Mazir
17 апр 12:03korilim:489 Adebiet

Құлтөлеу Мұқаш. Қазақтың ДОН-КИХОТЫ

Өтежан Нұрғалиев туралы сыр

Өмірде қатты опынатын жәйттер әркімнің басында кездесуі мүмкін. Менің де өкінішімнің бірі – жанында жиырма жылға жуық жүргенмен, атақты ақын Өтежан Нұрғалиевтың сөздерін таспаға түсіріп алмаппын.

Кейде бір ағыл-тегіл ақтарылатын еді. Әңгіме мазмұнына қарай адамзат тарихының қалтарыс-қырлары, жер бетіндегі түрлі халықтарға тән қасиеттер, осылардың арасынан шығып, дүниенің дамуына тікелей ықпал еткен ірі тұлғалар, әлемнің әйгілі даналары Адам Смит, Вольтер, Гален, Конфуций, Макс Блэк, Сократ, Ницше дейсіз бе… Төрткүл дүниеге мәлім Вергилий Марон, Гомер, Виктор Гюго, Гете, Алигьери, Борхес сынды ақын-жазушылардың ілімдері мен шығармаларынан ұтқыр мысалдар келтіргенде өзіңнің әр жерден үзіп-жұлған «біліміңнің» түкке татымайтынын аңдап, ошарылып отырасың…

Қазақ қоғамының қалыптасуы негізінде де Өтекеңнің тосын, әрі қисынды пайымдаулары қайран қалдырып, төңірегіңе бір сәт басқа көзбен қарай бастар ең.

Ол ұлтымыздың орнын әлемдік кеңістіктегі ең өркениетті елдермен тең дәрежеде қарастыруға ұмтылды. Дегенмен, қазағын аяусыз сынға алатын Абай атамызша, көп жағдайда, ағайынға көңілі толмай өткені де жасырын емес. «Халқың ұлы болмай, әдебиетің де ұлы бола алмайды. Бізге ұлттың болмысын, рухын ту қылып көтеретін таза, терең әдебиет керек!» деген сөзді де жиі айтатын осы Өтекең еді.

«Қазаққа көңілі толмады» деуден гөрі, оның сатиралық эпиграммалары арқылы қоғамдағы келеңсіздікті оңдырмай әшкерелеп, дарынсыз, өлермен замандастарын іреп-сойып салатын Ежелгі Рим әдебиетінің көрнекті өкілдері Горациймен, Персиймен, Децим Ювеналмен, әсіресе, Валерий Марциалмен өте үндес екенін айтсақ нақтырақ болатын шығар. Және Өтежан бұлардың еңбектерін жақсы білген; орайлы тұстарда осыларға да оралып соғып қоятын-ды.

Өстіген Өтағаң өте қайшылықты да адам болатын.

Мәселен, бірде Мұқағалиды «ол да халтурщик қой» деп қалды. Сол секілді «Әдебиетте ұстаз да, шәкірт деген де жоқ. Тіпті, бұлар қисынға келетін нәрселер емес» дегені де есімде. Енді осыдан бірталай өткенде: «Ұстазым Мұқағали Мақатаев ештеңе алмай, тек беруге ұмтылған, поэзиядағы лапылдап жанып, маңайын нұрландырып тұратын алау… Шамшырақ іспетті адам еді» дегені тағы бар. Және бірде: «Тоқаш Бердияров – бәріміздің ұстазымыз. Бізге лириканы сол ақын үйретті. Оған дейінгі өлеңдеріміз ішіп алған адамның сөзі сияқты арсы-гүрсі келетін. Ал Тоқаңның мәнері ісмер етікшінің әдібіндей болатын… Төлеужан Исмайылов – туымыз-тын. Біреулер: «Оған еліктемеңдер. Көре қалсаңдар айналып өтіңдер. Танымаған болыңдар!» деуші еді. Қайдағы! Біз оған сәлем бергеніміздің өзін дәреже көретінбіз. «Төлеужанды арқалап үйіне апарып тастадық!» деп мақтанатынбыз. Ел ол туралы не десе де, туабітті мәдение¬ті ғажап, көп оқыған, аса күшті ақын-ды. Орыстың ең талантты ақындары қандай болса – сон¬дай… Қазақ ақындарының өлеңдерінде алыстан орағыту, жасандылық, мәймөңкелеу сияқты бірдеңелер кездеседі. Төкең ондайдан таза болды. Қазақ өлеңін әлемдік поэзия деңгейіне көтерді» деді.

