Mazir
28 дек 11:42korilim:2 345 Қоғам

"Қорғансыздың күні"

 Айтып ауыз жиғанша демекші, жол бойындағы қаптаған кафелердің бірінің жанына келіп аялдадық. Әшейінде толып отыратын кафенің іші де біраз саябырсыған секілді. Оңашалау бұрышқа жайғасып, жеңіл-желпі ас-суымызды алған соң барып, Айтжамал әңгімесін бастаған:
– 1986. Барыс жылы.
– Жыл негізі біздер үшін өте сәтті басталғандай болған.
    Күзде барғанда ауылдан алып келген жап-жаңа суыр тымағымды киіп шығуға асыққан баладай мен де осы Барыстың қысын сағына күткендей күй кешкем. Кейбір демалыс күндері кешкілік айна алдында бір киіп, айналдыра қарап қоятын тымағымды киіп шығуға бала көңілім байыз таптырмаған да болар. Бірақ бұл менің ең соңғы тымағым болар деп ойламаппын ол кезде...
Алматыдағы қаптаған СМУ-лардың бірінде сыршы-сылақшы болып істеймін. Сырттай КазГУдің физ-матында оқимын. Өзім комсоргпін. Сонымен қойшы, «Комсомолка! Спортсменка! Красавица» демекші, менде бәрі бар-тұғын... Өмірдің түбегейлі өзгеруінің өзі болмашы ғана бір сәттерден тұратынын ол кез кім білген?!
    Армандаған қысым да келді. Неге екенін қайдам, бірақ маған жылдағыдан өзгешелігі бірден білінген. Тым суық. Ызғарлы... Жастықтың жалынымен ғана елең қылмағанымыздай көрінгенімен бір түрлі, біздің Алматыға ұқсамайтындай...
    Сөйтіп жүргенде әйгілі Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете түсті. Екі күн бойы алаңнан табылдық. Іштегі қыздарды ұйымдастырып жүрген де өзім. Бір ауылдан алты қыз және көрші ауылдан тағы бір құрбымыз бар. «Снежинка» аталатын жатақханада тұратын «желіккен жетеу» түнімен даурығысып ертесіне құдды бір құда күтетіндей құстай ұшып қайтадан алаңға жетеміз...
    «Сор құдықтың басына, сорға бола қонды әкем!» демекші, соңғы күні ұсталатынымыз ұсталып, қамалып, қалғанымыз қан-жоса болып таяқ жеп «балапан басына» бытырап кетіппіз.
     Түн. Түнгі аспанды айқұш-ұйқыш тілгілеген прожектор жарығы. Сатыр-сұтұр. Бас ауған жаққа қашып келем. Өкпем өшуге айналды. Бір құласам қайтып тұра алмасымды да іштей жобалап қоямын. Әбден сілем қатып, қуғыншы солдат жақындап қалған кезде бір талдың түбіне басымды қорғалақтай отыра кеттім. Сонда байқадым шәпкем жоқ. Шаштарым сүмелек мұз болып тарам-тарам қатып қалыпты. Маған қарайлап сәл іркілген жігітті қуып жеткен екі солдат ұрып жығып, сүйрей жөнелген күйі, мені дубинкамен сипай бір ұрып кете барды. Қанша отырғаным есімде жоқ. Орнымнан әзер тұрдым. Жүруге де шамам жоқ сияқты. Қалай аман құтылғаныма таңым бар. Аяғым тастай. Бармақтарым иілмейді. Үстімдегі жасанды тон тулақтай болып қаудырлай қатыпты. Даладағы ызғармен мұз боп қалған су, ішке әкеліп әрең шешіп, жылу құбырына ілген соң сүмектеп сорғалай бастады. Бағана алаңда өрт сөндіретін машинадан шашылған мұздай судың мұздағы. Тымағым жоқ! Жылап отырып, пешке сүйеген арқам жылу сезіне бастаған сәтте әрең дегенде орнымнан тұрып шәй қойып ішкесін барып, қайта тірілгендей болдым. Ол түні жалғыз жаттым. Қасымдағы қыздар келмеді.
     Ертесіне-ақ комбинатта ашық тергеу мен қысым көрсетіле бастады. Жұмыс орнымыз аяусыз жазалауға кіріскен. Арада екі-үш күн өткенде жұмысқа қаптаған қызыл жағалылар келіп іздестіру шараларын бастап та жіберді. Қолдарында алаңда әр түрлі жағдайда түсірілген суреттер жапсырылған бірнеше фотоальбом. Бәріне қойылатыны бір-ақ сұрақ, «Кімді танисың?!». Сытылып сыртқа шығып үлгердім. Осы кез біреу келіп шынтағымнан тартқанға бұрылып қарасам бізде Бас инженер болып істейтін кәріс жігіті, атын ұмыттым, тегі Пак болатын. Келіншегі шығыстың қызы еді. Содан ба бізді үнемі іш тартып жүретін.
