Түн ауа теледидарға телміреді футболсүйер қауым. Бүгін! УЕФА Чемпиондар Лигасының 1/8 финалы. Көп күттірген аламан бәйге. Болжамның бәйгесі. Әнұраны денеңді шымырлататын айқас. Алаңдағы айқас.
Қош! Бүгін, яки 19-ақпан күні түнгі сағат 2:00-де Чемпиондар Лигасының ширек финалында Дортмундтық «Боруссия» мен «ПСЖ» (Пари Сен-Жермен) командаларының өзара текетіресі басталады. Алғашқы матч десек те, толғандырары көп, ойға салмақ салатын бәсеке. Бұрын дәл осы сары жейделі команданың тізгінін ұстаған Томас Тухель қазір париждік ұжымның бас бапкері.
«Сигнал Идуна Парк» стадионындағы кездесуде сары жейделі команданың жаңа ойыншысы Эрлинг Холандқа артылатын үміт көп. «Боруссия» сапына қосыла сала алаңда атой салып, ойын сайын гол тоғытқан жас жігіт жанкүйерлердің көзайымына айналып үлгерді. Десек те, Фавр бұл ойыншысын осы матчта қолдануы екіталай. Өйткені, дортмундтықтар өз алаңындағы ойында қақпасын голдан аман сақтауға ұмтылатын сияқты.
Айта кеткен абзал, 1/8 финалдың алғашқы ойынына команданың тіреуші фигурасы Марко Ройс пен Юлиан Брандт қатыса алмайды. Ал орталық шепте ойнап жүрген Томас Дэлейнидің алғашқы минуттардан алаңға шығуы неғайбіл.
«ПСЖ» - қазыналы команда болса-дағы УЕФА-ның бас турнирінде жолы болмай келе жатқан клубтың бірі. Құрамында Неймар, Мбаппе сияқты желаяқ ойыншылары бола тұра бас турнирде ортан қол командалардан аса алмай қалып жүр. Биылғы маусым – париждік команда үшін тағы бір сынақ, тағы бір мәрте мүмкіндік.
Испаниялық Лаос қазылық ететін ойынға «ПСЖ» қатарынан төрт бірдей ойыншы қатыса алмайды. Себептері әр алуан. Олар: А.Аушиш, К.Дагба, А.Диалло, Л.Паредес. Қалған ойыншылары ауру-сырқаудан, жарақаттан дін аман.
Қос команда бір-бірімен 2010 жылғы Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінен кейін кездеспепті. Осыдан тура он жыл бұрын өткен топтық кезеңдегі екі ойын да тең есеппен (0:0, 1:1) аяқталған. Сол жылы топтан бірінші орынмен париждік команда шықса, бір ұпайы «Севильядан» кем түскен «Боруссия» турнирді әрі қарай жалғастыра алмады.
Букмекерлік кеңселер екі командаға да тең коэффициент берген. Дегенмен, «ПСЖ» үлесі сәл ғана жоғары екенін айта кеткен жөн. Бәсқұмарлар бұл матчтан тең нәтиже күтетін секілді.
Сондай-ақ, дәл осы уақытта Мадрид қаласындағы «Ванда Метрополитано» стадионында «Атлетико» мен «Ливерпуль» бақ сынасатынын да айта кеткен жөн.