2022 жылы Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына шетелік көрермендер қатыса алмайтыны туралы ақпарат шықты.
Көрермендер мен билеттерді сатуды ұйымдастыру механизмі әлі күнге дейін қарастырылу үстінде. Бұл туралы ақпарат Халықаралық олимпиада комитетінің сайтында жарияланды.
Халықаралық олимпиада комитеті атқару комитетінің отырысын өткізіп, қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын қауіпсіз ұйымдастыру мәселелерін қарастырған.
«Билеттер Қытай территориясында тұратын көрермендерге, егер олардың денсаулығы антиковидтік талаптарға сәйкес болғанда ғана сатылады», - деп жазылған Халықаралық олимпиада комитетінің хабарламасында.
Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысушылар толық вакцина алмаған жағдайда, Бейжіңге келген бетте 21 күн карантинге жабылады. Ал журналистер күн сайын тест тапсырып тұруға міндеттеледі.
Қысқы Олимпиада ойындары Бейжің қаласында 2022 жылдың 4-22 ақпан аралығында өтеді. 4-13 наурыз аралығында қысқы Паралимпиада ойындары өтеді.