     Мені оңаша алып шығып, келіншегінің: дереу қаладан кетіп қалуымды тапсырғанын айтты. Енді не істеймін?.. Жатақханаға да қайтып баруыма болмайды. Барғанда не істемекпін? Тоным жарамсыз болып қалған. Үстімдегі биттің қабығындай ғана күздік жеңіл жасыл күртеше. Бұл біздің Шығыстың шыңылтыр аязы тұрмақ Алматының өзінде қамсау болып қарық қылмасы өзіме аян. Бас жалаңбас. Қыстығып жылағым да келді. Дәрменсіздік дегеннің не екенін алғаш сонда ұғынғам. Ерінімді тістелеп, түнерген күйі соңынан ердім. Азаматқа рақымет, өзінің «Волгасымен» әуежайға әкеліп самолетке билет алып берді де, Өскеменге ұшырып жіберді. Ары қарай лекерлеп ауылға да жеттім. Үстімдегі жасыл күртешемнің кіп-кішкентай сары жағасын ықтасын еткендей тартқыштап қоямын. Пана іздесем керек. Ар жағынан күннің көзі көрінердей жаға қайдан қорған болсын. Бірақ маған тап сол кез осыдан басқа пана жоқтай көрінген. Аяз бет қариды. Жалаңбас. Құлақтарым қап-қара болып домбығып кеткен. Терісі түсіп жатыр.
    Біздің үй тура орталықта орналасқан. Автобекет те, орталық дүкен, пошта дегендеріңнің бәрі үйге тиіп тұр. Сол кездегі тілмен айтсақ – Центр.
     Ел түгел құлақтанып үлгерген. Үрке қарайтындай. Өзімді шын қылмыскер сезінгендей болдым. Баяғыдай алдыңнан жайраңдап шығатын ауылдастың бірі көрінбейді. Бәрі суықты сылтауратқандай бүгжеңдеп, танымаған боп бұрылып кетіп жатқандарын түсіне алмай далмын.
    Жүгіре басып үйге келіп кірдім. Бұл жерде де маған ешкім келдің екен деген жоқ. Керісінше, жақтырмағандай ма, жоқ, жатырқағандай ма? Әлде өзім осылай секемшіл болып кеттім бе? Анам, киімдерімді түгендеп әлек...
   Түпкі бөлмеге өттім де, жастықты құшақтаған күйі бүк түсіп солқылдап жылай бердім. Естіп жатырмын, көрші-көлем жайлап келе бастады. Хабар білмек.
    Қособаның түбінде Төлеген бақұлдасатын алты қаздай бір ауылдың алты қызының арасынан әзірге мен ғана келіппін. Қалғандарынан хабар жоқ. Ауылдағылар хабарласа алмай алаң болып жүр екен. Олардан мен өзім де хабарсызбын. Жан-жаққа бас сауғалап қашып кетті ме, әлде, қамауда? Кім қайда жүр, бейхабармын. Соңғы түн алаңдағы сұмдықты көзіммен көргеннен кейін ештеңеге сенімді емеспін. Әйтеуір амандықтарын тілеп Құдайға жалына жылаймын. 
"Өмірден алар біздің де бар еншіміз осы болғаны ма?" деген ой маза берер емес. Әбілқасенова Мереке (үлкен Мереке), Әділова Мереке (кішкене Мереке), ауылымызда екі Мереке болғасын осылай үлкен, кіші деп атайтынбыз. Өйткені кішкене Мереке бізден бір класс төмен оқыған. Жүнісова Роза, Жамиғазина Гүлжан, Көкенова Күлнәш, Можанова Гүлжанарлардан ең бірінші болып үлкен Мерекенің анасы келді. Шешемнің: жатыр ана жақта, басындағы шәпкесі де жоқ, деген зілді сөзін естіген сәтте, «анам емес пе, қайдағы бір шәпкені уайымдағанша менің аман келгеніме қуанбайды ма», деп онан сайын жылай түсем.
    Мерекенің анасы болса «естуімше менің қызым бармаған ол жаққа. Ал егер бара қалған болса, онда сенің қызың ертіп барғаны, менің қызымнан ондай шықпайды», – деп қояды. Бала кезден бірге өскен жан құрбым, кластасымның анасы мынадай сөз айтып жатқасын басқалардан не үміт деп мен онан сайын жылай түсемін.
   Ол шығысымен ақылдасып алғандай Жүнісова Розаның мамасы да есіктен сөйлей кірді:
– Әй, Күлбаршын!, (Күлбаршын – менің шешемнің аты. Біз шешемізді тәте дейміз) осы ауыл түгел біледі менің балаларымның жуас екенін. Олардан мұндай қылық шықпайды. Бәрін бүлдіріп жүрген сенің қызың екен. Сол бастап апарған!.. Одан соң кішкене Мерекенің анасы келді. Ол да ұрсып-ұрсып шығып кетті. Сөзін толық ести де алмадым. Әйтеуірі ұрысып жатыр.
– Обал жоқ,бұларға!, деп қояды.
    Менің мына күйім шешеме де қатты батты ма, жоқ, ақталатын сөз таппағаныма білмеймін әйтеуір, келген-кеткеннің бәріне шәпкемді жоғалтқанымды айта берді.
    Кезек енді мұғалімдерге келіпті. Көрші мұғалім Гүлнәр келді. Көңіл-күйі жоқ. Неге бардыңдар дейді, неге, неге?.. Ұғып отырғаным жоқ. Жылай беремін. Қасымда біраз уақыт отырды. Көп нәрсе айтқан сыңайлы. Бірақ бірі де есімде қалмапты.