Үйінің төрінде Асқар Сүлейменовтің портреті ілулі тұрғанын көріп:

– Өтеға, мына досыңызды керемет құрметтейтін сияқтысыз. Жұрт төріне алдымен ата-баба, әке-шешесінің суреттерін ілуші ед, – дегенімде:

– Ой, бұл бір қара басының бостандығын шексіз сүйетін адам. Тек сонысы үшін ғана сыйлаймын, – дей салды.

Сөйткен Өтежан Нұрғалиевтың әр әңгімесінен өз еркіндігін де өте жоғары бағалайтын жан екенін аңғару қиын емес-ті.

– Жиырма жылдай өмірім қоғаммен араласпаумен өтіпті, – деді бірде. – Араласқым келмегендіктен… Оқуға дейін бес жыл қаңғығанмын. Сонша уақыт ҚазМУ-де, тағы бір бес жыл Қарасуда өтті. Және бес жылдай елге кетіп қалғанмын… Бұрын таңды таңға ұрып, кітап оқыдым. Адамдармен сөйлескім келмей. Қасыма маңайлаған кісінің кім екенін анадайдан-ақ біліп тұратындықтан…

Жан баласын місе тұтпайтындай көрінетін ол байсалды қалыпқа түскен бір сәтінде жоғарыда аттары аталған адамдарды: «Бұлар – кейбіреулердей уақытында ғана «жарқырап», ертең лезде ұмыт болатын «выскочкалар» емес, ел санасында мәңгі қалатын тұлғалар!» – деп бағалағаны бар…

(Кейінірек Өтекеңнің осы лебізін көпшілік назарына ұсынғанмын да. «Қазақ әдебиеті», «Өзге түгілі өзімді де ұнатпаймын». 25.05.2001.).

Реті келгенде айта кетейік, менің «Өтежан дауысын жазып ала алмадым» дегенім де аса дәл емес; әйтпесе, түрлі кезеңдерде екі-үш мәрте арнайы сұхбат алғанмын. Бұ жолы әрбір кездесудегі ойларын, мүмкіндігінше, толықтай түсіріп ала алмаған өкінішімді айтпақшы едім. Ақынмен әр ұшырасқанда, ешбір бап тілемей-ақ, маңайдағы жұрттың дабырына, жан-жағыңнан ағылған автокөліктің шуылына да қарамай-ақ, аузынан шыққан сөздің бәрін жазып ала бермеген екем; сонда ол кейін әжептәуір кітап болар еді, белгілі құбылыстар төңірегінде қалыптасқан кейбір қасаң қағидаларды бұзуға жәрдемдесіп, қоғамдық көзқарас көкжиегін кеңейтер еді, осыны ескермей, халықтың қазынасына үлкен қиянат жасаған екем деп қынжылатының рас…

Өтежан өзінің мықты тұстарының әлгіндей болмысының күрделілігінде, пікір қайшылығында, жеке кемшіліктерінде жататынын жақсы түсінетін. Бірде айтты:

– Сүрінуден басқа ештеңе білмеймін. Абай айтады ғой: «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес… Жүрегіме қарасам, инедейін таза емес» деп. Мінімнен басқа түгім жоқ. Кемшілік жетеді менде. Бірақ мені биікке де шығаратын да – сол мінім. Өйткені, өзі олқылығымды өзім көріп отырамын ғой…

Осындай бір әңгіме үстінде («қазақ, қазақ» деп лепіріп, бір-бірімізді шектен тыс дәріптеп, тоқмейілсу белең алыңқырап тұрған тұс еді) халықтың өз-өзіне сын көзбен қарау деңгейі туралы сұрап қалдым. Сонда Өтекең бірден:

– Қазақта қазір бәрі «жеті седі», – деді. – Бірақ сын жоқ. Кемшілікті көрсету, жөн сілтеу деген жойылды. Әрине, сыртынан күңкілдеуі мүмкін. Ашық мінемейді ешқайсы бір-бірін. Оның есесіне «ұлт зиялылары» деп жиі көпіреміз. Қарап отырсаң, үстіне еуропалық костюм киіп, мойнына галстук байлаған анау да «зиялы», мынау да «зиялы». Ал, шынында, ондай дәрежеге жету үшін – ішіңде күн тууы керек қой сенің! Ай тууы керек! Сені анадайдан көргендер кім екеніңді сұрап жатпай-ақ «мына кісіге сәлем беру керек екен» дейтіндей болуың қажет. Ондай жан бар ма? Жоқ! Қазақтың бүгінгі «интеллигенттері» іші кепкен, қалтасының аузы ашық, шамасы келсе, жеп қалуға тырысатын месқарын, атаққұмар, ішмерез, өзгенің жақсылығына мұрын шүйіре қарап, тек өзiн ғана әулие қылып көрсетуге ұмтылатын баяғы феодализм заманының адамы. Абайды да қатты түңілткен солар еді. Өздері әлі күнге дейін еш өзгерген жоқ.

– Оны өзгерту үшін не істеу керек?

– Қазақты ұру керек. Және өз қамшыңмен өзіңді сабауың керек! «Самобичевание» кәдімгі. Әйтпесе ол осы бетімен кете берсең, бұлаққа су ішуге барып мақтанамын деп жарылып өлген бақа сияқты жарылып өлесің бір күні.

– Сіздің де жұртыңыздан түңілгеніңіз бе бұл сонда?!.

– Жоқ. Қазақта интеллигенция түбі бір қалыптасады. Өз заманы келеді оның. Бірақ ол дәуір мен үшін туған жоқ. Өте өкінішті. Бірақ солай…

Елдік биік мүдде бағытында өзге түгіл өз-өзін оңдырмайтын Өтежан ұлттық идея айнасындай сонау Абайға да анда-санда «шүйлігіп» қойып отыратын. Сол сияқты, елге кең танымал, кейбір талантты тұрғыластары туралы «ол бір барып тұрған дарынсыз адам» деп баспасөзге сұхбат берген кездерін де білеміз. Мұндай әрекеттің себебін:

– Мен кейде елдің ұлыларын ақымақ қылып, ақымақтарын

ұлы етіп көрсету арқылы шындықты өзгеше қырынан көрсетуге күш саламын, – деп түсіндіретін еді.

Ал мұндай «бейбастақтық» тек Өтекеңе ғана кешірімді сияқтанатын.

Және бұл оның нақты бір тұлғаларды тым идеяландыруға көрсеткен қарсылығының белгісіндей, тоқыраудың, топастанудың алдын алуға деген талпынысындай көрінеді.

– Жалпы, шындықты айту оңай нәрсе емес, – деуші еді, – Ешкім оны орап әкеліп, мә саған шындық деп әкеліп бере салмайды. Шындық үшін мойныңа арқан түседі, бүйіріңе пышақ кіреді. Таза қалпында кездеспейді ешқашан. Оны әбден қымтап, алдарқатып… Мына мен құсап жақсы көйлегін киіп, жуынып-шайынып, таранып келу керек шындық айту үшін…

Өтежан дүниетанымының даралығы, талғам-түйсігінің бөлектігі, көзқарасының тосындығы үшін де небір зәбірді көріп бағыпты. Талай қуғынға да ұшырапты. Жалалы да болған жағдайы жеткілікті екен. Тіпті, осындай қорлыққа шыдамаған жалғыз ұлы өз-өзіне қол салып, мерт болып кетті. Мұның бәрі Өтежанға оңай тимегені түсінікті…

Алайда ол тез майырылатын күйректер қатарынан емес-ті. Жаратылысы ерен, еменнің иір бұтағындай аса қайсар, қыңыр

жан өз жарасын өзі жалап жазылатын бөрілерше, жан-жүрегі қан жылап, іштей күңірене жүріп өміршең өлеңдерін жазады. Қайғыны еркөңілдікке, әзілқойлыққа жеңдіруге тырысады.

