Қазақстандық файтер Қуат "Найман" Хамитов әлі де дезинфекция жасайтындармен күрес жүргізу қажет екенін айтты.
Мәскеудегі Fight Nights Global 98 турниріндегі жеңісінен кейін ол YouTube-тегі Ресейдің "Ушатайка: Спорт-Экспресс" арнасына ашық сұхбат берді. Спортшы ешкімнен кешірім сұрамағанын, сондай-ақ ұсталғаннан кейін тамақ ішпегені жайлы және неге мұндай ауыр мәлімдемелер жасайтынын айтты.
Еске салсақ, Хамитов коронавирустың таралуы жайлы видео түсіріп, халық арасында қызу талас тудырған болатын. Спортшы дезинфекторларды ату керегін айтып, кейін полиция бөліміне жеткізілді. Бостандыққа шыққан соң спортшы ол видеоның қалжың ретінде түсірілгенін және ешкімді жаппай көтеріліске шақырмайтынын айтты.
"Осы тақырыпты көтергенімде адамдардың көбі мені есінен алжасқан деп ойлады. Бірақ бұл дұрыс нәрсе. Уақыты келгенде адамдар түсіне бастайды. Көбі менің дұрыс айтқанымды түсінеді. Адамдар халықты улайды, сол кезде олар жаппай ауыра бастайды. Сол үшін мен бұл қорлықты тоқтатқым келді. Мен бұл ауруды тоқтатқым келді. Кем дегенде өз елімде. Себебі барлық туысым, достарым екі-үш күнде ауырып қалды. Сондықтан мен бәріне мұны қандай да бір жолмен тоқтау керегін айттым, білмеймін. Көшелерде дезинфекторларды тоқтатып, олар қандай ерітіндімен дезинфекция жасап жатқанын тексеріңіздер дедім", - деп түсіндірді Қуат Хамитов.
Сұхбат барысында Қуат Хамитов екі күндік қамау қалай өткенін баяндады.
"Мен қамауда отырғанда, мүлдем тамақ ішпедім, аш болдым деп айта аламын. Олар маған, әрине, таңғы ас, тамақ әкелді. Бірақ маған олар ұсынған нәрсені жеуге болмайды, өзіңіз білесіз, диета кезінде бәрін жей алмайсың. Ештеңе сұрамадым, мен барлығы сияқты тыныш, бейбіт отырдым", - деді спортшы.
Қуат Хамитов бұл айтқандары үшін кешірім сұрамағанын айтты.
"Мен екі күнде қанша салмақ тастағанымды білмеймін, бірақ сол уақытқа дейін шаршаңқы болдым. Сонымен қатар, мен тәттіні өте жақсы көремін. Сондықтан қанттан бас тартқанда сына бастаймын, "вампирге" айналамын. Осындай видео интернетте тарады. Олар түсірген видеода мені ұрғандай көрінді. Ал шын мәнінде, мен осы сәтте салмақ қуып жүргенмін, шаршаңқы болдым, жекпе-жекке 10-12 күн қалған еді. Соңғы спарринг болып, шаршап тұрғанмын. Сол сәтте олар мені телефонға білдіртпей түсіріп алған және бұл видео тарап кетті. Көптеген адам маған біреуден кешірім сұрағанымды айтады. Мен ешкімнен кешірім сұрамадым. Мен өз сөзімнен таймаймын. Мен сондай-ақ халықты улауды тоқтату керек деп санаймын", - деп түйіндеді ол.