BAIRAQ.KZ - Михаил Кукушкин әлемдік рейтингте жоғарыласа, Дмитрий Баландин Олимпиада ойындарына екінші жолдамасын жеңіп алды. Семсерлесуден команда мүшесі Руслан Курбанов алғашқы сегіздікке еніп, қазақстандық боксшылар Президент кубогі додасын жалпы есебі 29 жүлдемен аяқтады. Аптаның басты оқиғаларын olympic.kz агенттігіне сілтеме жасап назарларыңызға ұсынамыз.
«Уимблдон» турнирінде тұңғыш рет 1/8 айналымға дейін жеңілмеген Михаил Кукушкин АТР рейтингінде ТОП-50 қатарына кірді. Ол үздік теннисшілер рейтингінде 45-ші орынға көтерілген. Дегенмен, бұл Кукушкиннің ең үздік көрсеткіші емес. Сәуірде қазақстандық спортшы алғашқы 40 теннисшінің қатарында болған еді. Будапештте өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан жүлде алған жоқ. Десе де, көңіл қуантатын жаңалық жоқ емес. Шпагадан жекелей сында Руслан Курбанов ширек финалға жетіп, үздік сегіздік қатарына енді. Курбанов 1/8 айналымда басқаны емес, әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрған командаласы Дмитрий Алексанинді 15:7 есебімен ұтты. Ал жартылай финал жолдамасы үшін таласта украиналық Игорь Рейзлинге 12:15 есебімен жол берді.
«Бұл әлем чемпионаты мен үшін сәтті өтті. Алайда, қазіргі эмоциям әлі де түсініксіз. Былай қарасаң, нәтиже жаман емес. Бірақ медаль жоқ. Биылғы маусым мен үшін сәтті өтіп жатыр деп те айта алмаймын. Мен үшін 2017 жылдың орны ерекше. Өйткені, сол жылы Азия чемпионы атанып, әлемдік сында 16-шы орынға тұрақтадым. Десе де, екі маусым да бір-біріне ұқсайды. Негізі, медаль алуды жоспарлағаным рас. Жүлде алу қиын болса да, талпындым. Рейзлинмен өткен кездесудің соңғы жағында сыр беріп, эмоцияға ерік бердім. Мұндай сәттерде қызуқанды болған дұрыс», - дейді Курбанов.
Әлемдік сынды Руслан Курбанов 8-ші, Дмитрий Алексанин 10-шы орынмен аяқтады. Командалық сында қазақстандық шпагашылар ондыққа енді. Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем чемпионатында синхронды жүзуден Қазақстан командасы ондыққа енді. Топтық жаттығуда финалға жолдама алған қазақстандықтар 82.0000 ұпаймен оныншы орынға табан тіреді. Ал техникалық дуэт бағдарламасында Александра және Екатерина Немичтер 15-ші сатыға тұрақтады.
«Өзімізге баға бергенді ұнатпаймыз. Жеке бапкеріміз Жанна Демченко жақсы баға беріп отыр. Бірақ біз бұдан жоғары ұпай күткеніміз рас. Жарыс кезінде ешнәрсе де оңайға соқпайды. Оның үстіне, дуэттен сынға түсетіндер саны өте көп. Чемпионатқа үлкен дайындықпен бардық. Тек еркін бағдарламада өз кезегімізді ұзақ күтіп қалды. Біз 36-шы нөрмімен сынға түскен едік. Нәтиже толықтай көңілден шықты демейміз, бұдан да жақсы өнер көрсеткіміз келеді», - дейді Александра Немич.
Өткен аптаның басты спорттық оқиғасы ретінде елордада өткен Президент кубогі додасын айтуға болады. 13 елдің былғары қолғап шеберлері бақ сынаған жарыс қазақстандықтардың айқын жеңісімен аяқталды. Қазақстан ерлер командасы 18, әйелдер командасы 11 жүлдеге қол жеткізді. Президент кубогі бізге қызықты жекпе-жектер сыйлады. 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев жартылай финалда сүрініп, алтынсыз қалды. Ал 69 келідегі Абылайхан Жүсіпов пен Талғат Шайкеннің және 91 келідегі Василий Левит пен Айбек Оралбайдың тартысы тәжірибенің жастықтан басым екенін дәлелдеді.
Ал бас бапкердің пікірі төмендегідей:
«Турнир жоғары деңгейде өтті. Көрсе көз тоятын жекпе-жектер көп болды. Бұл сында Абылайхан Жүсіпов өз мықтылығын дәлелдеді. Финалда жас спортшы Талғат Шайкенмен кездесті. Шыны керек, Жүсіповтің мықтылығы көзге ұрып тұрды. 75 келіде Тұрсынбай Құлахмет жақсы қырынан танылды. Қамшыбек Қоңқабаев пен Василий Левит те үздіктер қатарында. Әсіресе, Азия чемпионатындағы жеңілістен соң Левитің бабына келгені байқалады. Финалда Айбек Оралбаймен жұдырықтасып, жеңіске жетті. Әрине, Айбек те беріле салған жоқ. Алайда, оған физикалық тұрғыдан әлі дайындық керек. 57 келі және 81 келіде нақты көшбасшы жоқ. Әлі талқылайтын боламыз», - деді команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев.
Апта аяғында Ташкентте каратеден Азия чемпионатының жеңімпаздары анықталды. Қазақстан командасы құрлық додасынан 1 алтын, екі күміспен оралды. Андрей Ақтауов чемпион атанса, Дидар Әмірәлі мен Софья Берульцевалар күміске қол жеткізді. Өкінішке қарай, олимпиадалық рейтингте көш бастап тұрған Дархан Асаділов алғашқы кездесуде ұтылып қалды.
Дмитрий Баландин жүзуден өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына өтіп, Олимпиада нормативін орындады. 100 метрге брасс әдісімен жүзуден іріктеу сынында Баландин өз тобында алтыншы нәтиже көрсетті. Ол аталған қашықтықты 59.56 секундта жүзіп өткен. Осылайша, Дмитрий 100 метрлік қашықтықтағы Олимпиада ойындарына А іріктеу нормативін орындады. Бұл Баландиннің Токио Олимпиадасына жеңіп алған екінші жолдамасы. Әлем чемпионатының жартылай финалында Дмитрий 59.03 уақыт көрсеткішімен алтыншы орын иеленіп, финалға өтті. Ақтық сын бүгін өтеді.
19 шілде мәнерлеп сырғанаудан Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионаттарының күміс және қола медаль иегері Денис Теннің өмірден озған күні. Жанкүйердің Денистен айырылып, аза тұтқанына да бір жыл толды. Десе де, көзден кеткен Денис көңілден кетпеді. Алматыда «Денистің достары» атты әлемдік мәнерлеп сырғанау жұлдыздарының қатысуымен мұзды шоу өтіп, жанкүйерлер чемпионды еске алды.