– Ешкімнен таяқ жемеп ем,

Шапалақ жедім бір қыздан.

«Себебі мұның не?» деп ем, –

«Махаббат, – деді ұрғызған»…

Бүйте берсе, ғашықтың

Көрген күні құрысын.

Жан сырымды ашыппын,

Таяқ жедім сол үшін…

Соңынан бірақ, сол қызға

Мың рет «таяқ жегіздім», –

Жегізген емей немене –

«Сен үшін туғам!» дегіздім, –

міне! Өлең деген осындай әрі қалжың, әрі уытты, әрі шын болуы керек. Және өте еркін болу керек, – деп отыратын.

…Өтекеңдей рухани ашқарақ кісіні кездестірген емеспін.

Өз кітапханасы да бай болғанымен, ылғи «Букинист» кітап магазиндерінен шықпайтын.

Бірде сол дүкендердің бірінде, жаңылмасам, жазушы інісі Дидахмет Әшімхановпен жолығып қалыпты. Дидекең амандасқаннан кейін:

– Иә, не істеп жүрсіз мұнда, Өтаға?! – деп қалса керек. Сонда ағасы:

– Сен өзің неғып жүрсің, бұл – менің жұмыс орным ғой! – деген екен.

Бағасы бес мыңнан бастап он бес-жиырма мыңға дейін баратын отыз, қырық баспа табақтық сирек кездесетін, қымбат кітаптарды дүкен сөресіне екі-үш сағат сүйеніп тұрып, қотарып оқып алып, шығып жүре беретін. Оның бұл әдетіне үйренген сатушылар Өтекеңді қатты сыйлап, жандары қалмай қызмет көрсетуге ұмтылатын.

Сәтбаев – Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы үйінің жанында «Өтежан аллеясы» атанған мүйіске серуенге шыққан сәттерінде қолындағы пакетінің түбінде міндетті түрде бір-екі кітап жатады. Олары көбінесе әлем классиктерінің кітаптары немесе әйгілі философтардың дүниелері болады.

Кітапты сызып, шимайлап оқитын әдеті. Кей тұсқа жеке пікірін, көзқарасын жазып қояды. Біздей інілеріне сұраған кітабымызды екі-үш мың теңгеге сататын да «тәртібі» бар-тын. Мысалы, Әлжаппар Әбішевтің «Шерлі шежіре» және Бекежан Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» деп аталатын кітаптарының әрқайсын екі жарым мың теңгеден сатып алғаным есімде. Егер осындай кітаптарды оқып болған соң қайтадан апарар болсаң, орнына сондай деңгейдегі басқа кітаптар берер еді.

Қазір ойласақ, Өтекеңнің кітап сатуы дүниеқұмарлық емес, соның бағасын қалайда сезіне жүрсін деген өнегесі секілді.

Бір қызығы, кейінде ол өзін кітапқұмар деп санамауға айналды:

– Бұрын соңына түсіп жинаушы ем. Қазір тек коллекция жиюшы деңгейіне түсіп қалдым, – деді. – Бұл дегеніңіз – кітапқұмарлықтың біткен жері. Бірақ қалған ғұмырымда іздеп өтетін кітаптарым бар. (Оларды таба алмайтынымды да жақсы білемін). Мысалы, Лев Толстойдың шығармалары. Үйде сексен томы тұр. Енді оның он томын қалайда қолға түсіруім керек қой. Көпшілік кітапханалардан немесе біреулердің үйінен ұрлау керек… Я сатып алуға тиістімін. Ал оның бір томы, кемінде, бір дөнен қойдың құны…

Әр тұстарда ақын-жазушылардың қол боста айналысатын әуестігін білуге қызыққандықтан, осы, Өтекеңнің ермегі немене екен деп сұрастырып жүрдім. Сонда Қадыр Мырза-Әли: «Өтежанның кезінде дәрет алатын мыс, жез құмандарды жинап жүргенін көргенмін. Күміс құмандарды жинауға ақшасы жетпеген болу керек» деп еді.

