УЕФА келесі маусымда «Барселона», «Реал» мен «Ювентусті» Суперлиганы ашуға қатысқаны үшін Чемпиондар лигасынан шеттетуді жоспарлап отыр.
Prosports.kz мәліметінше, шеттетуден бөлек, клубтарға ірі көлемде ақшалай айыппұл салынуы мүмкін. Егер санкциялар қолданылатын болса, онда бұл үш клуб Спорттық арбитраждық сотқа (CAS) шағым түсіретіні атап өтілді.
Еске салайық, 12 команданың қатысуымен Суперлига 19 сәуірде құрылды, бірақ екі күннен кейін тоғыз клуб жарыстан бас тартатынын мәлімдеді. Тек «Барселона», «Реал» және «Ювентус» осы уақытқа дейін турнирден шығатындығын мәлімдеген жоқ. 7 мамырда УЕФА Суперлиганың бұрынғы қатысушыларын жазалау туралы шешім қабылдады. Тоғыз клубтың әрқайсысы бүкіл Еуропада футболды дамыту үшін 15 миллион еуро қайырымдылық жарнасын төлейді.
Сондай-ақ клубтар бір маусымда УЕФА қанатының астындағы клубтық жарыстарға қатысудан түскен кірістің 5%-ін өтемақы ретінде қайтаруға міндеттеме алды.