    Сыртқы есік сықырлап ашылған сайын Әзірейіл кіріп келе жатқандай күй кешем. Құдай-ай, адамға өз үйі де түрмеден артық азапты көрінетін сәттері болады екен-ау деп қоямын.
    Мектептегі іні-қарындастарым келеді, шағымданып. Апалары халық жауы екен. Сол үшін кейбір пәндер бағаларын да төмендетіп қоятынға ұқсайды. Бұл не деген масқара?! Мен неге кінәлі болуым керек? Қайта қорған болудың орнына, бүкіл ауыл қаршадай қызды сонша талағаны несі деп таңмын.
    Сөйтіп отырғанымда ендігі кезек менікі деді ме, мектеп директоры Бексұлтанов Жеңісхан ағай келді. Амалсыздан аяқ-қолым дірілдеген күйі алдыңғы бөлмеге шығуыма тура келді. Дегенмен, директор аты бар.
– Иә, деп ыңырана бастады әңгімесін.
– Басқа-басқа, тап сенен мұндайды күтпеген едік.
– Айтшы енді, осы істегенің дұрыс па?..
     Неше күннен бері маңдайымнан сипайтын бір жылы алақанға зар болып, неше түрлі сөз естіп отырғаныма ызаландым ба, қайдам. Әлде, анама әлгі бір жоғалған шәпкі құрлы құным болмағанына жүйкем сыр берді ме, білмеймін:
– Иә, дұрыс!, дедім, нығарлай.
Ол менен мұндай жауап күтпесе керек-ті, қатты ашуланды.
– Олай болса, қазір, 37 жыл болғанда сені ату жазасына берер еді, сен қазір халық жауысың, түсінесің бе?! – деді түсін суытып. Не бір қатты сөздер айтты. Мен де қатайып алсам керек, енді былқ етпедім. Тіпті көз жасым да сарқылып қалғандай. Ол кеткен соң ініне тығылған жаралы аңдай түпкі бөлмеге пештің артындағы орныма барып сазарып отырып алдым. Жылағым да келмеді. Елдің бәріне не көрінген деп қоямын. Туып өскен ауылымның адамдары, ет жақындарым бәрі жабылып айдаладағы бір кәрістің жасаған жақсылығын жасай алмағаны ма сонда? Не болып кетті мына өмір?.. Үйдің іші, пештің арты ыстық. Бірақ менің сол жаураған жаным жылына алмай аласұруда. Неше күннен бері жанымды жылытар бір ауыз сөзге зар болдым-ау. Жұбату деген сөздің де мәнін енді ұққандаймын.
    Бұлай қорланғанша өлгім-ақ келген.
    Түннің бір мезгілінде, жұрт аяғы басылған соң, жасыл күртешемді желең жамылып, жалаң бас күйі үйден жылыстап шығып бара жатқанымды шешем көрді. Тоқтатпақ тұрмақ, қайда барасың деп те сұрауға жарамады, бірақ. Ойымды оқығандай. Рас, күндіз көршілердің көзіне түспес үшін даладағы әжетхананың өзіне көп бара бермеймін. Жарылып кетсем де шыдап бағамын. Әйтеуір қыстың күні қысқа ғой. Сол абырой. Бұл жолы шешем менің әжетханаға шықпағанымды түсінген сыңайлы. Бірақ соңымнан жүгірмеді. Қой демеді. Әлде, бәрімізді бірдей қинағанша өлсе өліп-ақ қалсыншы деді ме екен, кім білсін?..
  Түн суық екен. Шықпай жатып-ақ шымырлатып тұла-бойымды қаусап алды. Дірдектеп келемін. Аяғымда ұлтарақсыз сүйретпе. Табанымнан өткен ызғар миыма дейін жауратып жіберді. Тезірек өліп қалғым келіп тұр. Бұқтырмаға жақын келдім. Сол, бұйығуды білмейтін, буырқанып, бұрсанған қалпы. Жағалауы қатқаны мен ағыны қатты болғандықтан ортасы қата бермейтінін білемін. Гүрілдеп жатыр. Өзен жағалай біраз жүрдім. Ортасына да бардым. Бәрі бір жан тәтті екен. Өле алмадым. Өлтіре алмадым өзімді. Өзен бойындағы қалың тоғай алаңдағы ыңырсыған, шулаған адамдар сияқты елестей берді. Кері қайтқым да келмейді. Қайда барам? Мені іздейтін бұл ауылдағы жалғыз адам – Апам. Әкемнің шешесі. Өбектейтін сол ғана. Әкем марқұм, осыдан үш жыл бұрын өмірден өткен. Ол тірі болғанда мұндай қорлық көрер ме едім?! «Әкесіз бала, шатырсыз үй секілді» деген сөздің де байыбына енді барғандаймын. Ешкім бұлай басынып, үйге келіп зіркілдей алмас еді-ау, әттең! Қорғансыздың күні деген осы екен ғой?..
  Еріксіз кері қайттым. Қайтып келгенімді де шешем көрді. Жаратпағандай. Бәрібір қайтып келдің бе? дегендей көз қиығымен ғана ұзатып салды. Бірақ үндемеді.
