Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің польшалық Камил Шереметаға қарсы жекпе-жегінде қанша табыс тапқаны жария болды. Boxingscene.com мәліметінше, Головкин бұл кездесуден 7 миллион доллар пайда тапқан.
Айта кетейік, Головкин үшін бұл жекпе-жек DAZN стриминг сервисімен жасалған келісімшарт бойынша 6 жекпе-жектің үшіншісі болуы керек еді. Келісімге сәйкес қазақстандық боксшы 15 миллион доллар алуы керек болған.
Алайда, The Athletic мәліметінше, Головкин мен DAZN Шереметамен жекпе-жекке дейін гонорар сомасын азайтуға келісіп, польшалық боксшымен болатын жекпе-жекті есепке алмаған.
Еске салайық, Головкин мен Шереметаның жекпе-жегі 19 желтоқсанда АҚШ-та өткен еді. Бұл кездесуде орта салмақтағы IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынды. Жекпе-жекте GGG мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Осылайша, Головкин 21-рет титулын сәтті қорғап, аты аңызға айналған америкалық боксшы Бернард Хопкинстің рекордын жаңартты. Ал Шеремета алғашқы жеңілісіне ұшырады.