Кейін Өтекеңнің өзінен сұрағанымда:

– Мен домбыра да шертем… Ән де шырқаймын, сурет те саламын… Өсек те айта білемін… Жеті түрлі өнерім бар. Бірақ мені еркелетіп, сол өнерді тамашалап жатқан кім?! Мені көрсе, атасына нәлет, осы пәлеге жуымайық деп анадайдан қашады. Оған да үйрендік. Және қазір менің домбыра тартатын компаниям жоқ… Мен тегінде, дүние-мүлік, киім-кешек… дегенді былай қойып, творчествоға да аса құмартпайды екем. Маған ұнайтыны – соның процесі. Өлеңді қалай жазғаның, оны жұртқа оқығаның, содан соң олардың кітабыңды лақтырып тастағаны немесе әжетханада пайдаланғаны… қызық. Бәрі де өтеді, кетеді ғой. Ал кезінде керек қылмаған нәрселерді артынан іздейтін де сәттер болады. Мысалы, біреулер әлдекімнің дауысын тыңдағысы келмейді. «Осыны естімесем екен. Тезірек құрыса!» деп тыжырынып, қос құлағын бітеп алады. Енді біразырақтан соң ашса, маңай – тым-тырыс. Әлгі жиіркенген адамы жоқ. Кетіп қалған. Оның дауысы, өзі, шынында да, сонша тартымды дауыс емес-тін. Бірақ, бәрібір, аналар елегізіп, сол үн қайта естіліп қалар ма екен деп елеңдей бастайды. Әне, осы үдеріс ұнайды маған, – деді.

– Кейінде, осы, көпшілік өлең оқуды неліктен сиретті екен? Сіз өзіңіз оқырманым кімдер деп ойлап көрдіңіз бе? – деп сұрадым.

– Оны қойып, менің өмір бойы өлең жазғанымды ешкім мойындамайды. Жүрген бір қылжақпас. Қырт… Әркімге бір тиісіп жүретін жынды шал деп ойлайды. Немесе жолы болмаған ақымақ деп қабылдайтыны анық. Ал мен – ақынмын. Таза… Кәдімгі, тырнағымның ұшынан бастап… мына, шашымның шетіне дейін ақындықтан басқа ештеңем жоқ. Сондықтан ақындыққа тиіскен адамды ақын болса да аямаймын, әкім болса да аямаймын. Бізді сұғып отырамын…

– Кейбіреудің сіздей адамды жақтырмайтыны заңдылық қой ендеше?..

– Қазақ менің өзімді ғана емес, өлеңімді де ұнатпайды. Газеттер бір де бір өлеңімді баспайды. Басса, ол газетті жабады, не болмаса, редакторын алып тастайды. Өзіме соқтықпайды, өйткені, жақсы да көруі ғажап емес, бірақ қоғам мені қабылдамайды. Баспалар да мені керемет таниды. Бәрібір, шығармамды шығармайды. Өйткені, мен жиырма жасымнан бастап классик болған адаммын. Былайша айтқанда, қазақтың белгілі ақыны емес, классигімін! Пушкинді білесің бе? Әне, мен сол Пушкин секілді ақын болғанмын ғой кезінде…

– Қызғанғаныштан шығармай ма сонда?

– Иә, жақсылықты қызғанатын болуы керек. Әйтеуір, кітабымды шығаруға құлықсыз. Әлде талғамы жетпейді. Я, қорқады. Мұның нақты себебін айтып бере алмаймын. Әйтеуір, факті сол – менің дүниемді шығарғысы келмейді…

– Қисық, қыңыр деп жоғарыдағы кейбір ағайындар да жарата қоймайтын шығар.