  Тағы да ұзақ уақыт жылына алмадым. Тура, алаңдағы соңғы түнгідей жаураппын. Мүмкін, сәл мызғып кеткен шығармын? Мүмкін, таңға көз ілмедім? Білмеймін. Өңмен түстің арасындағы арпалыс. Құр сүлдерімді ғана сүйретіп жүргендеймін әйтеуір. Ертеңімді елестетудің өзі мүмкін еместей болып барады. Тіземді құшақтап, иегімді тіземе қойып тістенген күйі өз ойыммен іштей арпалысып отырмын. Бұрын бұлай отырсақ апам ұрысып «ырымға жаман» болады деп тиып тастайтын. Соны біле тұра енді маған бәрібір деген іштей көрсеткен қарсылығым ба? Әлде, өлсем өліп-ақ қалайыншы дедім бе?.. 
     Сыртқы есік сықыр етіп ашылды, тағы. Енді жыламауға бекінгем. Бірақ кірген кісіні зор дауысынан бірден таныдым да, біткен жерім осы екен деп ойлағам. Түнде өліп қалмағаныма шын өкіндім.
     Бұл келген партия мүшесі, халыққа сыйлы, беделді қызметкер, алдына баруға бала тұрмақ үлкендердің өзі қаймығатын Әділов Сайлаухан деген ағай. Кішкентай Мерекенің әкесі. Ешқайда қашып құтыла алмасым тағы белгілі, безеріп отыра бердім.
    Кіре сала:
– Әй, Күлбаршын!, қыз қайда, – деді, гүрілдей.
    Шығуға қорқып бұйығып отыра бергем. Соны түсінді ме мен отырған бөлмеге өтті де, қасыма жақын келді.
    Басымнан ұратындай болып көрінгесін екі қолыммен көлегейлей, төбемді жауып төменшіктеген күйі амандасқан сыңай танытқам.
    Керісінше, басымнан сипап тұрып:
– Әй, Күлбаршын!, деп айқай салды.
– Тиіспе балаға!
– Біздің қызды қамап тастапты. Қайта қуан, аман келгеніне!
– Шешесі, Қиша әлі естіген де жоқ. Айтып жүрме. Аузыңа еге бол!
– Бүгін өзім барып парт билетімді өткізіп келдім. Баламнан артық емес, әкесінің ауызын!
– Тек балам аман оралса болғаны...
    Сол-ақ екен қыстығырлып отырған менің көз жасымның тығыны қайта ашылсын. Өкіріп қоя бердім. Неше күннен бері ауылымнан естіген жалғыз ауыз жылы сөз өн бойыма қан жүгіртіп, жаным жылынғандай. Көз жасымды тия алар емеспін. Бірақ бұл жолғы қуаныштың жасы еді.      
    Әсіресе, өмірден түңіле бастаған сәтімде басымнан сипап тұрып: «бәрі өткінші» дегені орнымнан тұрғызды. Бойыма бір қуат берген. Бір ауыз сөздің де құдіретін сол кез ұғындым!
   Сол сөз мені қанаттандырды! Бір күні, үйдегілер көрші ауылға қазаға кеткенде пошта тасушы Күлипа деген әйел әжемнің зейнетақысын әкеле қалды. Әжемнен жалынып сұрап жүрмін. Ол кісі жыларман болып отыр.
– Қайда барасың, ботам-ау, үстіңде жылы киімің де жоқ?
– Бұл азғантай ақша саған қаншаға жетер дейсің, аштан өліп қаласың ғой, – дей береді. Сосын,
– Әже, егер қазір пенсияңызды бермесеңіз бүгін түнде өзімді өлтіремін деп қорқыттым.
– Хат жазып тұрамын. Барған бойда жұмысқа орналасамын, – деп жүріп әйтеуірі алдым ақшасын. Көзге шыққан сүйелдей болмай, қалай болғанда да апамдар келгенше қарамды батырғанды жөн көргем.
    Содан таңғы жетіде көрші ауылға жұмысшылар таситын автобусқа жармасып, мініп үлгердім. Бәрі маған аңтарылыса қалыпты. Халық жауына қарағандай. Үнсіз. Менен көздерін алмайтын сияқты. Мен де қозғала алмай қалдым. Мінген бойда ашық-тесік есіктің алдында қақиып тұрған күйі орталыққа жеткенше қозғалмадым. Тесік-тесіктен кеулей соққан ызғырық аяқ-қолымды сірестіріп, тастады. Адамдар неткен қатігез еді деп қоямын. Әйтпесе, сол автобустың барлығы дерлік мені танитындар еді ғой. Бір қызығы, араларында түрлі себептермен сотталып келгендері де жоқ емес-тін. Сонда олардан қаршадай мен қауіптірек болғаным ба? Біреуі жылы қабақ танытпады-ау, қайтейін. Жаз болса жаяу да бара салатын жеті шақырымның жеткізбей қойғаны-ай, сол жолы... Одан әрі аудан орталығына. Орталыққа жеткен соң да біразға дейін бойымды жылыта алмадым... Мені жауратқан жалғыз суық емес, жылулықтың жоқтығы екенін ол кез ұға алмағам.
