Тексеріс барысында Astana Motorsports командасының капитаны әрі директоры Артур Ардавичус оқу-жаттығу жиындарын өткізуге шектен тыс ұсыныс түсіру арқылы мемлекеттің 800 миллион теңге қаражатын қалтаға басқаны анықталған. Бұл туралы арнайы өткізілген брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екінші бөлімінің басшысы Сергей Перов мәлімдеді.
"Ол аталған қаражатты шетелдік және отандық компаниялар арқылы айналымға түсіріп, кейін өзі иемденген. Ардавичус аталған іске қатысты куәлік беру үшін бірнеше рет шақырылды. Бірақ ол шетелде жүргенін сылтауратып, қара көрсетпеді", - деді Перов.
Қазірдің өзінде Ардавичустің ақша жымқырғанын айғақтайтын дәйектемелер жеткілікті. Сондықтан, ол құзырлы органның қатаң бақылауында. Халықаралық іздеу жариялауға арналған материалдар сотқа жіберілді. Сондай-ақ, тексеру арқылы оның нақты қанша қаражатты қалтаға басқаны анықталу үстінде.
Артур Ардавичус - "Дакар" ралли-марафонына бірнеше рет қатысқан Astana Motorsports командасының спортшысы әрі капитаны.