ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустың жаңа түрімен күресуге мемлекеттік бюджеттен бөлінген 2 миллиард теңгенің қайда жұмсалатыны туралы пікір білдірді.
Қазақстан коронавируспен күреске бөлген 2 миллиард теңге туралы ақпарат – құпия дерек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді.
«Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің емес, Үкіметтің қызметтік қолданыс үшін жасаған қаулысы. Мен айтар едім, оған құқығым жоқ. Жалпы мақсаты – маскалар мен арнайы киімдер, залалсыздандыру қажеттіліктерін қамтамасыз ету, зертханалар мен тепловизорлар жасау. Ол жерде тек медицина қызметкерлері ғана емес, мысалы шекарашылар да жұмыс жасайды. Құпия ақпаратпен бөлісе алмаймын», - деді Елжан Біртанов.
14-ақпан күні Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тізе қосып өткізген брифингте Елжан Біртанов Қазақстанның басқа елдегі ғалымдармен бірігіп, коронавирустың вакцинасын жасауға атсалысатынын мәлімдеген-ді.