    Қойшы, солай, Алматыма да жеттім-ау, әйтеуірі.
    Бірақ бұл жақта мені кім күтіп отыр дейсің? Келген бетте «Снежинка 3» жатақханасына тарттым. Құрбыларымды іздеп жүрмін. Сол желтоқсаннан бері әлі хабарсызбын. Өлі ме, тірі ме белгісіз. Таппадым. Түсінгенім бәрі де тірі сияқты. Тек түгелдей дерлік жұмыстан қуылған. «Сұрай сұрай Ұрымға да жетіпті» демекші, сұрай жүріп табыса бастадық. Жылап көрісеміз. Әңгімелерін тыңдасаң менікінен де сорақы жағдайларды бастан өткізген. Таяқ та жеген, түрмеге де қамалған. Не бір азапты көріпті. Бірақ біреуі де мені сатпапты! Бәріміз қайтадан бірігіп бұрынғы жұмыс орнымызға бардық. Қалай болғанда да жұмысқа тұрып, жатақханаға орналасу. Басқа амал жоқ. Ол оңай бола қоймады. Тіпті маңына жолатар емес. Енді қайда барамыз? Ауылдағы туғаның теріс айналғанда қаладағы азғантай жамағайын саған қалай жылы қабақ таныта қойсын. Көп күндері ашқұрсақ жүреміз. Түнейтін жер жоқ. Топырлап «Саяхат» автобекетін бетке аламыз. Бұл жақта да біз сияқтылар толып жүр. Бір-бірімізді бұрыннан танитын жандардай құшақтасып көрісеміз. Ақыр соңы бәріміз ағайын құсап кеттік. Жігіттер сол жақын маңдағы ет комбинатынан «Либер» деген колбасаны іштеріне байлап ұрлап алып шығады. Таласа-тармаса соны бөліп жеп аламыз. Ішетініміз 1 тиындық «газ вода». 3 тиындық тәтті суын ішуге де тиын санаймыз, қимаймыз. Ыстық пирожки жеу деген біз үшін үлкен мерекеге айналған. Сөйтіп жүріп жұмыс іздеп жүрміз. Еш жер алмайды. Қырсық шалғанда бізді бұл жерден де қуа бастады. Түнімен қашып-пысып ұйқыдан да маза кетті.
    Бірінші Алматы жақта бір ауруханада жұмыс бар деген соң онда да бардық. Сөйтсек ол жерде ауыр науқастардың астын ауыстырып, тосып, астын жусаң әйтеуір қалған құтқан тамақ пен жатар орын береді екен. Жұмыс табылғанша деп амалсыз келістік. Санымыз көбейіп кетті ме, жоқ, орыс доғдырлар жағынан әңгіме болды ма, білмеймін, ол жерден де қуа бастады.
    Арамыздағы еті тірі жігіттер аэропортқа барып түнеуге болатынын айтқан, шұбырып сонда келдік. Топ болып жүруге тағы болмайды. Бөлініп-бөлініп екі-үш адамнан әр-әр жерге қисая кетеміз. Кейде тіпті отырып ұйықтап шығатын да кездер болған.
     Бір күні түн ортасында «облава» басталды. Милиция тексеріп жүр. Сытылып сыртқа беттедік. №92 ші автобус тоқтап қалған. Таң алды, күн суық. Анадайдан «Ақсұңқар» гостиница дегенді көріп солай қарай жеделдете жөнелдік. Барып келісіп көрсек кет әрі емес. Тек бір ғана шарты бар. Бәрін жоғарыдан төмен қарай жуып, тазалап шығамыз, сосын жертөледен ластау бір екі бөлме береді. Онда да адам жатуға арналған бөлмелер емес, қосымша шаруашылықтарға арналған жер. Күй таңдайтын жағдай жоқ, келістік. Милиция мазаламаса, ұйқымыз тыныш болса соның өзі біз үшін жарты бақыт секілді. Әбден азып-тозып кеттік. Сөйтіп жүргенде тағы да күз жақындап қалды. Бір күні тәуекел деп бұрынғы жұмыс орнымызға барып сол жерде прораб болып істейтін Николай Шәріппайұлы деген қазақ ағамызды тауып алып, жылап тұрып жағдайымызды айттық. Жатқан жерің жайлы болғыр сол кісінің көп көмегі тиді. Бірақ бәрімізді бірдей алғызуға шамасы келмеді. Біз де түсіндік. Көзіміз көріп тұр. Мен мәзбін. Әйтеуір жататын жерім бар. Әбден дымы құрыған қыздар енді не істерлерін білмей дал. Ауылда да құшақ жаяр ешкім көрінбейді. Үлкен Мереке сол Желтоқсанда алаңда бірге болған, қазіргі жолдасы Бидайбеков Сансызбай деген азаматтың етегінен ұстап соның еліне Семейге кетті. Кішкентай Мерекем болса, ол қазіргі жолдасы Иманқұлов Айдармен Жамбыл өңіріне кетті. Можанова Гүлжанарым Орал жаққа ол кетті. Содан бері хабарсызбыз. Басқа амалдары қалмаған. Бұларды 10-15 тәуліктен отырып шыққандары үшін оқу тұрмақ жұмысқа да еш жерге жақындатпай қойды.
