелеседі, мақұлдайды. Ол кандидаттар Президенттің маңына да бармайды. Сәкеев деген орынбасарын "тіпті танымаймын да" деді, ал, біз оның кімге қандай жақындығы барын ол бұл орынтаққа отырмай тұрып біліп алған болатынбыз. Әр-түрлі жолдармен, тіпті арнаулы органдардың көмегіне жүгіне отырып, сырттан келгендердің қай-қайсысының да кімдерге қай жерде жақындайтынын біліп алу қазір ешкімге де онша қиын емес қой. Бірақ, соншама елді алдаудың қаншалықты қажеті бар еді, ол тек өзінің бедел-абыройын айрандай төкті де қойды. Өкінішті.
Сондықтан да, азаматтар, ағайындар, жерлестер! Әкімнің облыс халқы алдындағы есеп беру жиналысында айтқан сөзіне қарным ашқандықтан әлеуметтік желіде оқырманмен ой бөліскенім рас. Қашанғы сатқын бола бермекпіз? Заман өзгерді емес пе? Біздер осындай болсақ, болашақ ұрпағымыз кезінде бір ұлы ханымыздың түсінде көргеніндей ұсақтап, құрт-құмырсқа, бақа-шаян болып кетпей ме? Оған басқа емес, тап мына өзіміз кінәліміз. Ар-намысы жоқ ұрпақ, мүмкін, ар-намыссыз әкелеріне өкпелегендіктен де, бұл киелі қасиетті талақ еткен болар? Жаныңдағы досыңның астын қазбалаған қарау есептің, дәнеңеге жарамайтын оқалы қарғыбаудың, опасыз аброй-атақтың кімге керегі бар, кімді ұшпаққа шығарады? Сенің оларға қандай ит тірлікпен қол жеткізгеніңді жұрттың бәрі біліп отырған жоқ па? Абыройды ел-халқыңнан алмаған екесің, ол да саған жабысқан бір сор дағы. Ойланайық.
Елбасының бұдан бірнеше жылдан бері "командамен жүруді доғарыңдар деп" айтып келе жатқан сөзіне сенбеңіздер! Ол өтірік. Тіпті қажет болса, кешегі рухани жаңғыру, өндірістік төңкеріс, 5 тапсырма дегендеріне де сенбеңіздер! Бәрі жалған. Себебі оларды құлағына қыстырып жатқан әкімдер жоқ. Немесе, әкімдердің бұл іс-әрекеттері Елбасының мемлекетті басқару тетігінен айырылып қалғанын көрсетеді деп түсінуімізге мәжбүрлейді. Егер, менің осы айтқаным дұрысқа шықпаса, Елбасының тапсырмаларын орындауға келгенде әкімдер бұлайша талтаңдап, ойына келгенін істер ме еді. 
Қорыта келгенде, 700 мыңға жуық, яғни, 1 миллионға жуық халқы бар Маңғыстауда басшылыққа іліп аларлық бір де бір маман жоқ деген көзқарас біздер үшін, маңғыстаулықтар үшін, ар-намысымызды аяққа басқанмен бірдей деп бағаланатынын баршасы, Президент те, Президент әкімшілігі де білгені және тиісті қорытынды жасағаны дұрыс.
(Фейсбуктегі жеке парақшасынан алынды)
4781
0

Оставить комментарий

BAS BAIRAQSHY BAGANY

ERIK RAHYM
Процесс

Жазушы Франц Кафканың «Процесс» дейтін романы естеріңізде ме? Біздің қоғамдағы болып жатқан түрлі оқиғалар бұрынырақта оқыған осы романды тағы бір еске түсірді... Қысқаша сюжеті мынадай еді ғой: банк қызметкері Йозефті дәл өзінің отыз жасқа толған туған күнінде сақшылар тұтқындайды. Оған не үшін ұсталғанын түсіндіріп жатпайды. Не қылмыс жасағанын түсінбеген…



SARAPTAMA

Мұханбет Мұратбайұлы: Он адамның тоғызын Тоғжанов сырттан әкелді
Жеңілген Қонақбаев "бокстың болашағы үшін күресе бермек"

"Боксқа адалмын, сондықтан бокстың олимпиададағы болашағы үшін, жас боксшылар үшін күресті жалғастыра беремін. Бұл соңы емес, бұл - боксты құтқарудың басы. Күрестен қашпаймыз. Бұл - бірінші раунд. Екінші раунд басталуға жақын" деді Қонақбаев Inside the Games сайтына берген сұхбатында.



Мұханбет Мұратбайұлы: Он адамның тоғызын Тоғжанов сырттан әкелді
Чем закончатся выборы в США и что изменится для Трампа и России - три сценария

Промежуточные выборы в США обещают побить рекорды по явке и преподнести сюрпризы. Их итог станет определяющим для оставшихся двух лет президентства Дональда Трампа и отразится на возможном исходе "российского расследования", а также на карьере спецпрокурора Роберта Мюллера.



MERGENSOZ

Мұханбет Мұратбайұлы: Он адамның тоғызын Тоғжанов сырттан әкелді
MUQTAR MAGAUIN

«Ол – Совет (Кеңес емес!) өкіметінің заманы. Енді – Тәуелсіздік аталатын жаңа дәуір. Бірақ бүгінгі Қазақстан өкіметінің (қазір «билік» дейтін болыпты) осындағы байырғы жұрт – қазақ халқына қатысты жүргізіп отырған барлық шаруасы, нақты саясаты мен көпе-көрнеу ішкі пиғылы бұдан екі ғасыр бұрынғы Америка құрлығындағы отаршылардың жергілікті үндіс халқына қатысты төтенше шараларын еске түсіреді. Әлбетте, тікелей, жаппай қырып-жою жоқ, оған мүмкіндік те табылмас еді, әйткенмен, тереңнен, нақты ойластырған және ішінара жүзеге асып та жатқан жүйелі қарекеті ешқандай күмәнсіз, ақиқат байламдар жасауға негіз береді – қазіргі Қазақстан өкіметі осы ел мен жерді мың жылдар бойы мекендеп…

Подробнее

BairaqTV