Түркістан облысында «Тұран» деген атаумен жаңа команда пайда болды. Ерекшелігі сол – құрамы тек жергілікті спортшылардан жасақталған. Яғни аймақтағы «Мақтаарал», «Арыс» және «Қыран» сияқты командаларға іріктеу жүргізіліп, ең үздіктері облыс намысын қорғайтын клубқа алынды.
Енді «Тұран» Қазақстан премьер лигасында өнер көрсетеді. Команданы таныстыру барысында оның логотипіне байқау жарияланғаны хабарланды. Яғни оған Қазақстанның кез келген дизайнері мен суретшісі қатысып, өңірдің тарихи-рухани ерекшеліктері мен салауатты өмір салтын ұстануға қатысты бастамаларын бейнелей алады. Еңбектер 10 ақпанға дейін қабылданады.
«1 млрд теңге «Тұран» командасына биылғы жылға әкімдіктен бөлініп отыр. Футболда демеушілер болады. Себебі салыстыра кеткенде көршіміз «Ордабасы» командасының бюджеті 7 млрд теңге, Алматының «Қайрат» командасы 10 млрд, Нұр-Сұлтандағы «Астанада» 11 млрд теңге. Былай айтқанда 3-5 млрд-тан кем команда жоқ. Сондықтан біз де әрекет етеміз», - деді облыстық футбол федерациясының президенті Хаким Көшқалиев.