    Мені жұмысқа алғандарымен қорлауларын тоқтатпады. Сен сол кезде комсомол ұйымының жетекшісі бола тұра дегендей сылтаумен Балқашқа іссапарға жіберді. Кілең алқаш орыстармен қосып құрылыс бригадасымен аттандырды. Танымайтын жер. ПМКнің үйлерін әрлейміз.
     Сол жерде салынып жатқан көрші үйде Желтоқсанда сотталған қазақ жігіттері істеді. Көбі шығыстікі екен. Үзіліс кезінде солармен балкон арқылы тілдескеніме мәз боп қаламын. Соны байқаған орыстар маған комбинаттан апта сайын беріліп тұратын бір шиша арақ, бірнеше қорап темекі, кір сабыныма жармасты. Бермесең жаман болады деп қорқытқансиды. Амал жоқ, келісуге тура келді. Кір сабынымды бермеймін. Темекіні де көздерінше бір екі рет шеккен түр жасап алып қалуға тырысамын. Ондағы ойым ана жігіттерге беру. Ал арақты ала беріңдер дедім. Оларға рақат, жұмыс уақыты аяқталысымен құрал-жабдықтарын тұрған жерлеріне тастап жүре береді. Мен соңына қалып, соларды жиып-теріп, жуып барып кетуім керек. Әйтпесе айлығымды кеседі. Амал жоқ, осының бәрін атқарып болған соң ғана, суық түнде, тас қараңғы көшелермен жалғыз өзім дірдектеп жатар орыныма әзер жетемін.
     Әбден басынатын. Бір күні Балқаштың жағасында демалғанбыз, бригада. Бәрі мас. Ішіп алған. Қайсысы екенін байқамай да қалыппын, жағалауда қызықтап тұрған мені үстімдегі киіміммен суға лақтырып жіберіпті. Өліп қала жаздадым. Балдырлы суды сылқытып жұта беріппін. Көзімді ауруханада аштым. Қорыққандарынан жазылар, жазылмастан мені дереу Алматыға салып жіберіпті. Сөйтіп әйтеуірі бұл бәлелерден де аман құтылдым.
    Бірақ қанша жыл 50 пайыздық жалақымен еңбек еттім. Архивтен алынған айғақтайтын құжатым да бар. Осының бәрін істеп жүргенімде маған елу пайыз ғана жалақы төленетін. Үйдің кезегі деген айтпаса да бірден жойылды. Бәрібір намысқа тырысып бақтық. Қалайда осы қиыншылықты жеңемін деп түнімен талай подъездерді жуып, газет те тараттық. Мұндай күндері әрине кеш қайтасың. Ол кездерде жатақхана біткеннің вахтасында бір-бір тажал орыс кемпірі отыратын. Бізде де сондай Беламор атты кемпір болды. Бір қорап темекі әкеліп беріп қана кіре аласың. Басқа амал жоқ. Өз жеріңде өгейдің күйін кешіп, үніңді шығара алмай сорлау деген осы екен...
   Сөйтіп жүріп-ақ отбасылы болдым. Қызым дүниеге келді. Бірақ қуанышым көпке созылмады. Құдай менен бұл бақытын да көп көріпті. Ұзамай нәрестем шетінеп кетті. Одан кейін бала көтере алмадым. Содан ауруханадан шықпадым. Ұзақ емделдім. Қазақстанның қай түкпірінде қандай көріпкел бар, қандай балгер бар, бәрін араладым. Тек арада жиырма бес жыл өткен соң ғана менің дертім табылды. Сол алаңнан кейін қуғында жүргенде декабрист деп дәрігерлердің де салғырт қарауының салдары. Алғаш сәбиімді босанғанда кесар тілігінен кейін ішімде тампон, салфетка қалдырып кеткен екен. Сол! Адам ит жанды деген осы екен ғой. Жиырма бес жыл бойы қаншама азап шектім, ол былай тұрсыншы, бала сүю бақытынан біржолата айырылдым ғой. Түсіне білген адамға әйел үшін бұдан ауыр үкім болмас! Бірақ керісінше соққы алған сайын қатая түскен секілдімін. Мен жыламауым керек. Керісінше, жылағандарды жұбатуым керек деп үйрендім.
    Содан 25 жасында екеуі бірдей суға кетіп қаза болған жас отбасының артында қалған екі қызын бауырыма бастым. Әрине, ет жақындары түгел дерлік бас тартқан соң ғана. Келісіммен. Бұл жерде де кедергі атаулыны керегінше көрдім ғой. Ол ұзақ әңгіме. Рақымет, күйеуім мені барынша қолдай білді.
    Медицинамен соттасу да маған оңайға түскен жоқ. Сан мәрте моргке де апарып экспертиза жасады. Екі жыл бойы еш ақы сұрамастан қасымда жүріп мені қорғап шыққан Тойкин Орынбек деген азамат, Семей жақтың тумасы екен. Ақыры жеңіп шықты! Бұл Желтоқсандық болғаным үшін қасақана жасалған қастандық екенін де дәлелдеп берді!
