Ирландиялық жекпе-жек шебері Конор Макгрегор UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедовтың әкесі әрі бапкері Абдулманап Нурмагомедовтың жазылып шығуына тілекші екенін жеткізді. «Абдулманап Нурмагомедовтың денсаулығы үшін дұға етемін. Ол күрестің бірнеше түрінен әлем чемпиондарын дайындады. Ол – нағыз данышпан. Жаңалықты естіп көңілім құлазып отыр. Нурмагомедовтер отбасы үшін дұға етемін», - деп жазды ол.
Хабибтің әкесі әрі бапкері 57 жастағы Абдулманап Нурмагомедов қазір Мәскеудегі әскери госпитальдардың бірінде комада жатыр.
«Абдулманаптың жағдайы өте ауыр, ол комада жатыр. Оны Дағыстанда дұрыс емедемей, асқындырып алды. Оны ұшақпен алып кетті, әскери госпитальға. Жалғыз жатыр, туыстарын жібермейді», - деп жазды дағыстандық басылымдардың бірі.
Бірнеше күн бұрын Нурмагомедовтың пневмония күдігімен аурухана түскені хабарланған. 3-мамыр күні оның денсаулығы нашарлаған соң Мәскеуге жеткізілді.