2019 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға өсімі 10,4% құрады.
Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру шаралары қаралды.
Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген бағаларды тұрақтандыру жөніндегі шаралар кешеніне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайту, монополияға қарсы шаралармен сауда нарығында келіспеушіліктің алдын алу, бағаны бақылауға қоғамды тарту, электронды сауданы дамыту, тарату инфрақұрылымын құру сынды бірқатар бастамаларды ұсынды.
Үстіміздегі жылдың 15 қаңтарында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің жанынан көтерме сауда және агро логистикалық орталықтар желісін дамыту бойынша жаңа Жобалық кеңсе құрылды, ол апта сайын мүдделі мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының және нарықтың өкілдерімен кездесулер өткізеді.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бізге стратегиялық міндет қойды - қазақстандықтардың кірісі мен өмір сүру сапасын арттыру. Осыған байланысты әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны тұрақтандыру мәселесі өте маңызды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағытта жүйелі шаралар қабылдау жайлы бірқатар тапсырма берді », - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы өткен жылдың қараша айында бағаны тұрақтандыру жөніндегі жұмыста жіберілген кемшіліктер үшін бірқатар әкімдердің орынбасарлары жауапкершілікке тартылғанын еске салды. Желтоқсан айында қабылданған шаралардың нәтижесінде әкімдіктер бағаны ұстап тұруда оң өзгерістерге қол жеткізді. Мәселен, егер өткен жылдың қараша айындағы азық-түлік тауарларына бағаның өсуі 1,1% болса, желтоқсанда - бар болғаны 0,1%.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіруді кеңейту үшін қажетті жағдайларды жасауы керек. Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету ауылшаруашылық өндірушінің субсидия алу кезіндегі міндеттерінің бірі болуы керек», - деп қорытындылады Асқар Мамин.