    Отаны жасаған, орыстың ілімімен сусындаған З.Аманжолова деген дәрігер: Она оказывается декабристка! Даже на учете не состоит, деп мысқылдағаны әлі күнге көз алдымда қалыпты. Өз қазағым мұндай қастандық істеп жатқанда Балқаштағы мас орысқа не деп ренжиін?! Бірақ кейде таңғалатын да дүниелер болып жатады. Қазақ елі жау санайтын әйгілі Жириновский осы оқиғада менің жағыма шығып мені қорғағанда өзім де таңғалмасқа лажым қалмаған. Сөйтіп, қазаққа қазақтың жасаған бұл қастандығы Жириновскийдің өзін жирендірген-ді! Өйткені бұл іс өте үлкен резонансқа айналды. Содан, 2013 жылы 25 майда бүкіл БАҚ жарыса жазып, теледидарлар түгел дерлік көрсеткен шулы мәселе менің пайдама шешілді! Сонда да кешірдім. Бүлінер тағдырым бүлінді ғой, бір әйелге бола зияным бүкіл Еліме тимесін деп тағы да өзімді тоқтаттым. Солай!
    Одан кейін екі жыл тұра алмастан ауруханада төсекке таңылып жатқанымда да кем-кетікке қолымнан келгенінше жәрдемдесіп өтемін деп іштей Серт беріп едім, тәубә! Қолымнан келгенді жасап келемін!
    Дегенмен сол Желтоқсан, Суыр бөрік, жалғыз Нәрестемнің шетінеуі бұлар бәрі мен үшін үлкен сын болды. Өмір дегенің қатал сынақ деген рас екен. Әлде пешенеме жазылған тағдырым солай болды ма?! Қасыңдағылар да осындай сәтте сыналады. Мен қазір адам танимын. Бір көргеннен-ақ, кімнің кім екенін айнытпай білемін... Сондықтан «Тағдырың өз қолыңда» деген тағылымға таласым да көп, үнсіз келісер тұстарым да бар. Мәселе қай уақытта, қай қырынан қарауыңда шығар...
      Бары осы дегендей Ол үнсіз қалды. Бірақ көз жасын көрсетпеді.
      Менің де кеңсірігімді өксік кернеп, көзім ашыды. Қалай жұбатарымды да білмеймін. Бар тапқан амалым сол сияқты, бөрігімді басына кигізіп едім, шешіп алып сипалаған күйі өзіме қайыра кигізіп:
– Содан бері арада қырыққа жуық қыс өтті. Мен жалаңбаспын! Енді қайтып басыма тымақ тұрмақ бөрік атаулыны кимеуге серт бергем! Еркекшора құсап әлі күнге тек капюшоны бар куртка алатынымның сыры осы. Антым сол, айып етпеңіз... Анам да әлі тірі. Араласып тұрамыз. Өкпелейтін шығармын, бірақ кешіргем. Кезінде менің кесірімнен жапа шектім деген іні-қарындастарыма да көмектесіп тұрамын. Өтеуі ретінде.  
– Тек қанша тырыссам да осы бір оқиғаны ұмыта алар емеспін. Менің жаныма маза бермейтін жалғыз сұрақ, қайдағы бір суыр тымақ анаға баласынан жақын болғаны ма? Сол алаңда тымақ тұрмақ шырқыраған жас та, не бір бас та қалды емес пе?! Басым үспек түгілі, түсіп қалса да енді шапка кимеймін дегенмін, сосын. Кие алмаймын. Шапка кисем алаңдағы шырылдаған жастар есіме түседі. Ұрпағын сатқан, бөркі қақайған ағайлар түседі есіме! Сол үшін де жек көрем шапка атаулыны!  
– Жетім бұрышты жағалап, орыстың шал-кемпірінің жертөлесінде намыстары тапталып қалған ба, қайдам, қазақ интеллегенциясының да қарсылық көрсетер қауқары болмады. Қарсы тұрып ұрпағын қорғағандары саусақпен санарлықтай! Бұғып қалғандары аздай қайсібірі тіпті қаралап хат та жазған!
– Сіздің «Шубаңызды» оқығам. Жалғасы бар, соңынан кеңейтіп жазамын дегесін күттім де. Жазбадыңыз. Сол себепті де, менің осы басымнан кешкендерімді өзіңіздің жазғаныңызды қалағам. Өйткені өз басынан кешпеген адам бұл оқиғаны дәл сол күйінде жеткізе алмайды деп түсіндім. Сіздің маған кигізген суыр тымағыңыз сол болсын, осы оқиғаны жеткізіңізші халыққа. Жо, жоқ, атақ үшін емес. Енді кәртейгенде не керек маған ол атақ?! Керек десеңіз атымды өзгертіп беріңіз. Бәріне келісемін. Тек ел білсін! Мен сияқты қанша жастың қалай қиналғанын, қалай өздерінің де сол жауыздарға қосыла балаларын талағанын түсінсін, білсін! Мүмкін кейбіреулер ұялар?..  
    Нашақорлар мен, алқаштар деген атаумен қаншама азап көргендердің ешқандай да жалған ұлтшыл емес, ел үшін, жер үшін шын шырылдап, асқақ армандары аяққа тапталып жатса да сағы сынбаған ұрпақ екенін жеткізіңізші халыққа. Қаншама жастың тағдыры талқандалып, мен сияқты қаншама қаракөз қарындастарыңыз ана болу бақытынан айырылды.