– Оның рас. Мысал келтірейін бе? Мәселен, мен жетпіс жасқа толдым. Жетпіс жасқа толғанда міндетті түрде астына ат мінгізіп, үстіне шапан жабатын дәстүрді біліп те, көріп те жүрсің. Ал маған ешкім ат та мінгізген жоқ, шапан да жапқан жоқ. Үстімнен жеті адам хат жазды: «Құдай келтірмесін оны!» деп. «Өтеке, келмей-ақ қой! Сенсіз де күнелтерміз. Алматыңда жүрсің ғой. Енді сол жерде өл!» деген мағынадағы хат. Бұл баспасөзде жарияланды да. Басты себеп – маған әбүйірді қимайды, туған жерді қызғанады. Барсам, ел мені сүйеді, халық алдында абыройым асып кетеді. Бірақ менің оқырмандарым – кәрілер. Түгелдей дерлік өліп те бітті өздері. Кейбір жастар ұнатуы мүмкін. Біреуі жек көруі мүмкін. Екіншіден, ел ағасы байқауы мүмкін: «Өй, мынау кім?! Мен білмейтін адам ғой өзі!», – деп Нұрекең қызығуы ықтимал. Билік басында отырған үлкен адамдарға арнап талай өлең жаздым. Жағымпаздық сарындағы емес, тамаша өлеңдер. Жиырма поэма туыпты. Елбасына он шақтысын арнаппын. Одан, төмендегілерге… Бәріне жаздым… Және жолдадым оларды. Оған себебім болды. Маған тұрмыстың қиындығы батты. Үй сұрадым – үй берді. Орден сұрадым – орден берді. Енді ескерткіш орнатуы да мүмкін мен өлсем. Соны қызғанады…

Кейінірек аңдағанымыздай, Өтекең сағының сынуы, әсіресе, балаларының анасы, жан-жары Күләш апайға қатты соққы болып тиді.

– Мені белгілі белеске шыққанда «адам қатарына қосылып кете ме» деген үміті ақталмады ғой. Мені де басқа емес, сонда көбінесе, Күләштің жүдегені қинап еді, – деді қабаржып.

Арынды ақынды мәпелеп күткен Күлекең көп ұзамай қайтыс болды.

Баласы өлгенде де аса сыр бере қоймаған Өтежанға жарының ажалы ауыр соқты.

Қазір байқап отырсақ, ешқайда жарияланбаған өлеңдерінің бірінен сондағы аздап ашынған мінезі бой көрсетіп қалатындай:

– Шіркін, менің еркін елім,

Отаным,

Өмір бойы қызығыңа батамын.

Шыққан күнмен жүгіремін

жарысып,

Күн батқанда мен де ұяма

жатамын.

Қандай жайлы іңірдегі

салқын жел,

Жусап жатса жабағы ну,

жалтыр көл.

Топырағыңда жас баладай

аунаймын,

Туған жерім алтын бесік,

алтын жер, –

деп жазушы ем бір кезде,

өрендерім,

Москвада шығушы ед

өлеңдерім.

Шіркін, менің өлмейтін,

өлеңдерім!..

Ажал келіп менің де

жарымды алды,

Жарымды емес, қолдағы

барымды алды.

Атылмайтын оқ қалды

пистолетте,

Сатылмайтын ақшаға

арым қалды.

Ажал келіп қойныңнан

жарды алады,

Арт жағында еңіреп

шал қалады.

Шал болса да өлеңмен

ақша сұрап,

Айуандарға баруға арланады.

Халқым маған: «Өтеке,

жазба, – дейді, –

Жазудан көрген сорың

аз ба?!» – дейді.

Шындық маған жетпісте

жетім болдың,

«Жетімдердің жүрегін

қозға» – дейді…

Қаңқылдаған қазым

бар жүрегімде,

Қайта келер жазым

бар жүрегімде.

Жырым неге өледі шындық

көрмей –

Қазақ дейтін әлемнің

ұлы елінде?!

Өтірік пен өмірге кезек малтып,

Өлең кетіп барады

қаздай қалқып.

Жетпіс жасқа келгенде

жазба дейсің,

Жазбай қайтіп жатамын,

жазбай қайтіп?!.

Жазба десең, шындыққа

көсілейін,

Өтірікті өмірде өшірейін,

Жаза алсам, өмірдің

баянсыздау

Есте қалған өлімін көшірейін.

Әуелі бас қосқаным –

Жағалбайлы,

Жағалбайлы жылқысын

баға алмайды.

Өзім – тірі,

Қолымда қаламым бар,

Қаламымды қолымнан

ала алмайды.

Ажал келіп қолымнан

жарды алады,

Қағаз бенен қаламды

ала алмайды!