    Соның салдарынан қаншама адам ұрпақсыз өтті бұл дүниеден. Сүлейменова Клара деген бір құрбымыз, ол да біздің ауданнан, сол желтоқсанда басынан алған соққы салдарынан қайтыс болды. Неше мәрте ота жасатқанымен еш көмегі болмады. Бұл бір-екі мысал ғана. Мұндайлар жүздеп кездеседі, тексерсеңіз! Бұдан асқан қандай жауыздық болуы мүмкін?! Осын жеткізіңізші, өтініш...
Ол тағы да үнсіз қалды.
– Жолдасыма қарасам, жанарын жас жуып кетіпті. Бұл да «декабрист». Кішігірім көрген қиыншылығы да жоқ емес. Бірақ Айтжамалдың айтып отырғаны...
      Бөркімді мыжғылап, киер-кимесімді білмей мен тұрмын...
      «Шапка кисем алаңдағы шырылдаған жастар есіме түседі. Ұрпағын сатқан, бөркі қақайған ағайлар түседі есіме! Сол үшін де жек көрем шапка атаулыны!»...
     Осы сөйлемдер менің де жонымнан осып өткендей. Есіме өзімді қорлағандар мен қорғағандар түсті. Қаралағандар көптеу екен. Иә, қазіргі күні социализмнің кереметі деп дәріптеліп жүрген безбүйрек қоғамның шынайы бет әлпеті, сиқы осы болатын.
    Ал сол заманда «Қорғансыздың күні» мен «Бақытсыз Жамалды» жаздырған уақытқа лағынет айтып өскен «бақытты Айтжамалдардың» армандары асқақ еді, бірақ?!
 
Жарлы БАЙҒАНИН
Басып шығару
на какой слог падает ударение в слове отрочество http://www.mirtetriks.ru история создания что делать чернышевского frutilupik.ru http://toktiblog.ru как жилин планировал сбежать из плена fokusblog.ru https://sigmablog.ru где самое холодное лето в россии fokusblog.ru https://www.sensorfaq.ru сколько звуков и букв в слове язык

where can i buy lasuna - buy generic lasuna online order himcolin pills

besivance eye drops - buy besivance without a prescription sildamax brand

order gabapentin - order gabapentin 600mg sale azulfidine 500mg canada

buy generic benemid - probenecid buy online buy carbamazepine 200mg online

buy celecoxib pill - buy indocin 50mg purchase indomethacin sale

order colospa 135mg pills - cilostazol price cilostazol over the counter

voltaren 50mg sale - cambia online aspirin us

buy rumalaya online - buy shallaki generic elavil canada

mestinon 60 mg over the counter - buy sumatriptan 25mg pill imuran order

diclofenac cheap - isosorbide us cheap nimotop online

Пікір қосу
Janalyqtar toptamasy
"Қорғансыздың күні"11:42«Кітап-Amanat» орталығы ашылды10:55«Кітап-Аманат» орталығы ашылды.10:45АТЫРАУДА «КІТАП-AMANAT» МӘДЕНИ-АҒАРТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ10:21«КІТАП-AMANAT» партиялық жоба аясында кітап орталығы ашылды10:14ШҚО-да алғаш рет бірегей кітап орталығы ашылды09:57«Кітап-Аманат» жобасы Шымкентте жалғасты09:52"Мемлекеттік тіл және БАҚ - 2023" байқауының жеңімпаздары анықталды11:55БОЛАТ НАЗАРБАЕВ ҚАЙТЫС БОЛДЫ11:19«ҚАЗАҚША МӘЗІР» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСЫ ӨТТІ11:52Көк Туға – Құрмет!15:37«Кітап-Аманат» дүкенінде белгілі ақын, Алмас Ахметбекұлы кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.13:19Халықаралық семинар16:39Кеше, Жамбыл атындағы кітапханада белгілі қаламгер, күйші Таласбек Әсемқұловтың 8 томдық жинағының кезекті 6-8 томдарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.20:35қателік10:23"Бір тойым..."10:17Абзал Құспан тик ток паракшасынан алынды16:31ТІЛДЕР МЕРЕКЕСІНІҢ МЕРЕЙІ АСҚАҚ19:24ҚҰДІЕТТІ ОТ МАҒЖАН ЖЫРЛАРЫ «МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН» АКЦИЯСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ18:44«Анасының артынан баласы мен қыздары секіре берген»: Сырдария өзеніндегі қайғылы оқиға туралы куәгерлер айтып берді09:10Қырғызстанда 2027 жылдан бастап пластик пакетке тыйым салынады12:41«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел...»12:311 440 000 ТЕҢГЕ16:48«Азия Дауысы» арма екен?!16:38ТОҒЖАНОВ деген КІМ?15:45Нағыз қазақ – Домбыра!22:30Биыл «Динамо» спорт қоғамына 100 жыл17:36Жаңажол кен орнындағы өрт 14 сағатта сөндірілді10:06Проблемалық несиесі бар адамдарға жаңа кредит берілмейді11:13Ірі мұнай-газ компаниясы арзан бағада жекеменшікке сатылып кеткен11:15