Беттен алып,

бетпақта беттеседі,

Еттен алып, етімнен ет кеседі.

Қарсы алдымда ақ қағаз,

Бетім – шындық,

Шал мен шындық

осылай беттеседі…

Осының бәрінен ақынның санасы сансыраған, шаршаңқыраған тұсы байқалады. Білуімізше, Өтекең жас кезінен-ақ өлеңді көп түзеп дағдыланбаған адам. Жасамыс шақта туған дүниені кесіп, жонып, екшеп отыруға тіптен құмартпаған. Қалай жазылды, солай тастай береді. Оның бір себебі, жазғаны басылып та жатқан жоқ. Жырлары өз көңілінен шықса жетіп жатыр…

Бір қарағанда, кей шығармасы, расында, салдыр-салақтау көрінер. Сонда да шайырдың өз күрделі табиғатына сәйкес белгілі тәртібі, айрықша заңдылығы бар.

Соңғы бір тілдескенімізде:

– Адам болып кетуім мүмкін ғой, ә, осылай сөйлей берсем… Адам болып кетем бе? Қалай ойлайсың?! – дегені жадымда тұр.

Бұдан бірталай өткенде келместің кемесіне мініп, өзі де аттанып кетіп еді.

«Қазақ үні». 15.12.2014.

Суретте: Өтежан Нұрғалиев. 1970 ж.ж.


Басып шығару
что такое морфологический разбор имени существительного http://webgraal.ru на какие вопросы отвечает глагол настоящего времени sigmablog.ru http://www.sensorfaq.ru что такое толерантность в межнациональных отношениях обществознание toktiblog.ru http://www.openkrokzo.ru какие горы расположены на территории франции webpilyla.ru https://www.lukiblog.ru почему образуются приливы и отливы краткий ответ

Пікір қосу
Janalyqtar toptamasy
"Қорғансыздың күні"11:42«Кітап-Amanat» орталығы ашылды10:55«Кітап-Аманат» орталығы ашылды.10:45АТЫРАУДА «КІТАП-AMANAT» МӘДЕНИ-АҒАРТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ10:21«КІТАП-AMANAT» партиялық жоба аясында кітап орталығы ашылды10:14ШҚО-да алғаш рет бірегей кітап орталығы ашылды09:57«Кітап-Аманат» жобасы Шымкентте жалғасты09:52"Мемлекеттік тіл және БАҚ - 2023" байқауының жеңімпаздары анықталды11:55БОЛАТ НАЗАРБАЕВ ҚАЙТЫС БОЛДЫ11:19«ҚАЗАҚША МӘЗІР» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСЫ ӨТТІ11:52Көк Туға – Құрмет!15:37«Кітап-Аманат» дүкенінде белгілі ақын, Алмас Ахметбекұлы кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.13:19Халықаралық семинар16:39Кеше, Жамбыл атындағы кітапханада белгілі қаламгер, күйші Таласбек Әсемқұловтың 8 томдық жинағының кезекті 6-8 томдарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.20:35қателік10:23"Бір тойым..."10:17Абзал Құспан тик ток паракшасынан алынды16:31ТІЛДЕР МЕРЕКЕСІНІҢ МЕРЕЙІ АСҚАҚ19:24ҚҰДІЕТТІ ОТ МАҒЖАН ЖЫРЛАРЫ «МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН» АКЦИЯСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ18:44«Анасының артынан баласы мен қыздары секіре берген»: Сырдария өзеніндегі қайғылы оқиға туралы куәгерлер айтып берді09:10Қырғызстанда 2027 жылдан бастап пластик пакетке тыйым салынады12:41«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел...»12:311 440 000 ТЕҢГЕ16:48«Азия Дауысы» арма екен?!16:38ТОҒЖАНОВ деген КІМ?15:45Нағыз қазақ – Домбыра!22:30Биыл «Динамо» спорт қоғамына 100 жыл17:36Жаңажол кен орнындағы өрт 14 сағатта сөндірілді10:06Проблемалық несиесі бар адамдарға жаңа кредит берілмейді11:13Ірі мұнай-газ компаниясы арзан бағада жекеменшікке сатылып кеткен11:15